Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН

Газетіміздің әр санына ерекше кәсіп иелерін, ұлттық өнерді ұлықтап, атакәсіпті атойлатқан жандарды шығаруды дәстүр қылғанбыз. Таяуда шиелілік хас шеберге жолығып, әңгімелескенімізде ұлттық рухымыз оянып, рухани байып, кемелденген едік.
«Ел іші – өнер кеніші» демей ме? Ұсталар мен ісмерлер, он саусағынан өнері тамған қолөнер шеберлерін Шиеліден кезіктіреміз. Алайда ескінің жұрнағындай болып жүрген шеберлердің қатары аз. Ұлы Абайдың «Мал керек болса - қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген сөзі бәрімізге ата-салтпен астасатын құндылықтарды дамылсыз дәріптей беруге үндеп тұрғандай. Бүгінгі кейіпкеріміз – Қуанышбай Нұрмағанбетовтің есімі ауданға қадірлі десек болады. Өйткені оның қолынан шыққан әр бұйым шиеліліктердің кәдесіне жарап-ақ тұр.
Қуанышбай Нұрмағанбетовтің жастайынан ағаштан түйін түйетін, қисыны кеткен бұйымды қайта түзеп, кәдеге асыратын қасиеті барын дидарласқанда білдік. Осы бала кездегі әуестігі есейе келе өзіне айырылмастай серік болып, көптің алғысын бұрғызған кәсіптің иесі болуға әкелді. Қазір де ол үй жанынан шағын шеберхана салып алып, ағаштан тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарды жасайды. Оның қолынан шыққан қонақ күтуге арналған заманауи әрі жиналмалы үстелдер, бесіктер, т.б. ұлттық нақышпен безендірілген бұйымдары көпшіліктің сұранысына ие.
– Тұрмыс түзелген сайын адамдардың талғамы да жоғарылап келеді. Бір байқағаным, қазір дүкендердегі дайын жиһаздар мен түрлі бұйымдар көпшіліктің көңілін дөп баса бермейді. Көбісі өз қалауы бойынша жасатқысы келеді. Сондай көңілі кірпияз, талғамы жоғары тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруды мен басты мақсатыма айналдырдым. Жасаған бұйымдарымды мейлінше ұлттық ою-өрнектерімізбен безендіріп, әр бұйымды салт-дәстүрімізбен қабыстыруға тырысамын. Мүмкін осынысымен де тартымды шығар. Тапсырыс та бар, – дейді ұста.
Сонымен бірге шебер: «Ағаш үстелден бас­тап бесікке дейін жасап, төл өнерді өскелең ұрпаққа дәріптеу – міндет. Болашақта үлкен ұстахана ашу - жоспарда бар. Тек үстел, бесік қана жасап қоймай, ағаштан ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарды жасауда ойда бар» екендігін жеткізді.
Халқымыз бесікті қашанда кие тұтқан. Қуанышбай шебер жасайтын бесіктердің ерекшелігі салмағының жеңілдігінде. Ал бесікке қажетті қарағай, қайың ағашы сынды шикізатты Алматы қаласынан алдырады. Одан бөлек, ағаш өнімдерін жергілікті жерден сатып алады. Бүгінде бір бесіктің бағасы - 10 мың теңге. Қазақы ою ойылып басылған әрі заманауи үлгіде жасалған.
Әңгіме барасында ол қолөнер туындыларын дамытуда Үкімет тарапынан әлі де нақты қолдаулардың қажет екендігін жасырмады. Әсіресе, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген шеберлер тірлігі назарда болса игі. Халықтың сұранысына қарай оны толыққанды қамтамасыз ету үшін көп жағдайда қаражатқа келіп тірелетіндігі сөзсіз. «Сондықтан ісмерлердің ісін ілгерлендіру мақсатында ұсталарға қолайлы жеңілдіктер қарастырылса» деген оның тілегі бар.
Кейіпкеріміз өзіне нақты қолдау болса, алда шеберхана жұмысын кеңейтуге ниетті. Ол күні бүгінге дейін теміржол саласында өнімді еңбек етіп, зейнет демалысында. Сол зейнетке шыққан уағында уақытты текке кетірмей, шеберханасының ішінде бұйым жасап берекелі етеді.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
22 қараша 2023 ж. 234 0