Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «БАЛ ЗЕРЕНІҢ» БАЛ ТОҚАШЫ

«БАЛ ЗЕРЕНІҢ» БАЛ ТОҚАШЫ

Бүгінде ауданда кәсіпкерлікті нәсіп қылып отырған қарапайым жандар жетерлік. Расымен, «жұмыс істеп, табыс табамын» деген жандарға мүмкіндіктің көптігі сонша, аз ғана қаражатпен өз ісіңді бастап кетуге әбден болады. Ол үшін адам баласына әуелі ниет пен талпыныс керек. Тынымсыз тіршілікте тынбай әрекет еткен пендеге ғана Құдай берекетін берері сөзсіз. Ал, әрекет бар жерде, әрқашан алға жылу мен қатар келетін нәсіп те бар. Біздің бүгінгі айтпағымыз да осы нәсіп пен кәсіп жайында...
Кәсіпкерлік – адам баласына берілген ерекше қабілет, һәм Алладан келген үлкен сый. Десек те, кәсіпкерлік кез-келген адамның қолынан келе бермейтін ұлы құбылыс. Ол айтпаса да түсінікті. Миллиондаған адамның ішінде табыстың көзін тауып, кәсібінің нәсібін көріп отырған жандар жетерлік. Осындай кәсіпкерлердің бірі – Әсия Мұратқызы. Ол «Бал-Зере» контитерлік орталығының негізін қалаушы. Кейіпкеріміз бүгінде кәсібін нәсіп қылып, өз ісінің майталманына айналған.
Әсия Мұратқызы 1987 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы бұрынғы Сұлутөбе бірлестігінде дүние дидарына келген. Ол мектеп кезінен түрлі дүниелерді безендірумен айналысып, бет әрлеуші болуды армандаған. Жан-жақтылықты жаны қалайтын жайсаң қыз мектеп бітірген соң, Алматы қаласындағы университеттердің біріне есеп және аудитор мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнына түседі. Кейіпкеріміз университет қабырғасында жүріп, есепсіз өмірдің жоқтығын түсініп, кәсіп бастау үшін де бұл мамандықтың керек екенін жақсы түсіне бастайды. Бухалтерліктің қыр-сырына қанық болған ол оқу ордасын төрт жылдан соң тәмәмдап, үздік маман атанады. Содан соң өзі алған білімді жетілдіру үшін Алматыдан Шиеліге табан тіреп, туған өлкеге қызмет етуді жөн санайды. Осылайша, ол диплом бойынша аудандық пошта қызметіне «бухалтер» болып жұмысқа орналасады. Ол жерде екі жыл тәжірибе жинап, одан әрі жеке кәсіп ашуды ойлайды. Осылайша, сән әлеміндегі еңбек жолын әуелі бет әрлеуден бастайды. Алғашында кейіпкеріміз еліміздегі ең мықты деген визажист мамандардан сабақ алып, арнайы шеберлік сағаттарына жазылады. Шеберлікте жүріп ол біраз тәжірибе жинап, сұлулық салонынының қыр-сырларын меңгереді. Яғни, түрлі шаш үлгілері, бет әрлеу, тырнақ дизайны секілді дүниелерді оп-оңай меңгеріп алады. Арманына бір табан жақындаған ару 2014 жылы Алматы қаласына келіп, тұрмыс құрады. Келіндік қызмет пен сүйікті ісін қатар алып жүруге әрқашан тырысатын Әсия әуелі Алланың қалауымен, содан соң өзінің қажырлы еңбегінің арқасында 2016 жылы Алматыдан сұлулық салонын ашады. Міне, сол кезден бастап Әсияның ісіне береке келіп, сол жылдан бастап көптеген эстрада жұлдыздарының бет әрлеушісі атанады. Керек десеңіз, театр мен кино актерларына да арнайы «грим» жасауды қолға алады. Ол ол ма? Әсия бір ғана іспен шектеліп қоймай, 2015 жылы түрлі тәттілер пісіріп үйрететін шеберлік сағатына қатысып, өзгелерге өзін жаңа қырынан көрсетеді. «Жалқаулықты жаны сүймейтін ол жыл сайын жаңа дүниені үйренуді қалап, дәмі тіл үйіретін тоқаштар мен торттың түр-түрін үйден пісіріп сата бастайды. Осылайша, көптеген істі қатар алып жүретін Әсия көп ұзамай нағыз «кондитер» атанады.
2019 жыл Әсия үшін ауыр жылдардың бірі еді... Сұм тағдыр оның отбасына тырнағын батырып, ажал құрғыр оның екінші анасын мына жалғаннан мәңгілікке алып кете барады. Қабырғасы қайысқан Әсия мен оның жары сол жылдары елге қоныс аударады. Себебі, ауылдағы үйде олардың жалғыз аталары бар еді. «Шаңырақтың отын сөндірмейік» деп Әсия ауылдың нағыз тұрғынанына айналады.
–Мен 2019 жылы отбасылық жағдайларға байланысты Шиеліге отбасыммен қайта көшіп келдім. Алматы қаласында өзімнің жеке сұлулық салоным болды. Бірақ, тағдырдың жазуымен елге оралдық Ауылға келген соң, «жұмыс жоқ» деп жатып алмай, екі қолға бір күрек табуға тырыстым. Қазір бостан-бос отыратын заман емес. Кіндік қаным тамған жерге қызмет ету менің басты парызым. Өздеріңіз білетіндей, соңғы екі жыл еліміз үшін өте ауыр болды. Әлемді жайлаған пандемеяға байланысты көптеген саланың жұмыстары тоқтап қалды. Бірақ, мен ауылда үйден шықпай-ақ табыс табуға тырыстым. Сөйтіп, аудандағы сұлулыққа жаны құмар жастарға сабақ беріп, «бет әрлеуші» деген арнайы сертификаты бар сабақтар өткіздім. Одан бөлек үйден торт пісіріп саттым. Эпид ахуал ақырын азая бастаған соң, аудан орталығындағы «Азия» атты ғимараттың екінші қабатын жалға алып, «Бал Зере» кондитерлік цехын аштым. Оның барлығыныа көмектесіп қолдаған әрине менің күйеуім. Қазіргі таңда кондитерлік цехымыз шағын болса да, ақырын алға жылжып келеді. Тұтынушыларға түрлік мерекелік торттарды безендіріп, қалауынша істеп береміз. Аудан тұрғындары қазіргі таңда сырттан келетін торттарды тұтынады. Мәселен, көршілес Қырғыстан мен Өзбекстаннан келген торт түрлерін қазір Түрлі дүкен сөрелерінен кездестіре аласыз. Алайда, олардың денінде сапа сын көтермейді. Неге десеңіз, оған қосылатын қоспалар таза болмайды. Оның үстіне, ол пісірлген күннен соң, біздің елге үш төрт күннің ішінде келеді. Өздеріңіз ойлап қарасаңыздар, нан өнімдері тек бір немесе екі күннің ішінде сатылып кетуі қажет. Сондықтан да, балғын торттар әрқашан сұранықа ие. Ауданда кондитерлік орталықтар көптеп салынса, мен қуанар едім. Бәсекелестік әрине керек. Десек те, өз өнімін тұтынатын тұрғындар үшін мен қуанышты болар едім. Менің де басты мақсатым – аудан халқын өз өнімімізбен қамтамасыз ету, – дейді Асия Мұратқызы.

29 қараша 2022 ж. 368 0