Жастардың жазғы демалысы
Алуан бояуын ақтарып келген жаздың ортасына да жеттік. Тура бір айдан кейін балалар мектебіне жол тартса, студенттер артынып-тартынып білім алатын шаһарына беттейді. Олар жаз бойы серуендеді, көңіл көтерді, миын тынықтырды. Арасында ғаламтордың ғаламынан шыға алмай уақыттың зырғып өткенін байқамай қалғандары да бар. Төрт млн-ға жуық жастардың әрқайсысы жазғы демалысын әрқалай өткізеді. Біреу үшін бұл уақыт сансыз қызықтардың мезгілі болса, біреу үшін тыңбай еңбек етіп, қыстың қамын жасайтын кез.Маусым айынан бастап-ақ мейрамханаларда зыр жүгіріп жүрген жастардың қарасы қалыңдайды. Орталық базарда да сол бейне. Дүкенде, дүңгіршекте, кафеде, әйтеуір не керек жастар жазда қол қусырып жатпайды. Оның үстіне қазір студент жастарды маусымдық жұмыспен қамту үшін арнайы еңбек жасағы құрылған. Соның бірі – сансыз жасты еңбекке баулитын «Жасыл ел» еңбек жасағы. Бұл жасақты білмейтін адам кемде-кем шығар. Айналаның таза әрі көркі көз тартатындай сұлу болуы үшін тер төгетін жастарды күніге көзіміз шалады. «Жасыл ел» биыл да жолынан жаңылмай 100-ге жуық жасқа жұмыс тауып, жалақы беріп отыр. Бұл аудан үшін де, өз нәпақасын тапқысы келетін жас үшін де сәтті жоба.
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің аға кеңесшісі Нұрсұлтан Сапарбаевтың айтуынша биыл «Жасыл ел» жұмысы шілде айынан басталған. Әдеттегідей 100 жасқа арнайы квота бөлініп отыр. Жұмыс істеуге ниетті жасөспірім үшін форма және жалақы беріледі. Сонымен қатар аға кеңесші «Жасыл ел» еңбек жасағында студенттердің көп екенін тілге тиек етті. Осыған қарап өзге қалаға оқу-білім қуалап кеткен жандардың қолдан келгенше қарманып жатқанын байқаймыз. Әрине, кез келген адамның жастайынан жауапкершілікті сезініп, екі қолға бір күрек ұстағаны ұнамды іс. Бірақ Шиелі ауданында небәрі жүз жас емес қой. Демек өзге жеткіншектер жаз бойы немен айналысатынын білмей дел-сал күйде жүр немесе әрқайсысы жалдамалы жұмысшының кейпін киюде. Осы орайда Шиелі КТА ойындарының директоры Мақсат Әбудің пікірін білген едік. Ол:
– Қолдайтын кісі болса аудан орталығында көптеген іс-шара өткізуге болады. Қазіргі таңда жастар тек суға түсумен және PS4 ойындарын ойнаумен уақытын өлтіріп жатыр. Орталық алаңда неге ұлттық ойындарымызды ойнатпасқа. Біздің жастар өте белсенді. Оны біз КТА ойындарына ағылып келгенінен байқаймыз. Барлығы жадырап, бір сергіп қалатынын да көреміз. Қазір біз осыны қолға алудамыз. Жаз мезгілінде жазғы кубокты ұйымдастырдық, енді тамыз айында орталық алаңда үлкен ойын өткізу ойда бар, – деп ағынан жарылды.
Иә, кеш қарайса болды орталық алаңда жастар жайғасып отыра кетеді. Орталық алаңның қызығы басылған соң гөй-гөйлеп түнгі клубқа тарта жөнеледі. Осындай көріністі көріп жүріп жаз тек балалар үшін қызықты маусым екен ғой деп тұжырым жасауына тура келеді. Ал «Жастар ресурс орталығы» КММ аға кеңесшісі Нұрсұлтан Аманғалиұлы жастар үшін думанның әлі алда екенін айтып отыр. Яғни 12 тамыз – жастар күніне орай әр түрлі шара ұйымдастырылмақшы. Ұлттық ойындар, домбыра пати, асық ату, қысқасы әуелеген ән мен мың бұралған би жастар күнінде төбе көрсетеді. Бұдан бөлек белсенді әрі жұмыссыз жастардың бір бөлігі тынығу лагеріне жол тартпақ.
Сонымен қатар ауданда «Достар әлемі» еріктілер тобы құрылған. Бұл да бірлі-жарым дәтке қуат. Өйткені топтың құрамындағы жастар жазғы уақытта ғана емес жылдың кез келген мезгілінде уақыттарын тиімді пайдаланады. Олар қауқары кеткен қарттарға, жетім-жесірлерге және тұрмысы төмен отбасыларға көмектеседі әрі жетістікке жеткен жандармен жүздесіп отырады.
Кез келген мемлекеттің қозғаушы әрі белсенді күші жастар екенін осы уақытқа дейін айтып келдік. Н.Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жарияланғаны, сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оныншы бағытты жас ұрпаққа арнағанынан барлығы хабардар. Осы ретте жастар жылы жаңаша бағыт алып, тың дүниелер көрініс тапса деген бұйымтайды айтқымыз келеді. Ел ертеңі саналатын ұрпаққа 12 тамызда ғана емес, 12 айда да назар аударып, белсенділігін арттыратын шаралар ұйымдастырылса игі.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА