Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайы туралы
Бүгінгі таңда Шиелі ауданында қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. Бүгінгі күнге дейін қызылшаның 233 жағдайы тіркелді, оның 108-інің диагноз лабораториялық зерттеу қортындысымен нақтыланған. 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 274,1 құрады. Жалпы ауруға шалдыққандардың 86,7 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар құрады. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалардың және 1-3 жасқа дейінгі балалардың үлесі басым.
Кәсібіне қарай: ұйымдаспаған топ баласы 149 ( 63,9 % ), балабақша балалары – 30 ( 12,8%), оқушылар – 21 ( 9,0% ), студенттер – 3, жұмыссыздар – 21, қызметкерлер – 6.
Қызылша ауруының алғашқы жағдайы 29.03.2023ж ауданымызда тіркелген. Аурушаңдықтың аудан бойынша күрделенуі қараша айынан бастап орын алуда. Алдындағы қазан айымен салыстырғанда аурушаңдық 1,9 есеге ұлғайып, яғни қараша айында 95 жағдай есепке алынып. Жалпы тіркелген аурудың 40,7 пайызын құрады.
Қызылша ауруы ауданның 20 елді мекенде анықталып отыр. Ең жоғарғы көрсеткіш кент орталығында 97 жағдаймен, Бидайкөл елді мекенінде 34 жағдаймен, Жақаев ауылы 18 жағдаймен, Ақмая 14 жағдаймен, Қодаманов, Жансейт елді мекендері 12 жағдаймен аурушаңдық көрсеткішін 13,5-тен – 37,0 дейін жоғарылап отыр. Одан кейінгі орынды Ортақшыл, Н.Бекежанов, Балаби, 21 бекет, Қ-Қайың, Алғабас 4-7 жағдаймен тұрақсыз күйде қалуда. Жалпы тіркелген 233 науқастың 13 жағдайы зертханалық жолмен терістеліп өзгертілсе, 108 нақтыланып, 47 қарым-қатынас арқылы жұқтырып есептен өтіп, нақтыланғаны 112,8 құрады, ал 125 жағдайдың сынамасы жұмыс үстінде.
Қызылша – жедел жұқпалы ауру. Оның негізгі белгілері адамның қызуы көтеріліп, қызылшаға тән теріде бөртпелер пайда болады. Тіпті адамның көзі қызарып, тыныс алу ағзалары зақымдануы мүмкін. Қызылшамен ауырған адам ең алдымен оқшауланып, қоғамдық ортада жүрмеуге мүмкіндігінше тырысу қажет.
Аурудан сенімді қорғанудың бірден бір жолы Ұлттық егулер күнтізбесіне енгізілген қызылшаға қарсы вакцинация болып табылады. Қазір қызылша бойынша елдегі жағдай күрделі. Ауруға шалдыққан балалар саны күн сайын артып келеді.
Қазақстан Республикасының халқының арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуының алдын алу және елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес, ағымдағы жылы 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚКП) қарсы 6-11 айлық балаларға, желтоқсаннан бастап – қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан 2-4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундау шаралары жүргізілуде. Шиелі ауданында қызылшаға қарсы егу шарасына 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы 932 бала жоспарланып, бүгінгі күнге 807 бала егумен қамтылып, қамту пайызы 86,6% құраса, 2-4 жас аралығындағы 5858 бала жоспарланып, 2702 бала егумен қамтылды, 46,1 пайызды құрады.
Қызылшаға қарсы вакцинация – қызылшаны жұқтыруды, сондай-ақ оның асқынуын болдырмайтын жалғыз тиімді құрал. Осыған байланысты ата-аналарды өз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, екпелерді уақытында алуға, сонымен қоса 6-10 айлық және 2-4 жастағы балаларға қызылшаға қарсы қосымша иммундаудан өтуге шақырамыз!
Құрметті ата-аналар! Балаңыз қызылшаға қарсы егілмеген болса, иммундаудан өтуді ұсынамын. Сіздің балаңыздың денсаулығы – Сіздің қолыңызда!
Г.Айтекеева,
Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасы басшысы