"Пати", "челендж" сөздеріне мұқтажбыз ба?
Соңғы уақытта мерзімді ақпарат мәтіндерінде "домбыра-пати", "бауырсақ-пати", "челендж" деген сөздер қолданыла бастады. Тіпті күннен күнге қолданыс аясы кеңейіп, тілдік қорымызға дендеп еніп барады. Астарына үңілсек, "пати" – думан, ал "челендж" – шақыру деген мағынаны береді екен. Олай болса, біздің "домбыра-думан", "бауырсақ-шаттық" немесе "бауырсақ-береке" деп атауымызға не кедергі?
Сол сияқты, "Абай өлеңдерінен челендж жолдады" деген сөйлемді "Абай өлеңдерінен жыр-лебіз жолдады" деп құруға болмай ма? Бұл орайда жастардың ойын білсек, басым бөлігі кірме сөздерден қорықпауымыз керек деген түсінікте екен.
Рас, кей жағдайда кірме сөздерді қабылдауымызға тура келеді. Мысалы, сол сөздің тура мағынасын беретін басқа балама сөз болмаса, кірме сөзді сол күйінде қабылдауға мәжбүр боламыз. Алайда бір емес, бірнеше синоним сөздері бар сөзді қабылдаудың қаншалықты қажеттілігі бар? Жоғарыда айтып өткеніміздей, "пати", "челендж" сияқты ағылшын тіліндегі сөздерге соншалықты мұқтажбыз ба? Мәселен, өз басым қазақтың ұлттық коды санатындағы "домбыра", "бауырсақ" сөздерін шетелдің "патиімен" байланыстырып қоюды мүлде қабылдай алмаймын. Рас, тіл дамуы керек. Бірақ солай екен деп шетелдік сөздерді таразылап, талғамай қабылдай бергеніміз тағы жөн емес.
Егер бүгінгі таңда осылай бей-жай қарайтын болсақ, күндердің күні болғанда "пати" - пәти, "челенж"- шеленжі деп қазақтың сөзіне айналып кететіні анық. Енді ойлап қараңыз, пәти – думан, шаттық деген мағынадағы қазақ сөзінің қорына енеді. Бұлай кете берсе, шұрайлы тілімізді шұбарлап, сиқын кетіріп, сынын бұзып аламыз-ау деген ой мазалайды. Онсыз да басынан "бағы тайып" тұрған ана тіліміздің болашағына аса жауаптылықпен қарағанымыз жөн болар еді.
Ғазиза ӘБІЛДА
Сыр бойы газеті