Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер зауыт жұмысымен танысты

Ардагерлер зауыт жұмысымен танысты




Сенбі күні аудан әкімі Әшім Оразбекұлы өңірдегі бірқатар ардагерлерді «Гежуба Шиелі цемент» зауытының жұмысымен таныстыру мақсатында алып зауытқа ат басын тіреді. 80-ге жуық қариялар мен өңір басшысын «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС-ның бас басқарушысы Ли Цзиньцин мен қызметкерлер қарсы алып, кәсіпорынның қыруар тірлігімен таныс­т­ы­р­д­ы. Зауыт директоры келушілерге әуелі алғысын айтып, кейін компанияның құрылу барысы туралы айтты.

– 2014 жылдан бастау алған жұмыс бүгін өз нәтижесін беріп отыр. Біз сол жылы алғашқы келісім шарт жасаған болатынбыз. Ал екі жылдан кейін заңды түрде компанияны тіркедік. 2016 жылдың қазан айында сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен зауыттың құрылысын бастадық. Зауыттың жобалық құны – 64 млрд теңгені құрайды. Жылына 1 млн тонна цемент өндіретін қуаты бар. Оның 300 мың тоннасы тампонажды цемент болса, 700 мың тоннасы кәдімгі портланд цементі. Қазіргі таңда 260 адам жұмыс істейді. Оның 48-і Қытай елінде арнайы оқудан өтті. Ал 80 маманды қытайлық инвесторлар Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде даярлады. Жастар Қытайда оқып қана қоймай, серіктес елмен тату жүріп, достық қарым-қатынаста араласып кетті, – деді зауыт директоры.
Орайы келгенде айта кетейік, зауытта бүгінде жұмыс істеп жатқандардың дені аудан азаматтары. Ал аспан асты елінен небәрі 50-ге тарта азамат бар. Содан кейін зауыттың экологияға және тұрғындарға зауалын тигізбейтінін тілге тиек етті. Ол сөз арасында осы салада 32 жыл жұмыс істеп келе жатқанын айтып, әр кешенді өзінің баласындай қабылдайтынын жеткізді.
– Бұл менің салған сегізінші кәсіпорным. Қазір «Гежуба Шиелі цемент» зауыты менің балам сияқты. Ол – әлі нәресте қалпында. Сондықтан бүгінгі таңда оны жан-жақтан келетін соққыдан, сөздер мен кедергілерден қорғау керек. Маған бұл тұрғыда сіздер де көмектессеңіздер екен. Ағайын-туыс пен достарыңызға «зауыттың жұмысы жүйелі және экологиялық талапқа сай» деп айта жүрсеңіздер. Шынын айтқанда бұл менің ғана емес, сіздердің, Шиелінің, бүкіл Қазақстанның баласы, – деп көнекөз қарияларға өз өтінішін білдірді.
Компанияның тарихымен танысып болған соң ардагерлер зауыттың ішіне кіріп, цементтің дайындалу барысын компьютерден көрді. Осы орайда орталық басқару пультіндегі инженер Табиғат Әбеков өз жұмысы жөнінде ақпарат берді.
– Зауыт арнайы техникамен жабдықталған. Ішке қандай тауар кіргенін, сыртқа не шыққанын, барлығын бейнекамерадан бақылап отырамыз. Егер қандай да бір түйткіл болса, рация арқылы хабарлап, арнайы мамандарды жұмылдыру арқылы жұмыс істейміз. Бізге зауыттағы әр құрылғы көрініп тұрады. Мәселен, мынау айналмалы пеш. Мұны – зауыттың жүрегі десек болады. Пеш 1450 градусқа дейін қайнайды. Міне, осының барлығын тек техникамен тексеріп отырамыз. Негізгі жұмыс уақытымыз – 12 сағат. Ауысыммен жұмыс істейміз. Алайда зауыттың жұмысы 24 сағат тоқтамайды, – деді өз ісіне жауапты маман.
«Мың рет естігеннен, бір рет көр» демекші, кәсіпорын жұмысын көзбен көрген қариялар мекеме директоры және аудан әкімімен бірге мәжіліс залына жиналды. Онда Әшім Оразбекұлы: «Зауыттың қазіргі жұмысы жақсы екенін өздеріңіз байқадыңыздар. Барлығы соңғы үлгідегі заманауи техникамен жабдықталған. «Гежуба Шиелі цемент» зауы­ты қазір жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, 11 кіші кәсіпорынның кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұдан бөлек зауыт алдағы уақытта аудан үшін игілікті істерді де қолға алады. Нақтырақ айтқанда, зауыттың айналасын көгалдандыру жұмысымен айналыспақшы. Демек бізге зауыттан сескенетін негіз жоқ. Экологиялық жағынан да, жұмыспен қамту тұрғысынан да барлық жағдай жасалған», – деді. Аудан әкімінің сөзін әрмен қарай цемент зауытының директоры жалғастырды.
– Зауыттың бір қалыпты жұмыс істеп тұрғаны қуанарлық жағдай. Тек біздің қиналатын тұсымыз – тіл мәселесі. Қытайлықтар мен қазақтар бір-бірін жете түсінбейді. Сондықтан жұмыстың қарқыны сәл баяулайды. Бірақ біз оның да шығу жолын қарастырып жатырмыз. Ешкімге қытай тілін үйрену керек деп талап қоймаймыз. Тек қытай тілін меңгерген қазақтарға ынталандыру сыйлықтарын ұсынамыз. Егер екі жақ бір-бірін ұғынып іс атқарса, жұмыс әлдеқайда нәтижелі болады, – деп Ли Цзиньцин өз сөзін түйіндеді. Ал ардагерлер зауыт жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
06 тамыз 2019 ж. 626 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930