Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұнатқан кәсібі – таусылмас нәсібі

Ұнатқан кәсібі – таусылмас нәсібі

«Шебердің қолы алтын», дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, ұлттық ою-өрнекпен көрпе көктеп, жастық тіккен, қазақ ұлттық киімдерінің етек-жеңіне оқа тігіп, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізіп, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы.
Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Ал сол ісмер жандар мен қолөнер шеберлерін оқырмандарға таныстырып, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлымен бірге Бидайкөл ауылының тұрғыны Нұргүл Бақымованың шеберханасына бас сұқтық. Тігіншілік өнер арқылы адамның бойына шабыт беріп, қазақ қыз-келіншектеріне қажетті қыз жасауын әзірлеп, кәсіптің көзін тапқан кейіпкеріміз «Бастау бизнес» жобасы аясында грант жеңіп алған. Осылайша мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермей үйінің жанынан шеберхана ашады. Бұл істе жолдасы Руслан Ыбыраевтың да еңбегі елеулі. Жарына жәрдемші болып, 5 ұлымен бірге қолғабыс етуде.
– Менің негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. 11 жылдық тәжірибем де бар. Алайда қыз жасауын тігіп бастаған хоббиім, бүгінгі таңда кәсібіме айналды. Қызығушылығымды одан әрі дамытып, қуыршақтар яғни анимациялық киімдер тігуді қолға алып жатырмын. Бүгінгі таңда бұл киімдерге сұраныс көп. Сонымен қатар танымал әншілердің бейнесін сомдайтын қуыршақ киімдер тігу және қолөнер үйірмесін ашу жоспарымда бар, – дейді Нұргүл Базарбекқызы.
«Фатима» тігін шеберханасына кірген сәтте ең алдымен көзімізге сан түрлі оюы бар құрақ көрпелер түсті. Одан әрі қазақы нақыштағы сөмкелерді де кездестірдік. Ал бүгінгі балалардың туған күні, перзентханадан шығару рәсімі оларсыз өтпейтін бөпе қуыршақ киімдерін жұбымен 100 мың теңгеге дайындап беретінін айтты. Оған қоса ұлттық нақыштағы шапан, камзолдарға да тапсырыс қабылдайтынын айтты.
Сапалы өнімге қашанда сұраныс жоғары. Оған бүгінгі кейіпкеріміз дәлел. Нұргүлдің қолөнер бұйымдарына Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда т.б қалалардан тапсырыс беретін тұрақты тұтынушылары да бар.
Қолына ине ұстап, қиялына ерік бергеннің бәрі тігінші емес. Ол үшін шыдамдылық пен ұқыптылық, ептілік керек. Әр үйдің сәнін келтіріп тұратын перделер, жантайғанда жұмсақ төсеніш болатын сырмақтар, жастанып жатсаңыз, жаныңыз рахат табатын жастықтар – бәрі, бәрі осы ­Райымбековтар әулетінің шағын шеберханасынан шыққан тамаша дүниелер. Тігіншілер әрбір бұйымды жасауға барын салады, жанын салады. Өйткені олардың басты мақсаты – тек табыс табу емес, тапсырыс берушіні қуанту. Ал біздің мақсат – жеке кәсіп ашып өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтамасыз етуді ойлаған, ұлттық бренд қалыптастыруды арман еткен еңбек адамдарын, кәсіп иелерін көпке таныту. Олардың өнері жайлы хабардар ету. Ендеше, қажырлы еңбекті қажет ететін брендтік өнімдерімізге сұраныс азаймасын.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
09 қазан 2023 ж. 176 0