Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақбөкен неге киелі?

Ақбөкен неге киелі?

Қолымыз қалт ете қалса, әлеуметтік желіге үңіле қалатынымыз жасырын емес. Журналист бір ақсақалдан сұхбат алып отыр екен. Сөз арасында әңгіме ақбөкен ­туралы болып жатқасын қызықтай қарадым. Ана кісінің айтысына қарағанда, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының азаматы, әкесі де, өзі де шопан болған екен.
Біздің Ыбырай Жақаев атамыздың досы болған, атақты шопан Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың әріптестері болса керек. Ақбөкен туралы әкесі айтқан жас кезіндегі естеліктері өте тартымды шықты. Хабар барысында Әлмырза ағамыздың «Ақсақ киік» әні шырқалып, оның сөзін жазған Алаштың арысы Сәкен Сейфуллиннің де жалынды өлеңі шетінен айтылып, қырылып жатқан түздің киелі тағасы ақбөкендерге араша сұрағандай болды. Ана кісі ағып тұр. «Ақбөкенді атпау керек. Ол қазақ халқына Құдайдың берген несібесі, өріп жүре берсін. Ертеректе ақбөкендер бағып жүрген қойымызға қосылып, бірге жүретін. Әкеміз атқызбайтын. Анда-санда бір текесіне рұқсат беретін деп ағынан жарылды. Сонымен қатар мына жаппай қырудың артында бизнес жатыр, ақбөкеннің мүйіздерін қытайға сатып байып отырған шенеуніктер де, қарапайым браконьер аңшылар да жетерлік. Осыған жол бермеуге тиіспіз.Киелі аңға жанашырлық танытуымыз керек» деп күйіп-пісіп, шыр-пыр болып отырған замандасым қолыма қалам алғызды.
Белгілі қаламгер, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбай «Экософия – ғылым, мағынасы табиғаттың киелі мәніне үңілу деген сөз. Ал экологияға киелі мән сіңіретін нәрсе – иләһи кітап, пайғамбарлар мен әулиелер. Әр аң мен құстың артында иләһи мазмұн тұрмайтын болса, ол жануар табиғаттан оңай жойылады» – дейді. Оған мынадай мысалдар келтіреді. Қаратауда Бабатүкті Шашты Әзіз әулиенің бұлағы бар. Оны жылы бұлақ деп атайды. Бұлақтан жиналған кішігірім көлде балық өте көп. Бірақ оларды ешкім ауламайды. «Әулиенің бұлағы» деп тиісуге қорқады. Одан басқа жердің бәрінде балықты қырып аулап жатыр. Сол сияқты Маңғыстаудың Оғланды тауындағы арқар-киіктерді қараңыз. Емін-еркін жайылып жүреді. Адамнан үркімейді. Жұрт та оларға тиіспейді. Себебі оны Бекет атаның арқары деп біледі. Ал, одан өзге жердегі арқар мен киік адамның өзі тұрмақ, иісі жетсе қашады. Яғни, Оғландағы арқарды сақтап тұрған – Бекет атаның шарапаты.
Санжармен келіспеске шараң жоқ. Жаңағы ақбөкенге қайта оралайық. Соңғы кездері елімізде киік мәселесі күйіп тұрғаннан ауылдың қарапайым қариясы айтып отыр. 2015 жылдары елде киіктерді атуға тыйым салыпты. Сонан бері иен далада еркін жайылған ақбөкендердің саны 2 миллионға жақындапты. 1920 жылдары жойылып кетуге шақ қалған жануарлар туралы арада бір ғасыр өткенде «тым көбейіп кетті», «егінді таптап жатыр» деп дабыл қағуымызға не себеп? Түсініксіз.
Негізінен ақбөкендер Қазақстан, Моңғолия, Қалмақ автономиясын мекен етеді. Оның ішінде ақбөкеннің 95 пайызы біздің елде өмір сүріп келеді. Былтырғы санақ бойынша Қазақстандағы киіктер саны 1 миллион 318 мың делініпті. Бір қызығы бөкендердің Бетпақдала, Үстірт және Орал табындары бір-бірінен жеке-дара жүретін көрінеді. Міне, осыдан Орал топтарының саны күрт өскен. Жайық елінің улап-шулап жатқаны соның себебі шығар. Біз құмды ауылда өстік. Қатты қыс болғанда жарықтық ақбөкендер ауылды, ондағы адамдарды паналайтын. Ауыл көшелеріне топырлап кіріп, қорамызды паналаған ақбөкендерді талай көзіміз көрді. Ботакөздері жәудіреп, мөлдір жанарларынан жас тамып тұрады. Аяп кетесіз. Жануарлар мен аңдардың арасындағы экожүйе бұзылғандай. Ақбөкендерді миллиондап қыратын болсақ, оның ақыры экологиялық апатқа апарары сөзсіз. Сондықтан экология мен табиғи баланс сақталуы тиіс. Меніңше ақбөкеннің зиянынан пайдасы көп. Оның санын реттеу үшін жергілікті тұрғындарға шағын квоталармен аң аулауға рұқсат беру керек. Ақбөкеннің еті деликатес, жұмсақ, дәмді, емдік қасиеттері де бар. Ал мүйізінен дірі жасалады, жатқан бизнес. Бірақ осының бәрі құжаматтамалық түрде заңдастырылғаны жөн. Етін, мүйізін арнайы аңшылық мекемелер экспорттауға да болады. Қанша пайда түсер еді. Бірақ қазіргі таңда Қазақстан халықаралық конвенциялардың, халықаралық ұйымдардың мүшесі екен, бұл ұйымдармен меморандумға қол қойған. Енді саны көбейген киіктерді реттеп отыру үшін 130-ға жуық елдің өкілі мүше осы ұйымның рұқсатын алу керек екен. Ол мәселе де шешіле жатар. Біздің айтпағымыз, сүйкімді түз тағасын қырып-жою әбестік. Киік киелі аң. Ақбөкен неге киелі? Тағы Санжар Керімбайдың жазғанына жүгінеміз. Ол айтады:
– Адам ата жерге түскенде, оның жүзін бір көруге күллі жануар ынтық болыпты. Солардың арасынан алғаш көрген ақбөкен екен. Адам атаны көру үшін Торғай даласынан Жида тауына тоқтамай шауып, жеті күнде жетіпті. Адам ата мен Хауа тау етегіне отау тігіп, тіршілігін бастап жатыр еді. Ақбөкеннің тұяғы тасқа қажалып, шаршап-шалдығып ақ отауға жеткенде сүрініп құлайды. Адам оны көріп, үйіне әкеледі. Аузына інжір жапырағын береді. Мейірленіп тұмсығынан сипайды. Пайғамбардың аялы алақаны тиген соң, киіктің тұмсығына сымбат бітеді. Екі танауы желбіреп, көзі мөлдіреп шыға келеді. Жауырынын саусағымен тарағанда, денесінен жұпар аңқиды. Тұяғына мүбәрак қолы тигенде, қасиет дариды. Желден желгір болады. Мүйізіне мың бір дертке ем болатын қасиет қонады. Пайғамбардың алақаны беліне тиіп еді, ол да құдіретке толады. Буаз кезінде құралайының жынысын қалауына сай өзгерте алатын жануарға айналды. Киіктің арнайы келісіне риза болған Адам ата: – Жануарым, бұйымтайың болса айт! Тәңірден дұға тілеп, мұқтажыңды өтейін, – дейді. Сонда ақбөкен: – Төлдегенде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан қалса, қасқыр шабады. Даланың шөбі төліме ауырлық етіп, қоң жинай алмай қалады. Осыған бір шара болса, дейді көзі мөлдіреп. Адам ата Жаппар Хаққа киіктің арызын жеткізеді. Тілегі заматта қабыл болады. Содан бастап Құдайдың құдіретімен киік төлдер кезде бетпақ далада шыбын-шіркейді шығартпас суық тұрады екен. Бұл «Құралайдың салқыны» деп аталады. Сол мезгілде қасқырдың да жағы қарысып, киікке деген тәбеті тыйылады. Құралайлар (ақбөкеннің лақтары) көшке ілескенше оған жақындай алмайды екен. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шығады. Ол тек ақбөкендер төлдер кезде ғана көгеріп, көктеп, кішкене лақтарға азық болады деседі. Ақбөкен Адам атаны көріп, қолынан жем жеп, мұраты орындалған соң Сарыарқаға қайтпақшы болады. Сол кезде Адам ата оған:
Сахараға сән болып,
Құт пен кие, мән қонып.
Өсіп-өнсін нәсілің,
Бір Құдайға жар болсын.
Аллам өзі қолдасын,
Бар бәледен қорғасын.
Саған зауал келтірген,
Арамзалар оңбасын.
Сайын түзден тап мекен,
Басқа орнасын бақ бекем.
Қу медиен түздерге,
Ырыс дарыт, ақбөкен! – деп батасын берген екен. Осыдан соң, киікке кие бітіп, қасиетті түз тағасы саналыпты. Оны нақақ өлтірген, атқан қаскөй Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар. «Киіктің де киесі бар, Пайғамбардай иесі бар» деп айтылатын сөз осыдан қалыпты. Киелі ақбөкенге арнап күй атасы Құрманғазы Сағырбаев «Ақсақ киік» күйін шығарса, көрнекті ақын Сәкен Сейфуллин «Ақсақ киік» атты өлеңін арнаған. Қызықты деректерге үңілсек, ақбөкендер 2006 жылы «Қызыл кітапқа» енген. Байырғы қазақтар доңыз жылын « қара киік» жылы деп атаған. Доңыз мұсылман үшін арам хайуан. Сондықтан оның атын киікпен алмастырған. Қыркүйектің соңы мен қарашаның басы аралығында келетін суықты қазақта «Киіктің матауы» дейді. Бұл шақта нөсерлеп жауын жауып, ақбөкеннің текелері сасық иісінен тазарады. Сосын үйірге түседі. Мамыр айының орта тұсында болатын суық «Құралайдың салқыны» «Киіктің к... жуары», «Құралайдың желі» деп атайды. Бұл кезде ақбөкендер жаппай төлдеп жатады. Киіктер жыртқыш аңнан гөрі адамның қолынан көп өлім құшады. Әлемдегі киіктің 70 пайызы Бетпақдалада мекендейді. Ертеде табын-табын киіктер жолды кесіп өткенде қарияларымыз былай деп бата береді екен: «Мамырда құралайың егіз болсын, шілдеде еркетотай семіз болсын. Тапсырдық көк тәңір иесіне, қапыда кез келтірме киесіне». 1970-1980 жылдары Қазақстандағы ақбөкеннің саны 2-3 миллионға жеткен. Себебі ол кезде киіктің қасіретін білдіретін аңыздар, өлең-жырлар, күйлер көп айтылатын. Ал 2003 жылы 23 мың ғана ақбөкен қалған. Яғни киіктің 95 пайызы жойылып кеткен. Себебі киіктің киесі, обал-сауабы жайлы әңгіме айтатын қариялар болмаған деп жатады. Сондай жағдай қайталанбасын, кейінгі жастарымыз, ұрпақтарымыз ақбөкеннің киелі аң екенін біліп жүрсін деген мақсатпен қариялық әңгімемді жолдап жатырмын.

Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
12 желтоқсан 2023 ж. 323 0