ЗАУЫТТАҒЫ 20 ЖЫЛ
Күннің алғашқы сәулесі зауыттың биік мұнараларына түсе бастағанда, Жалын Өркенұлы жұмысына дайындалады. Ол өнімді ерітінділерді өңдеу учаскесінде аппаратшы қызметін атқарады және бұл оның тек жұмысы емес, бірнеше онжылдық тәжірибесімен қалыптасқан шеберлік, жауапкершілік пен мұқият істің көрінісі. Әр тамшы ерітіндіде, әр қозғалыста оның кәсібилігі сезіледі. Себебі бұл зауыттағы әр процесс дәлдік пен шыдамдылықты талап етеді.Жалын осы уақытқа дейінгі тәжірибесін еске алып:
– Әрине теорияны оқып, оқу залында тәжірибе жасау менімен бірге жүрген, бірақ зауыттағы нақты процесс мүлде басқа. Алғашында әр қозғалысқа күмәнмен қарағаным, әр қадамда қатемен кетемін бе деп уайымдағаным есімде. Бірақ уақыт өте келе, тәжірибе жинақталып, әр әрекет жүйеге түсе бастады. Енді мен үшін әр тамшы ерітінді – тек химиялық процесс емес, оның артында менің бақылауым, менің тәжірибем және әріптестерімнің қауіпсіздігі жатыр. Мен әр сорбция, әр жуу немесе десорбция кезеңінде барлығын жеке бақылап, ешқашан асықпаймын. Өйткені бір сәттік абайсыздық өнімнің сапасына әсер етуі мүмкін. Жұмысымды мен үшін қызықты әрі маңызды ететін нәрсе – тек техника немесе химиялық реакциялар емес, адамдармен жұмыс істеу. Біз әрбір әріптестің қауіпсіздігіне жауаптымыз. Бұл жерде әр адам маңызды, және олардың өмірі мен денсаулығы біздің ең басты құндылығымыз. Әрбір операцияны орындағанда мен тек процесс туралы ойламаймын, сонымен бірге табиғаттың да қауіпсіздігіне мән беремін. Осы екі жауапкершіліктің тепе-теңдігін сақтау – мен үшін ең үлкен сын және сонымен бірге мақтаныш. Жиырма жыл бойы осы зауытта жұмыс істеп, мен бір нәрсені түсіндім: шынайы кәсібилік – тек техника мен тәжірибеден емес, адамдық қасиеттерден, сабырлық пен мұқият істен келеді. Әр күн – жаңа сынақ, әр процесс – өзімді сынайтын мүмкіндік, – деді.
Жалынның еңбегі көрінбейтін болса да, нәтижесі айқын: зауыттағы процестер тұрақты, өнім сапалы, әр операция сенімді. Бұл жұмыс оның шеберлігін, тәжірибесін және адамгершілігін көрсетеді. Әр тамшы ерітіндіде сезілетін адал еңбек – зауыт үшін үлгі, кәсіби беріліс пен шынайы жауапкершіліктің белгісі. Осылайша, Жалын үшін жұмыс тек табыс көзі емес, өз ісіне деген махаббат пен кәсібиліктің, тәжірибенің көрінісі.
Айнұр ИБРАШЕВА







