Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАБЫСТЫҢ КӨЗІН ТІГІННЕН ТАПҚАН ЖАН

ТАБЫСТЫҢ КӨЗІН ТІГІННЕН ТАПҚАН ЖАН

Бүгінде кәсіпкерлікті тіршілігінің тұтқасына айналдырған жандар аз емес. Біздің қоғамда қандай іспен айналысып, қандай кәсіп ашамын десеңіз де оған зор мүмкіндіктер қарастырылған. Әрі мемлекет берген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, бизнесте жолы болып жүрген ­жастар да көп. Әсіресе кейінгі жылдары тігін тігіп, тіршілігін түзеген нәзік жандардың үлесі артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Солардың бірі – Нұргүл Бақымова. Он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміз бүгінде кәсібінен нәсіп тауып отырған жанның бірі.
Қаламымызға арқау болған жан – Нұргүл Бақымова қазіргі таңда көпке үлгі. Олай деуімізге себеп көп. Себебі ол «Атамекен» кәсіпкерлік палатасындағы «Бастау Бизнес» жобасын жеңіп алып, мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, шағын шеберхана ашқан. Ортақшыл ауылында дүние дидарына келген кәсіпкер бүгінде Бидайкөл ауылында тұрады. Ол – үлгілі келін, аяулы жар, бақытты ана. Ауыл тұрғыны болса да, ауқымды істерге құмар кейіпкеріміз алғашында аудандағы оңалту орталығында талай жылдар бойы еңбек нұсқаушысы болып жұмыс істеген. Талай жылдар бойы шәкірт тәрбиелеген ол осы уақытқа дейін бар білгенін өзгелерге үйретіп, талай жанның жеңімпаз болуына себепкер болған. Одан бөлек бірнеше мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушыларға сабақ беріп, абыройлы қызмет атқарған. Алайда оның жан-жүрегі кәсіпкер болуды қалап, үш жыл бұрын осы салаға бет бұрып, тынымды тірлігімен талай жанның сүйіспеншілігіне бөленді. «Қанмен келген қасиет қара жерге жанмен бірге сіңеді» демекші, Нұргүлдің тігінге қызығуы оған әжесі мен анасынан берілген қасиет. Ал сол қасиетті ары қарай алып кетіп, дамыту – өнер. Оның осы өнері бүгінде тіршілігін түзеуге ықпал етуде. Иә, көп балалы ана қазіргі таңда кәсібінен нәсіп көріп, желтоқсан айында ол грант жеңіп алып, тігін машинасын сатып алды.
Иә, кейіпкеріміз бүгінде аудан тұрғындары үшін қолжетімді бағада әртүрлі киімдерді тігіп, ел алғысына бөленіп отыр. Ол тіпті әлеуметтік желіде де белсенді. Сол арқылы Нұргүлдің қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс артып келеді.
– Мен бала күнімнен тігінге құмар болып өстім. Тігіншілік менің бір хоббиім іспеттес. Бұл іс жаныма рахат сыйлайды. Қазіргі таңда мен 5 баланың анасы, бір әулеттің келінімін. Өздеріңіз көргендей, шағын шеберхана ашып, табыс тауып ­отырмын. Тігін тігудің өзі үлкен өнер. Ал мұндай өнер маған анамнан берілген қасиет. Кішкентай кезде, құрақ құрап, ұршық үйіруді маған анам үйреткен. Сондықтан анамның құрметіне шеберханама «Фатима» деген ат бердім. Оның өзі мен үшін үлкен жетістік. Бұл ісімді мемлекет тарапы да қолдап, қайтарымсыз қаражат бөлді. Әрине, ол ақша маған маңдай термен келді. Бизнес жоспарымды әзірлеп, сертификат алдым. Қазіргі таңда мен де үйде отырған жас анамын. Тапсырыс өзім тұрып жатқан ауылдан ғана емес, ­ауданнан тіпті қаладан да келеді. Керек десеңіз, еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс қабылдаймын. Ұлттық өнерді жаңғыртып, құрақ көрпешелер, көрпелер, қыз жасауларын, жас келіншектерге арналған сәнді орамалдар мен қамзолдар тігіп жүрмін. Аллаға шүкір, шеберханама келіп түсетін тапсырыстар өте көп. Қолөнерімнің арқасында мен бес баламды осы Құдайдың берген кәсібі арқылы асырап отырмын, – дейді жас кәсіпкер.
Ұлы Абай «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерді – қазақтың төресі сол» деп өсиет еткеніндей, қолынан іс келетін, өнерлінің тасы өрге домалайтыны анық. Бұған Нұргүл Бақымова дәлел.

Сымбат СҰЛТАН
26 қаңтар 2023 ж. 344 0