Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨНЕ СӨЗДІҢ ҚҰНЫ ЖОҒАРЫ

КӨНЕ СӨЗДІҢ ҚҰНЫ ЖОҒАРЫ

Заман жаңарып, техника дамыған сайын тілдік қорымызға жаңа сөздер келіп қосылуда. Бұл заңды құбылыс. Әйтсе де, біреудің қаңсығын таңсық қылатын уақыт өткен сыңайлы. Бүгінде көнекөз қариялар болмаса, көнерген сөздерді ескінің естелігінен ғана табатын болдық. Тіпті кейбір сөздерді жастардың жадында сақтамақ түгілі, айтып түсіндіре алмайтын жағдайдамыз. Есті сөздің естен шығып, көнерген сөздің көмескіде қалуы қалыпты ма? Салмақты сауалға бей-жай қарамауға тырыстық. Сөйтіп осы тақырыпты тілге тиек еттік. Сізде ой түйе отырыңыз, оқырман.
Күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылмайтын, бірақ тілдік сөздік қорында сақталған, көпшілікке түсінікті сөздерді – көнерген сөз деп атайды. Қазақ тіліндегі сөздердің көнеру дәрежесі 3 түрлі. Біріншісі – әбден ұмытылып, қолданыстан бір жола шыққан көнерген сөздер. Мәселен, кірекейді атпа – аю жетім қалады. Мұндағы «кірекей» сөзі аюдың ұрғашысы деген мағына берген. Екіншісі – түбір қалпында жеке айтылмайтын, бірақ белгілі бір туынды сөздердің түбірінде сақталған көнерген сөздер. Мысалы, дардай – дар, алпамсадай – алпамыс, абажадай – абажа, добалдай – добал. Үшінші – жеке сөз ретінде қолданыстан шығып қалғанымен, мақал-мәтелмен фразеологиялық тіркестердің құрамында әлі де қолданыла беретін көнерген сөздер. Мәселен, ұрым мен қырым – алыс, сауға – араша, азар да, безер болу – өтіну, жалыну, түлен түртті – азғыру, адасу. Ал тіл мамандары бұл сөздердің жетімсіреп қалуына қоғамның жаңаша сипатқа енуі емес, өзіміз себепші болып отырмыз дейді.
Қазақ тіліндегі көнерген сөздердің мәселесі жайында ғалымдар Ғабдулла Қалиев пен Әсет Болғанбаевтың «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразологиясы» және Рабиға Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» сынды тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты айтылған. Ендігі жерде бұл сөздер тек кітап беттерінде ғана қалмай, қайта жанданып, қолданысқа енуі үшін жастар жұмыс істеуі қажет.
Иә, сөздер ескірмейді. Тек атау өзгеріп, мағынасы ұқсас балама нұсқасы пайда болады. Тарихсыз болашақ болмайтынын ескерсек, белгілі бір дәуірдің, кезеңнің көрсеткіші бола білген сөздерді ұмытпаған абзал.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
23 қараша 2022 ж. 348 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031