Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАНДАҒЫ АХУАЛ АЛАҢДАТАДЫ

АУДАНДАҒЫ АХУАЛ АЛАҢДАТАДЫ

Қызылша – елімізде күн тәртібінен түспей отырған мәселе. Жағдай ушықпаса, жақсарып тұрған жоқ. Бүгінгі таңда Шиелі ауданында қызылшамен сыртқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ­ахуал тұрақты емес. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Айтекеева брифингте дәл осылай деді.
Г.Айтекееваның айтуынша, бүгінге дейін 233 науқас қызылша дертіне шалдыққан. Оның 86,7 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Әсіресе, мұнда 1-3 жасқа дейінгі балалардың үлесі басым.
– Қызылша ауруының алғашқы жағдайы 29 наурызда тіркеліп, аурушаңдық бойынша күрделенуі қараша айынан бастап орын алуда. Бұл – ауамен тарайтын, бір басталса қызыл жалындай дес бермейтін дерт. Ауру жұққан науқас саны күн сайын емес, сағат сайын өсетінін ұмытпаған жөн. Негізінен қызылша ­ауруы екпе алмағандардың арасында кеңінен тарап отыр. Санға шағып айтсақ, ауданда 932 бала ­жоспарланып, бүгінгі күнге дейін 807 бала егумен толықтай қамтылды. Бұл 86,6 пайызды құрап отыр. Ал 2-4 жас аралығындағы 5858 бала екпе алуы керек деп жоспарланса, оның тек 2702-сі ғана жоспарлы екпелерін алған, – деді басқарма басшысы.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшадан егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Ең алғашқы вакцинацияны балаларға 12 айлығында, екіншісін 6 жаста жасалады. Егу тұрақты қорғанысты тудырады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егулері жоқтарға, эпидемиологиялық көрсеткіші бойынша 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады.

С.БАХТИЯР
25 желтоқсан 2023 ж. 119 0