Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жиза», «изи». Жастар тілі деген осы ма?

«Жиза», «изи». Жастар тілі деген осы ма?

Жаргон жиі жаңарады. Яғни, белгілі бір уақыт өткенде бір сөздің орнын басқасы басады. Ал сленг яғни, жаргонды көп қолданатын жастар өздерінің тілдіріне көшіп, сөздік қорларын жаңартады. Соған байланысты бізде қазіргі жастар жиі қолданатын сленг сөздерді теріп, тексеріп, мағынасын жазып шықтық. Қызық болса, сізде оқып көріңіз.
Жиза – орысша «жизнь», яғни «өмір» сөзінің қысқартылған нұсқасы. Жастар оны өмірде кездесетін қандай да бір ситуацияны бастан өткергенде қолданады.
Изи – ағылшынша «easy» деген сөзді оқылуы бойынша қолдану. Ана тілімізге аудармасы «оңай» дегенді білдіреді. Мәселен, Емтихан изи болды. Үй жұмысы изи ғой.
Краш – ағылшынның «сrush» деген сөзінен шыққан, бірақ әу бастағы «бүліну, ұсақтау» деген аударманы білдірмейді. Краш – біреуді сыртынан ұнату, жауапсыз жақсы көру. Жастар көбіне актерларды, әнші-бишілерді «менің крашым Пәленше» деп айтып жатады.
ЛП – орысша «лучшая подруга» дегеннің қысқарған нұсқасы. МЧ – қыздың кездесіп жүрген жігіті (молодой человек), ЛЧ – сүйікті адам (любимый человек). Қазір мессенджерлерде жиі сөйлесетін болғандықтан, ұзақ жазуға ерініп, сөзді қысқартып жазу сән. Ол сөздер келе-келе ауызекі тілге өтіп кетеді.
Хейт – біреуді ашықтан-ашық ұнатпау, оның қаншалық жаман, нашар екенін ауызша немесе жазбаша хабарлау. «Hate» сөзінің аудармасы – өшпенділік. Әдетте, танымал артистердің фанаттары және хейтерлері болады. Мысалы, Димаш Құдайбергеннің фанаты dears, Ninеty One тобыныкі eagles болса, оларды және олардың шығармашылығын ұнатпайтындар хейтерлер болады.
Гоу– ағылшынның «go» деген сөзі. «Кеттік» деген мағынада қолданылады. Бұл сленгіні қолданатындар «гоу» дегеннің өзін ұзақ көріп, оны «го» деп жазады. Біреуді бір жаққа шақырғанда немесе қандайда бір ұсыныс жасағанда қолданады. Мысалы: «Кешке Айдостың үйіне жиналамыз. Го?».
Сорян – «sorry» сөзінің қысқартылған нұсқасы. Кешірім сұрағанда, онда да кешірім сұрау сипатын жұмсарту үшін қолданады.
Ауф– кайф, керемет. Бұл сөз таңданғанда, сүйсінгенде, көңіл қалғанда, мұңайғанда айтылады. Қай эмоция екенін білу үшін интонацияға мән берсеңіз болғаны.
Рили – ағылшынның «really» деген сөзінен шыққан. «Шынымен, расында» деген сөздердің орнына қолданылады. Оған қоса, таңғалғанда да осы сөз сұрақ ретінде қойылады. Мәселен, «Жазда лагерьге бармайтын болдым, ауф, рили?»
Олд – ағылшынның «old» (кәрі) деген сөзінен шыққан. Бірақ ол орыс және қазақ тілдерінде сын есімнен зат есімге ауысып кеткен. «Олд» деп өзінен сәл үлкен адамды да айта береді. Бұл сөзді жеңіл қабылдау керек. 18-дегі досыңыз 19-дағы сізді «олд» десе, ашуланып жүрмеңіз, оны да олд, яғни кәрі санайтын 17 жастағы танысы бары анық.
Инсайд – ағылшынның «inside» (ішкі) деген сөзінен шыққан. Бұл қандайда бір ұйым қызметкерінен келген, тек осы ұйым ішінде ғана қолдануға болатын ақпарат.
Анығында, бұл сөздердің түп-төркіні әлгі ән-биі мол «Тик-токтан» тарап отыр. Желі туралы бірер дерек келтіре кетсек, қолданушылардың 41 проценті – 16 мен 24 жас аралығындағылар. Керек болса, қолданушылар саны 1 айда 1 миллиардтан асқан. Жастар арасында танымал деуге осы статистика дәлел. Жынысына қарай бөлер болсақ, 55 проценті ерлер қауымы екен. Әлемнің 155 елінде 75 тілде таралған. 10 қолданушының тоғызы күніне кемі бір рет бас сұғатын көрінеді. Бұл әлеуметтік желіні жалпақ тілмек «жасөспірімдерге жұққан эпедимия» десек те болатындай. Қазіргі күні Тик-токтың аласы да, құласы да бар. Олай дейтініміз, бұл жерде таным көкжиегін кеңейтуге болатындай, деградацияға ұшырау да оп-оңай. Сондықтан қазір «желіде кімді оқитыныңды айт, мен саған сенің кім екеніңді айтам» дейтін заман.
Уақыт өтіп, жыл жылжыған сайын әлеуметтік желінің түр-түрі шығып жатыр. Бір кездері Periscope-тың сұранысы мол болған. Кейіннен өзекті болмай қалды. Сол сияқты сұрақ жолдайтын ask.fm де келмеске кетті. «TikTok» дәурені қаншалық ұзақ болар екен? Кім білсін?

Сұлушаш МАДИЯРОВА
12 шілде 2022 ж. 753 0