Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дерттің 24 дерегі тіркелген

Дерттің 24 дерегі тіркелген

ХХ ғасыр обасының ең көп дерегі аудандар арасында Шиеліде тіркеліп тұр. Мәселен, Шиеліде 24 адам дерт жұқтырса, көршілес Жаңақорған ауданында 23, Арал 16, Қармақшыда 13, Қазалыда 20 адамнан сырқат анықталған. Қызылорда қаласының өзінен 144 адам індет жұқтырып отыр. «Адам қорқатын бұл статистика жыл сайын артпаса кемімей тұр» дейді аудандық спид бөлімінің басшысы А.Сәдуақас.
ЖИТС – иммундық қуаттың әлсіреуінен пайда болатын жұқпалы ауру. Өкінішке қарай, бұл қатерлі аурудың емі жоқ. ЖИТС-ке шалдығу – өлім жазасына кесілгенмен бірдей. Тек қолдан келетін бір ғана шара – ол аурудың алдын алу. Осы тұста, сәрсенбі-бейсенбі күндері аралығында Бидайкөл ауылының мәдениет үйінде «1 желтоқсан – ЖИТС-ке қарсы күрес» күніне орай акция өтті.
Іс-шараға аудандық емханасының эпидемиолог дәрігері Ж.Шохаева, жастар денсаулық бөлімінің дәрігері Л.Аширова, әлеуметтік қызметкер Ж.Нұрбаева, аудандық спид бөлімінің басшысы А.Сәдуақас және бөлім мамандары мен «Бидайкөл» амбулаториясының аға дәрігері Н.Ибрагимова, амбулаторияның аға аяжаны Г.Досжанова мен бірқатар сала мамандары қатысты.
Акция барысында ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың Шиелі ауданындағы филиал меңгерушісі Анапия Якудаұлы сөз алып, аталған ауру жайында тереңірек тарқатты.
– Спидке қарсы күрес күніне орай іс-шаралар әлем бойынша ұйымдастырылып тұрады. Соның ішінде елімізде түрлі шаралар, акциялар өтіп жатыр. Көпшілік түсіндірме жұмыстарының қажеті жоқ деп санайды. Бірақ бұл дертке шалдығушылар шет елдерді санамағанда, Қазақстанда геометриялық прогресс бойынша өсіп келеді. БҰҰ-ның мәліметінше, Қазақстан адамның иммун тапшылығы вирусы аз таралатын мемлекеттердің қатарына кіреді. Қазір елімізде осы вирусқа 32 мыңға жуық адам шалдыққан. Соның мың жарымнан астамы жүре пайда болатын иммун тапшылығы синдромымен ауырады, – деді А.Якудаұлы.
Іс шара соңы №148 орта мектептің 10 «а» сынып оқушылары ұйымдастырған қойылым мен концерттік бағдарламаға ұласты.

Д.Байтілес
04 желтоқсан 2023 ж. 180 0