Әлеуметтік мәселе әркез назарда
Еңбек ардагерлері, депутаттар мен белсенділерден тұратын қоғамдық кеңес мүшелері өткен жылы 19 мәрте жиын өткізіп, 60-қа жуық мәселе қараған. Дені әлеуметтік салаға қатысты. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың проблемасын шешуге атсалысты. Қайырымдылық, медиация және қоғамдық бақылауды дамытуға да септігін тигізді.
Өткен аптада аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов барыс жылын қорытындылап, алға қойған жоспарларын пысықтады. Айта кетейік, аудандық қоғамдық кеңеске 15 адам мүше. Сондай-ақ қоғамдық кеңесте 7 адамнан тұратын алқа мүшелері бар.
Өткен аптада аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов барыс жылын қорытындылап, алға қойған жоспарларын пысықтады. Айта кетейік, аудандық қоғамдық кеңеске 15 адам мүше. Сондай-ақ қоғамдық кеңесте 7 адамнан тұратын алқа мүшелері бар.
Жыл бойы кеңес отырысында түрлі бөлімдермен қатар, кент әкімі, полиция бастығының баяндамалары тыңдалып, жан-жақты талқыға түсті. Одан бөлек тұрғындардың өтініш-тілектері де ескерусіз қалмады. Мәселен, Зағиптар қоғамының төрайымы Бахыткүл Іргебаева ауданда бір ғимараттан отыратын орын беруді өтінген. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл мәселенің шешімін тауып, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен арнайы бөлме берілді. Сол секілді «Үміт» мүгедектер қоғамдық қорының төрағасы Асылбек Смаилов та оңалту орталығын ашу және қажетті құрал-жабдықтармен көмек беруді сұрап, кеңеске жүгінді. Нәтижесінде қоғамдық кеңестің ұсынысы бойынша «Семізбай – U» ЖШС мекемесі демеушілікпен қол ұшын созды.
Тұрғындарды көптен бері алаңдатқан тағы бір мәселе – ойын орталықтары еді. Нақтырақ айтсақ аудан халқы Т.Рысқұлов көшесі №39 ғимаратта орналасқан «Loto Club» ойынханасының жабылуын талап еткен. Тұрғындардың жан айқайына бей-жай қарамаған қоғамдық кеңес Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбековке халықтың наразылығы жайында өз өтінішін жолдады. Мәселе әлі шешімін толық тапқан жоқ. Дегенмен ойынхана өзінің «жын-ойнақ» жұмыстарын тоқтатып, кәдімгі лото есебінде жұмыстарын жалғастыруда.
Ал Әл-Фараби көшесінің тұрғындары тарапынан түскен көліктердің кіріп-шығуына кедергі келтіретін көше бойындағы қоршау алынып қарсы тұсқа қойылса, одан соң көлік жылдамдығын 60 км/сағатынан асырмау тежегіш белгісі қойылып, теміржол өткеліне заманға сай жөндеу жұмыстарын жасау жөніндегі өтініштері де толық шешімін тапқан. Бұл мақсатта аудандық бюджеттен Әл-Фараби, Ш.Бәкіров көшелері аралығындағы 120 метр болатын теміржол өткелінің орташа жөндеу жұмыстарына 22 млн 956 мың теңге қаржы бөлініпті.
Одан бөлек Ізтілеуов көшесінің тұрғындары электр жүйесінің нашарлығын айтып шағымданған. Бұл да көп кешікпей, жауапты мамандардың ықпалымен оң шешімін тапты. Ал Тоқтаров көшесі тұрғындары көше бойындағы 1 қабатты ескі мектеп ғимаратын бұзу немесе қайта жөндеп пайдалануды талап етті. Қоғамдық кеңес кезекті жиынға ғимараттың иесін шақырып, келіссөз жүргізді. Нәтижесінде көп кешікпей ғимараттың терезелерін салып, күн жылынғасын күрделі жөндеу жүргіземін деген уәдесін алды.
Қоғамдық кеңес тек тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді ғана қарап қоймайды. Өз кезегінде кеңес мүшелері де қоғамдық ахуалды бақылап, түрлі ұсыныстарын жеткізіп отырады. Мәселен, Т.Бабасовтың №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің алдынан бір бағытта жүргізетін белгі қойылса, балаларға қауіпті болмас еді деген өтініші шешімін тапты. Сөйтіп автокөліктердің бір бағытта жүру белгісі қойылды.
Бұдан өзге түрлі бағыт бойынша қоғамдық мониторинг жүргізуде кеңестің назарында. Бұл бағытта өткен жылы Бәйгеқұм көліндегі жазғы демалыс орындарының жұмысының реттілігі тексеріліп, қауіпсіздік шараларының сақталуын зерттесе, қоғамдық тамақтандыру орындарының санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігі, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген іс-қимыл нәтижелері қадағаланып, кеңес мүшелерімен талқыланды.
Осылайша артта қалған жылға есеп беріп, жұмысын қорытындылаған аудандық қоғамдық кеңес мүшелері келе жатқан қоян жылына жоспар құрып, бағытын жүйелеп алды.
Гүлхан ЯХИЯ