КӨНЕРГЕН СӨЗ КӨМБЕСІ
Заман жаңарып, техника дамыған сайын тілдік қорымызға жаңа сөздер келіп қосылуда. Бұл заңды құбылыс. Әйтсе де біреудің қаңсығын таңсық қылатын уақыт өткен сыңайлы. Бүгінде көнекөз қариялар болмаса, көнерген сөздерді ескінің естелігінен ғана табатын болдық. Тіпті кейбір сөздерді жастардың жадында сақтамақ түгілі, айтып түсіндіре алмайтын жағдайдамыз. Есті сөздің естен шығып, көнерген сөздің көмескіде қалмас үшін оқырманға ұмыт бола бастаған сөздер тізбегін ұсынбақпыз.
Ләшеңке – үсті себет сияқты тоқылған қорапты арба. Мұны кейде «тырашпан» деп те атайды. Қазіргі жастар біле бермейді. Мұны тек көне сөздерден хабары бар, үнемі кітап, газет-журнал оқитын, қариялар ғана білуі мүмкін. Қойын дәптерге түртіп қоятын сөз.
Ләшеңке – үсті себет сияқты тоқылған қорапты арба. Мұны кейде «тырашпан» деп те атайды. Қазіргі жастар біле бермейді. Мұны тек көне сөздерден хабары бар, үнемі кітап, газет-журнал оқитын, қариялар ғана білуі мүмкін. Қойын дәптерге түртіп қоятын сөз.
Ішік – қазақтың ұлттық киімдерінің маңызды бір түрі. Ішікті қазақ елтіріден, сеңсеңнен, әртүрлі аң терісінен тігеді. Сырты матамен тысталады. Қазақ ұғымында қасқыр ішікті қырыққа толмаған жігіттерге киюге болмайды дейді. Себебі жас жігіттің жастық жалынын, күшін қайтарады немесе ауруға ұшыратады екен.
Сілікпе. Бұрынырақта ет асатын ыдыс тапшы болған соң, қазақтар етті сол сойылған малдың өз қарнына пісіріп жеген. Қарынды бұзбай алып, тазалап жуып, ішіне етті сыйғанынша толтырып, оған мөлшерлеп тұз салады. Сорпа қайнағанда бу шығып тұру үшін қарынның ауыз жағына қуыс қурай немесе малдың екі басы шабылған жілігін шығарып байлап, ет салынған қарынды құмға көміп, үстіне от жағады. Осылай пісірілген «сілікпе» тағамы көшпелі елдердің дәмді асының бірі болған. Қазір сілікпе деп – жігіттердің оңаша бас қосқанда, өздері дайындап жейтін жас малдың етін атап жүр. «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырында да «Сілікпелеп үйге апарып бір жеймін» дейтін жолдар кездеседі.
Ақтүйме – қауын қағы мен талқаннан жасалған дәмді ас. Көбінесе еліміздің оңтүстігінде жиі кездесетін тағам. Бірақ бұл тағам түрі некен-саяқ кездеседі.
Түлей – жапан түз, жалпақ дала, ұшы-қиырсыз қашықтық. Бұл сөзді Махамбеттің «Түлейде түнде жортқан жолбарыстай, Алдырдың қабыланымды қапияда-ай» жыр жолдарынан кезіктіруге болады.
Шілдехана – нәресте дүниеге келгенде жасалатын той. Бұл салтты еліміздің кей жерлерінде «шілделік» деп те атайды. «Шілде» сөзі парсының «чел немесе чиль (қырық)» сөзінен шыққан. Шілдехананың көне атауы «шілде күзет» болған. Мағынасы – туғаннан кейінгі 40 күндік күзет. Яғни анасы мен баласын жын-шайтандардан қырық күн бойы күзету. Сол арқылы жамандықтан, тіл-көзден, сөзден қорғау. Бұдан бөлек жаңа түскен келінді де 40 күнге дейін, әулетке сіңіскенше ешқайда шығармайды. Әсіресе, өлікке бармауы керек. Өйткені жас келінге шілде түссе, бала көтермей қалуы ықтимал.
Өз тілшімізден