Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылшаның екпінін екпе қайтарады

Қызылшаның екпінін екпе қайтарады


Қазақстанның барлық аймағын қызылша дерті дендеп барады. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға алаңдаған Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова мәселе шешілмеген жағдайда кейбір денсаулық сақтау нысандарының қызметін уақытша тоқтата тұру шарасын қарастыру керек екенін айтты. Сондай-ақ демігіп тұрған дертті басу үшін республика көлемінде қызылшаға қарсы жаппай иммундау басталғанын сөз етті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері республика бойынша қызылшаның 13 103 жағдайы тіркелген. Оның 1 854 жағдайы ересектер арасында анықталып отыр. Қазіргі таңда Шымкент, Алматы қаласы мен Жамбыл, Алматы облысындағы ахуал көпті алаңдатуда. Мәселен, Шымкент қаласында 2 283 жағдай, Алматы қаласында 2 217 тіркелсе, Жамбыл облысында 1 605, Алматы облысында 1215 науқас анықталған. Нақты көрсеткішке сәйкес, олардың 70 пайызы немесе 8 866 жағдай екпе алмаған балалардың еншісінде көрінеді. Яғни, министрлік қызылша инфекциясы халық арасындағы вакцинадан бас тартушылардың есебінен артып отырғанын алға тартуда.
Жаман аурудың атын айтпайтын шиеліліктер «Қызыл көйлек» дертінің көбейгенін жоққа шығармайды. Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева аудандағы ахуалды сараптап отырғанын айтты.
– Бүгінгі таңда Шиелі ауданында қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. Қараша айына дейін қызылшаның 132 жағдайы тіркелді, оның 85-інің диагноз лабораториялық зерттеу қортындысымен нақтыланған. Жалпы ауруға шалдыққандардың 86 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі және 1-5 жасқа дейінгі балалардың үлесі басым. Тек балалар емес, бұл ауру ересектер арасынан да анықталуда. Нақтырақ айтсақ, 11 жұмыссыз азамат, 1 қызметкер мен 1 мұғалім қызылша ауруына шалдыққан. Сондай-ақ 95 ұйымдаспаған топ баласы, 9 балабақша баласы, 11 оқушы, 1 студент қызылша жұқпасымен ауырды, – дейді.
Бұл жеңіл-желпі қарайтын дерт емес. Қызылша вирустық инфекция болғандықтан, иммундық жүйесі әлсіз адамдарға және балаларға тез жұғады. Ауа тамшылары арқылы жылдам тарайды. Өкінішке қарай, кейде асқынған дерттің соңы қайғылы аяқталатын жағдайлар да кездеседі. Ауру белгілері байқалса дәрігерге жүгінген абзал. Өйткені қызылша ауруы асқынса ми, өкпе қабынуы орын алады екен.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева қызылша ауруының алғашқы жағдайы 29 наурыз күні тіркелгенін айтады. «Аурушаңдықтың аудан бойынша күрделенуі тамыз айынан бастап орын алуда, алдындағы маусым айымен салыстырғанда аурушаңдық 5 есеге ұлғайып, тек тамыз айында нақтыланған қызылша ауруының 40 жағдайы тіркелді. Қыркүйек айында аурудың саны 21 жағдай болса, ал қазан айында 46 жағдай есепке алынып, жалпы тіркелген аурудың 50 пайызын құрады. Қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайының күрделенуінің негізгі себебі ол – қызылша ауруына қарсы міндетті жоспарлы профилактикалық екпелерді уақытылы алмауы болып отыр. Қызылша ауруына шалдыққан науқастардың 50 пайызы әр түрлі себептерге байланысты қызылшаға қарсы егілмегендер, оның ішінде 22 пайызы ҚР Ұлттық алдын ала егу кестесіне сәйкес егу жасына жетпеуіне байланысты, яғни бала 1 жасқа толмауына байланысты екпе алмаған.
Ал 28 пайызы егу жасы жетіп тұрғанымен, ата-аналардың жоспарлы екпелерден бас тартқанның салдарынан болып отыр» деп толықтыра түсті.
Аурудың алдын алу үшін ақ халаттылар жоспардан тыс екпе салу науқанын бас­тады. Айта кетейік, қараша айының 6-сынан бастап 6-10 ай аралығындағы және желтоқсан айында 2-4 жас аралығындағы балаларға жаппай иммундау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ екпе салынған статусын нақтылайтын құжаты жоқ 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері мен 18 жасқа дейінгі балаларға екпе салу науқаны басталды.
Әрқашан инфекция көзі – ауру адам. Қызылшаға қарсы екпе алмаған ересектерде жұқтыру қаупі өте жоғары және ауру балаларға қарағанда ауыр түрде өтетінін айтады мамандар. Қызылшамен сырқаттанған адам басқаларға бөртпе шықпай тұрып 4 күн бұрын және шыққаннан кейін 4 күн ішінде қауіпті. Ауру инфекция жұқтырғаннан кейін 7-18 күн ішінде дамиды екен. Ауру бөртпе пайда болып басталмайды. Қызылшаның алғашқы белгілері суық тию немесе жедел респираторлы вирусты инфекция белгілеріне өте ұқсас болып келеді. Дене қызуы 38-40 градусқа көтерілу, әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, сонымен қатар коньюктивит-көзі қызарып қабыну пайда болады және де қызылша ауруына тән алғашқы белгі – азу тістердің түбіндегі дақтарды көруге болады. Ал қызылшаның алдын алуда тиімді де сенімді шаралардың бірі – екпе. Сондықтан да екпеден қорқып, үрки қараудың қажеті жоқ. Бүгінгі таңда бұл аурудың кең таралуы екпе туралы жалған ақпараттардың көп таралуынан болып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2022 жылы әлемде 155 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Биыл бұл дерт Қырғызстан, Ресей, Украина елдерінде жиі тіркеле бастады. Қазақстанда соңғы жылдары қызылшамен ауыратындар саны азайған болатын, тіпті кей жылдары ешқандай жұқтыру дерегі тіркелмеген еді. Алайда көктемде Түркиядан Ақтөбеге ұшып келген 6 жасар баладан қызылша вирусы анықталған болатын. Сондықтан эпидемиологтар инфекцияның қауіпті екенін ескертеді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
21 қараша 2023 ж. 123 0