СЛЕНГ СӨЗДЕРДІ ЖИІ ҚОЛДАНАСЫЗ БА?
Қазіргі таңда жастар арасында заманауи сөздерді қолдану белең алды. Орыс, ағылшын тілдеріндегі сөздерді араластырып сөйлеу де «модаға» айналды. Әсіресе, ағылшын тіліндегі «ОК» сөзі ең көп қолданылатын сөздердің қатарында. Бұл сөздің ағылшын тілінен аударғанда «бәрі жақсы» деген мағынаны білдіретінін бәріміз білеміз әрі күнделікті өмірде жиі қолданамыз.
Кез келген тілдің лексикасы әдеби және бейәдеби болып екіге бөлінеді. Осы бейәдеби тілге жастардың жаргондары мен сленгтерін де жатқызуға болады. Сленг дегеніміз ағылшынның «slang, jargon» сөздерінен шыққан әлеуметтік диалект. Лингвистердің зерттеуі бойынша, сленг сөздер 13-23 жас аралығында кеңінен қолданылады. Сонымен қатар жастар арасындағы жаргон сөздерден бөлек, әскери, журналистік, қылмыстық сленгтер де бар. Алғашында аталмыш сөздер жасырын топтар арасында, ұйымдардың бір-бірімен қарым-қатынасы құпия ақпараттармен араласу нәтижесінде жүзеге асқан. Кейін жастар арасында қолданысы артып, сәнге айналды.
Кез келген тілдің лексикасы әдеби және бейәдеби болып екіге бөлінеді. Осы бейәдеби тілге жастардың жаргондары мен сленгтерін де жатқызуға болады. Сленг дегеніміз ағылшынның «slang, jargon» сөздерінен шыққан әлеуметтік диалект. Лингвистердің зерттеуі бойынша, сленг сөздер 13-23 жас аралығында кеңінен қолданылады. Сонымен қатар жастар арасындағы жаргон сөздерден бөлек, әскери, журналистік, қылмыстық сленгтер де бар. Алғашында аталмыш сөздер жасырын топтар арасында, ұйымдардың бір-бірімен қарым-қатынасы құпия ақпараттармен араласу нәтижесінде жүзеге асқан. Кейін жастар арасында қолданысы артып, сәнге айналды.
Өзіміз білетіндей, әр өңірдің өзіне тән диалект сөздері,әр мамандықтың өз термин сөздері бар. Сол секілді, сленг сөздер де ғылымға іштей енді. Сленг сөздер дөрекі әрі көңіл-күйді білдіретін сипатта болады. Жастар арасында кеңінен қолданылатын сленгтер қатарына: «Жынды», «базар жоқ», «өшіп қал», «раха», «братуха», «гоу», «сорян» т.б. сөздер қатары жатады. Сонымен бірге, мағынасы әртүрлі сленг қатары тағы бар. Мысалы, «тусовка» сөзін жастар арасында «мерекелік кеш» деп түсінсе, қылмыстық ортада «ұрылардың жиналысы» деген мағынаны береді. Сондай-ақ, «Әке», «Ана» деген қасиетті сөздерді махан, пахан, батя деген жыртық сөздермен жамап жүргеніне қалай көзіңді жұмып қарайсың?..
Қазақтың көркем, әсем сөздері айдаладан қаңғырып келген, қайдан шыққаны белгісіз лақпа сөздермен ластанып жатыр. Кейбір зерттеушілер жаргонды сленгпен байланыстыра қарайды. Сондықтан, сленг ерекше лексика, қызығушылықтары ортақ адамдардың қарым-қатынастарынан туындайтын сөздер деп көрсетеді.
Бүгінгі жастар сленгтер мен жаргондарды әртүрлі себептерге байланысты қолдануы мүмкін: әсер қалдыруы үшін, елден ерекше болу, өзгелер түсінбеу үшін, белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету, кейде әзіл ретінде де айтып жататындары бар. Соңғы уақытта жасөспірімдердің компьютер ойындарымен әуестенуі күшейіп отыр. Бұл да бір компьютерлік сленгтердің пайда болуына алып келеді. Мысалы, ойындағы «ең басты жау» деген ұғымын білдіретін «бродилка», «аркада», «босс» сленгтері пайда болған. Жастардың күнделікті қолданып жүрген сленгтерінде орыс сөздерінің көптеген компоненттері кездеседі. Мысалы: «тормозы ұстап қалды» – бір жағдайдан шешім таба алмай қалды, осыған синоним ретінде «зависать етіп қалды» деген тіркес бар; «типаж болу», «блатной болу» – менменсу тіркесімен байланысты. «Құлаққа лапша ілу» – өтірік айту, «маяк тастау», «гудок тастау» – қысқа ғана қоңырау шалу, т.б. Міне, жаһандану заманында ешбір сүзгіден өтпеген ақпараттар тасқыны ағылып, жастардың көзін тұмандандырып, санасын осындай слэнг сөздер уландырып барады. Оларға төтеп беретін қазақы тіл, ұлттық салт-дәстүр. Бүгінгі жастардың арасында тіл байлығының нашарлығынан дейміз бе, әйтеуір бір сүреңсіз, нәрсіз сөздер өршіп тұр. Оған өздерінше «жаргон ғой» – деп, айдар тағып әлдеқандай болатынын қайтесің...
Енді сол жаргон сөздеріне мысал келтіре кетсек, «дүкенге барсаң тіске басар немесе тамақ ала келші» деудің орнына, «магазиннен сущняк, хавчик ала салшы», «кешкісін қолың бос болса, үйге қонақ болып кет» деудің орнына, «кешке если че, маған қарай тартыл», ал «ата-анаң біле ме?»– деп сұрар болса, «мамка-батялар курста ма?» деген неше түрлі паразит сөздер бар.
Тәрбие мен тәртіп болмаған жерде білім билік құра алмайды. Ал тәрбие, тәртіп отбасынан бастау алады. «Баланы жастан» дегендей, ата-ана жастайынан баланы оқуға, дұрыс сөйлеуге баулуы тиіс.
Болашақ бүгіннен басталады. Қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті арттыра түскенде ғана, тіліміздегі жаргон сынды паразит сөздерінің жойылуы хақ. «Ана тілі дегеніміз – сол тілдің жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана оны аяққа басады» – дейді Ғ.Мүсірепов.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жаргон, сленг сияқты сөздермен тілімізді шұбарлағанша, ата-бабаларымыз қалдырған асыл сөздерімізді қолданатын, еліміздің туын көкке желбірететін азамат бола білейік!
Нұрай АСЫЛБЕКҚЫЗЫ