Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ ЖЫЛ ЖЕМІСІН ТАРАЗЫЛАДЫ

АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ ЖЫЛ ЖЕМІСІН ТАРАЗЫЛАДЫ

Жасы 60-тан асқан сала ардагерлері мен этнос өкілдері және қоғам белсенділерінен тұратын ақсақалдардан құралған кеңес мүшелері биыл жыл басынан бері 4 мәрте жиын өткізіп, 10 мәселе қараған. Дені – әлеуметтік салаға қатысты. Сонымен қатар жас­тар тәрбиесіндегі олқылықтың орнын шешуге атсалысты. Денсаулық саласы мен баға нарығының өсу себептерін анықтауға да септігін тигізді.
Өткен аптада аудандық Жастар ресурстық орталығында ақсақалдар кеңесі қоян жылын қорытындылап, алға қойған жоспарларын пысықтады. Қорытынды отырысқа мұрындық болған «Қоғамдық келісім» КММ Шиелі ауданы бойынша этносаралық сарапшысы Біржан Бақтыбайұлы. Айта кетейік, ақсақалдар кеңесіне 14 адам мүше. Жыл бойы кеңес ­отырысында түрлі бөлімдермен қатар, кент әкімдігінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің баяндамалары тыңдалып, жан-жақты талқыға түсті. Одан бөлек тұрғындардың өтініш-тілектері де ескерусіз қалмады.
Кеңес отырысына аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекішев, Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева, аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Жақыпова, «Демеу» спорт клубының директоры Нұрлан Зермұхамедов, «Нартай» өнер мектебінің директоры Мұхамедәлі Бекпейісов, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Гүлжанат Сейтова, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Сұлушаш Мадиярова қатысты. Әдеттегінше бұл қорытынды отырыс­та аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев модератор болып, келелі мәселелерге тоқталды. Кеңес отырысында үш маңызды мәселе қаралды.
Бірінші, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің жұмысы, екінші, мемлекеттік мекемелерддің қысқа дайындығы, жылу маусымы, ал үшінші, қоғамдық кеңестің жылдық жұмыстары талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша аудандық мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Абай Ғани хабарлама жасады. «Аудан өнерпаздары 62 облыстық, 37 республикалық, 19 халықаралық байқауларға қатысып, барлығы І, ІІ, ІІІ орындарды қоспағанда 42 бас жүлдемен марапатталды. Республикалық дәрежеде өткізілген әнші, композитор, тәуелсіздік құрбаны Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығына орай «Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп», талантты актер, қазақтың күлкі керуені көшбасынан орын алатын Мейірман Нұрекеевті еске алуға арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» байқауы мен ән-күй өнері тарихында ең алғаш дауысы граммофонға басылған әнші-сазгер Шолпан Жанболатқызын еске алуға арналған «Сырдың қараторғайы» атты сырнаймен орындаушылардың республикалық фестивальі жоғары деңгейде өтті. «Сырдың қараторғайы» әнінің шығу тарихы мен авторы туралы толық мәлімет Өзбекстан Республикасының мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұр. Бұл құнды жәдігерді алдыру үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті жұмыстар жүргізуде. Осыған орай, мәдениет бөлімі келер жылы дәстүрлі әншілер мен ғалым этногрофтардың қатысуымен «Сырдың қараторғайы» атты ғылыми-танымдық конференция өткізуді жос­парлап отырмыз» деді.
Баяндама жасаушыға кеңес мүшелері өзекті деген спорт кешендерінің жай-күйі, тарихи орындарды кеңінен насихаттау, ескерткіштерді қарау, кітапхананың жағдайы, спорт ардагерлерін дәріптеу, өнерпаздарды қолдау, спектакль қойылымдары, шағын спорт алаңдарының жағдайы туралы сұрақтар қойып, оған сала маманы өз деңгейінде жауап қатты.
Кеңестің екінші мәселесі төңірегенде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Жомарт Баядилов айтып берді. Ол «Жылу маусымына дайындық қызу. Төтенше жағдай орын алған жағдайда да әзір екендіктерін» жеткізді. Қатысушылар тарапынан электр бағаналары, газ мәселесі, қоғамдық көлік пен аудан тұрғындарының жағдайын жақсарту туралы сауалдар қойылып, тиісінше жауап берілді.
Ал үшінші мәселеде аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекішев жыл көлемінде атқарған жұмыстарын баян етті. Білгеніміздей, 16 отырыс өткізіліп, бірнеше мәселе өз шешімін тапқан. Отырыс нәтижесінде хаттама рәсімделіп, тиісті мемлекеттік органдарға мерзімінде орындау үшін ұсыныстар жолданбақ. Осылайша артта қалған жылға есеп беріп, жұмысын қорытындылаған аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшелері келе жатқан ұлу жылына жос­пар құрып, бағытын жүйелеп алды.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
12 желтоқсан 2023 ж. 220 0