БОЛАШАҚҚА НАҚТЫ ЖОСПАР ҚҰРА АЛАДЫ
«Семизбай U» ЖШС нің «Иіркөл» филиалы – Шиелі ауданындағы негізгі жұмыс берушілердің бірі. Уран өндіру кәсіпорнында 200-ден астам адам еңбек етеді. Мұнда бірнеше өндірістік учаске бар, ал өнімді сұйықтарды қайта өңдеу цехы (ӨСҚӨ) өндірістің нағыз «жүрегі» деуге болады.Цехта еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде учаске қызметкерлері бірнеше рет «Еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы үздік бөлімше» номинациясында жеңіске жетті. Цех қызметкерлері қоршаған ортаны ластаудың тәуекелін азайту, өндірістік қауіпсіздікті арттыру және өндірістік технологияларды оңтайландыру шараларын іске асыруға үлес қосты. Өндірісте алдыңғы қатарда жүргендер қатарында аға шебер Мұратбек Бегайдаров, шебер Дархан Әбілдаев, аппаратшылар гидрометаллургтар Қайрат Шамшиев, Бақыт Ибраев, Абзал Өтепбергенов, Александр Отлетов, Болатбек Сейткұлов. Ержан Бөлекбайлар бар. Бұл жерде тұрақты негізде 30 маман жұмыс істейді. Олардың барлығы жергілікті тұрғын. Әр ауысымда үш аппаратшы гидрометаллург пен бір шебер қызмет атқарады. Барлық үдеріс толығымен автоматтандырылған және басқару орталығынан үйлестіріледі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚның бизнесті трансформациялау бағдарламасы аясында «Цифрлы кеніш» деп аталатын ақпараттық жүйені іске қосты. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде датчиктерден, аспаптардан және жабдықтардан ақпарат жинап, талдауға мүмкіндік береді, уран өндіру барысында қолданылатын химиялық реагенттердің көлемін қашықтан бақылап, реттеуге жол ашады және уран өндірудің бүкіл технологиялық кезеңін толықтай модельдейді. Өндірістік процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі уран өндіру мен өңдеудің негізгі және қосалқы үдерістерін жоспарлау, есепке алу, бақылау және оңтайландыру міндеттерін шешуге арналған. Ақпараттық өзара іс-қимыл «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Ситуациялық орталығымен (СИО) жүзеге асады. Иіркөл кенішінің өнімді ерітінділерді қайта өңдеу цехының бастығы Талғат Машрапин бізбен әңгімесінде «Цифрлы кеніш» жүйесі жұмыс уақытын тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретінін айтты. – Мысалы, ұңғыма өнімділігі техникалық регламенттен ауытқиды. Демек, өндіру деңгейі төмендейді. Бұрын бұл жағдайды қалай білетінбіз? Күн сайын кешке қолмен қағаз журналға жазылатын мәліметтер Excel кестесіне енгізіледі. Одан кейін бұл деректерді технолог талдайды, тек содан соң ғана мәселе туындаған ұңғыма анықталып, жөндеуге жіберіледі. Бұл бүкіл процесс көп уақытты алады, ал осы уақыт ішінде ұңғыма төмен өнімділікпен жұмыс істей береді. Бірақ шығындар сол деңгейде қалады. Ал «Цифрлы кеніш» жүйесі өндіріс технологиясын дәл осы сәтте қадағалауға мүмкіндік береді: қышқылдандыру нормалары, ерітінділердің көлемі, қосалқы бөлшектерді уақтылы ауыстыру және жабдықтарды жөндеу. Ұңғымада ақау барын біз бірнеше сағат ішінде білеміз, ал жөндеу жұмыстары бір-екі күн ішінде орындалады. Цех мамандары барлық өндірістік процесті уақтылы бақылап, дәлірек болжамдар жасап, болашаққа нақты жоспар құра алады, – деді ол. Сондай-ақ, «Цифрлы кеніш» жабдықтардың жүктемесі туралы ақпаратты орталықтандырылған түрде жинауға мүмкіндік береді. Бұл болашақта оны барынша тиімді пайдалануға жол ашады. Бағдарлама аясында технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі де енгізілуде. Оның көмегімен тек бір ғана монитор арқылы бүкіл өндірістік процесті – уран құрамындағы ерітінді ағындарын, реагенттердің шығынын, электр энергиясын, су мен ауаны тұтынуды, дайын өнімнің есебін бақылауға болады. Қызметкерлер кәсіпорын аумағын абаттандыруға да белсенді қатысады. Мысалы, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында олар әртүрлі ағаштың 200 ден астам көшетін отырғызды.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
суреттер автордан








