ҮМІТ ПЕН КҮДІК АРАСЫНДА…

Білім беру жүйесі әлі күнге дейін практикалық дағдыларға емес, көбінесе теорияға негізделген. Университеттерде оқытылатын пәндердің көпшілігі еңбек нарығында нақты қажеттіліктерге жауап бермейді. Мұны өз тәжірибемде де байқадым. Мысалы, менің достарымның көбі экономика немесе филология сияқты дәстүрлі мамандықтар бойынша білім алып, бірақ өздерінің дипломдары бойынша жұмыс табу қиын екенін айтады. Бұл жүйеде жастардың тек теориялық білімін дамытуға көбірек көңіл бөлінген, ал қолданысқа ие дағдыларды дамыту, яғни шынайы жұмыс тәжірибесі жоқ. Мәселен, қазір таңда IT саласында жоғары білім алған жастар көп, алайда олардың көпшілігінің нақты жобалармен жұмыс тәжірибесі болмағандықтан, жұмысқа орналасу қиын. Жастар жұмысқа кіріспес бұрын өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтайтын бағдарламалар қажет. Жұмыс орындарының тапшылығы да мәселе болып отыр. Тағы да мысал келтіріп көрейікші. Менің таныстарымның бір бөлігі журналистика мамандығын оқып шықса да, журналистік тәжірибе жинай алмай, басқа бағыттарда жұмыс істейді. Бірақ олардың айтуынша, цифрлық журналистикаға деген сұраныс өсіп келеді. Бұл – мамандықтың уақыт ағымына сай болмауының нақты айғағы.
Жас маман неге жұмыс таппайды?
Еркебұлан Қалдыбеков , экономика мамандығының түлегі: – Дипломым бар, бірақ жұмыс табу қиын. Себебі жұмыс орындарының көбі тәжірибесі бар мамандарды ғана қабылдайды. Ал жас түлекке тәжірибе жинауға мүмкіндік берілмесе, біз қалай дамимыз? – деді ойлана. Бұл пікір жалғыз Еркебұланның ғана емес, мыңдаған жас түлектің ортақ шағымы. Қазіргі еңбек нарығы тәжірибесі жоқ жас маманға есік ашуға құлықсыз. Университеттен шыққан студент бірден жұмыс тәжірибесімен келмейтіні белгілі. Дегенмен жұмыс берушілер дәл осы тәжірибенің болмауын басты кедергі етіп, жас мамандарды айналып өтеді.
Білім бар, бірақ өмірге бейімделмеген
Жастар тек жұмыс таба алмай жүрген жоқ. Олардың көбі өзі оқыған мамандығы бойынша мүлде жұмыс істемейді, өйткені алған білімі еңбек нарығында сұранысқа сай келмейді. Нұрай Қылышбай, диплом алған соң бағытын өзгерткен жас: – Өз мамандығым бойынша жұмыс таппадым. Ақыры цифрлық маркетингке ауыстым. Университеттегі білім өмірге бейім емес. Шын мәнінде табыс табу үшін өз бетіммен қайта оқып, дағды үйренуге тура келді, – деді күрсіне. Бұл жерде мәселе – білім беру жүйесінің нарықпен үндеспеуінде. Университеттер студентті нақты жұмысқа емес, тек диплом алуға дайындайтын сияқты. Сондықтан да Нұрай секілді жастар өз бетімен жаңаша білім іздеп, басқа салаға ауысып жатады.
Аймақтық теңсіздік – жас мамандардың басты қиындығы
Қалалар мен ауылдар арасындағы әлеуметтік және экономикалық айырмашылық та жұмыссыздықтың себебіне айналып отыр. Бұл жөнінде техникалық маман Нұрболаттан сұраған едік. Ол былай жауап берді. –Ауылда жұмыс жоқ. Қалада сұраныс бар, бірақ оған көшу, үй жалдау, жаңа өмір бастау оңай емес. Диплом алғанмен, қолданатын орта болмаса, білім де далада қалады, – деді ол. Бұл сөздер ауыл жастарының күйін дәл сипаттайды. Елдің даму деңгейі тең болмаса, жұмыссыздық тек қалаға шоғырланып қоймай, ауылды тастап кету үрдісін тудырады. Салдарынан – қалада жұмыссыз жастар көбейіп, ауылдар мамандарсыз қалады. Бұл пікірлерден байқайтынымыз, бүкіл жүйені кешенді түрде қайта қарау қажет. Тек жастарды кінәлау – оңай. Негізгі себептер – кәсіби бағдардың жоқтығы, еңбек нарығына бейімделмеген білім беру, тәжірибе талап етілетін, бірақ берілмейтін жүйе, еңбек жағдайының төмендігі, шетелге кетуге итермелейтін ішкі тапшылықтар. Хош делік. Енді не істемек керек?
Тілші түйіні: Жастардың еңбек нарығына кіре алмай жатуы – бұл жай ғана жұмыссыздық емес. Бұл – болашаққа деген сенімнің әлсіреуі, қоғамдағы теңсіздік пен жүйедегі кемшіліктің көрінісі. Біз не көріп отырмыз? Университет бітірген жас маманнан жұмыс беруші тәжірибе сұрайды, ауылдан шыққан жас жұмыс орнын емес, қалаға көшу мүмкіндігін іздейді, білім алғанымен, нақты дағдыларды меңгермеген маман өзін шетте қалғандай сезінеді, ал кейбірі білімін қолданар орын таппай, мамандығын мүлде ауыстыруға мәжбүр болады. Бұл жерде мәселе жастарда емес. Мәселе – оларға сенбеген қоғамда, дайын емес жүйеде, бір-бірімен байланыспаған білім мен нарықтың арасында. Жастардың білімі – елдің байлығы. Бірақ ол байлық жұмыссыз жүргенде құнсызданады. Диплом – бәсекеге қабілеттілік кепілі болу керек еді. Ал бізде ол көбіне қолда бар, бірақ іске аспайтын құжат сияқты қабылданып барады. Сол себепті дәл қазір қоғамға да, мемлекетке де, білім беру мекемелеріне де, жұмыс берушілерге де бір сұрақ қою керек: Біз жастарға тек диплом бердік пе, әлде өмірлік жол аштық па? Егер біз осы сұраққа шынайы жауап іздесек, онда «дипломы бар, жұмысы жоқ» деген тіркес болашақта тек өткеннің елесі болып қалады.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ