Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІБІНЕН НӘСІП ТАПҚАН ЖАН

КӘСІБІНЕН НӘСІП ТАПҚАН ЖАН

Түркия десе біздің көз алдымызға теңіздің жағасы, махаббатқа толы сериалдары, құлақтан кіріп бойды алатын әндері елестейтіні рас. Сондай-ақ тілі мен түрі бір түріктерді танымал тәттілерінсіз елес­тету мүмкін емес. Әсіресе, бүкіл әлем халқы олардың баклавасын бүгінде сүйікті асына айналдырған. Иә, сол баклаваны сүйсініп жейтіндердің қатарында сіз бен біз де бармыз. Бірақ дәмі тіл үйіретін, нағыз шырынды түрік тәттісінің дәмін татып, сатып алу бүгінде аудан тұрғындары үшін айтарлықтай оңайға соғып тұрған жоқ. Себебі, Шиеліден шын баклаваны табу қиын. Дегенмен, бүгінгі кейіпкеріміз оның оң шешімін тауып, тұрғындарға нағыз баклаваның дәмін таттырып жүр. Тіпті, ол бүгінде көптеген аруларға баклава пісіріп үйретіп, шеберлік сағаттарын өткізуді қолға алған. Ендеше, нәпақасын тәттілерден тауып отырған қарапайым ауыл тұрғыны Айнұр Сейітжанқызы туралы толығырақ тарқатайық!
Иә, жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазіргі таңда аудан ішінен бұл дәмді десертті табу қиын. Табылды деген күннің өзінде мұндай тәттілер тек дүкендерде болады. Ал оларды нағыз баклава деп айту қиын. Өйткені, шет елден келетін тәттінің осы түрі дүкендерде самсап тұр. Олардың сырт-әлпеті әдемі көрініп, кәдімгі шынайы түріне ұқсағанымен, дәмсіз әрі құрғақ. Дастарханның сәнін келтіреді демесеңіз, дәмдері кәдімгі прәндік пен дәмді бәліштерге ұқсайды. Сондықтан да болар, тұрғындар қорапшадағы мұндай тәттілерді сатып алуға құлықсыз. Ал күні бүгінге дейін жұрт сулы, майлы, хош иісті баклаваларды тек қалалық жерден тапсырыс беріп, сатып алып жүрді. Жасыратыны жоқ. Осы күнге дейін түрік тәттілеріне сұраныс көбейгенімен, оны өзімізден істеп сататындар болған жоқ. Бірақ жуырда ғана Айнұр Сейітжанқызы нағыз баклава десертін ауданға алып келіп, өз кәсібін бастады.
Әуелі он саусағынан бал тамған кейіпкерімізбен таныс болайық. Кондитер қыз 1994 жылы Шиелі шаһарында дүние дидарына келген. Кішкентайынан өнер мен тігінге, тәтті пісіруге қызыққан ол бүгінде өз кәсібінің нәсібін көріп отыр. Қазіргі таңда Айнұр аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін. Өзі отбасы ошақ қасында жүрсе де, бүгінде бірнеше саланы меңгерген майталман маман. Ол үйде отырып-ақ табыс тауып, бүгінде көптеген қыз-келіншектерге үлгі болып отыр. Бизнесстің түр-түрін білетін Айнұр ең бірінші кәсібін тігіннен бастап, жаңа үлгідегі сәнді киімдерді, қыз жасауларын, түрлі тұрмыстық заттарды тігіп нәпақасын тапқан. Үй тірлігі мен тігінді қатар алған оның қолынан шыққан бұйымдары бүгінде ел ауызында. Ауыл халқының алғысына бөлене білген тігінші қыз бүгінде жаңа кәсіп бастап, соның игілігін көріп отырған жайы бар. Он саусағынан өнер тамған ару өз бағытын енді баклавала жасаудан тапты. Алғашында тек хобби үшін үй жағдайында түрлі-тәттілер пісіріп бастаған ол, кейіннен әлеуметтік желілер арқылы баклава пісіріп үйренген. Содан соң, осы істі ары қарай дамытып, Астана қаласындағы мықты кондитерлердің бірінен ақылы сабақ алып, нағыз баклава жасау өнерін меңгеріп, арнайы сертификатқа ие болған. Біліктілігін Елордада арттырып келген жерлесіміз бүгінде ауылға келіп, түрік тәттілерінің түр-түрін пісіріп, табыс тауып жүр. Сондай-ақ өзгелерге өз білгенімен бөлісіп, қыздарға арнайы шеберлік сағатын өткізуді жөн санаған. Қарапайым әрі қолжетімді бағада басқаларға кәсіп бастауды үйретіп жүрген оның бүгінде көптеген шәкірттері бар.
– Менің есімім – Айнұр. Мен қарапайым ауыл келінімін. Ең біріншіден отбасылық бақытқа бөленіп отырған жанмын. Содан кейін кәсіпкермін. Кәсібімнің өрге домалауы күйеуімнің, ата-енемнің арқасы деп білемін. Себебі, олар мені қашан да қолдап отырады. Осы баклава істеуге қызыққанымда жолдасым мені Астанаға алып барды. Ол кезде мен айы күнім жақындап қалған аяғы ауыр келіншек едім. Соған қарамастан менде тәтті пісіруге деген құлшыныс мықты болды. Сол үшін Астанаға арнайы барып, 200 мың теңгеге осы баклава пісіріп үйрену курсын Айсұлу Жарылқасын есімді мықты шеберден үйреніп келдім. Менде дәл осы тәттілерді пісіріп, кәсіп бастасам екен деген арман болды. Ақыры сол арманымды жүзеге асырдым. Себебі, Шиеліде нағыз түріктің тәттілерін пісіретіндер мүлде жоқ. Сол үшін тәуекелге бел байлап, ең алғашқылардың бірі болып, осы тәтті баклаваларды ауданға алып келдім. Әрине, кәсіп бастау оңай емес. Дегенмен адамда мықты күш-жігер мен ниет болса, оның алмайтын асуы болмайды екен. Қазіргі таңда мен өз үйімнен әр-түрлі тәттілерді пісіріп сатамын. Оларды дүкендерге, мейрамханаларға, асханаларға өткіземін. Менің тәттілерімнің дәмін білгендер қазіргі таңда тұрақты тұтунушыға айналған. Аллаға шүкір, кәсібімнің нәтижесі жаман емес. Көптеген қыздарға өз білгенімді үйретіп, шеберлік сағаттарын да өткізіп отырамын. Менің мақсатым – үйде отырған жұмыссыз қыз-келіншектерге көмектесіп, табыс табуды үйрету, – деді кәсіпкер.

Сымбат СҰЛТАН
09 қаңтар 2023 ж. 510 0