Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асар сөзі қалыс қалды ма?

Асар сөзі қалыс қалды ма?

Асар – ертеден келе жатқан халқымыздың озық әдет-ғұрпы, көпшіліктің көмегін пайдалану дәстүрі. Яғни халқымыз көпшіліктің көмегімен бірлесіп, білек сыбана атқарылатын жұмысты «Асар» деп атаған. Асар арқылы үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, алаша тоқу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстар көптің күшімен атқарылған. Бұл дәстүр қырғыз, қазақ, өзбек, тәжік, түркімен халықтарына ортақ салт-дәстүр саналған.
Бұл күнде асар сөзінің ауылы алыстап барады. Бұрындары ауылда отын асары деген болатын. Өтініш айтқан ағайынға қарайласып, қолға балта алып күні бойы сол үйдің асарында жүретінбіз. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Жұмыла кірісіп, таудай тірлікті азғантай уақытта шаруасын бітіріп салатынбыз. Ал қазір асар сөзі, ақшаға келіп тіреледі. Бүгінде отынға бару ақысы бес мың теңге. Жұмыстың ауқымына қарай ақшасы да арта түседі. Кешегі қуанышы мен қайғысын бөліскен ағайынның арасына қалай пұл жүретін күйге жеттік. Бірақ қанда бар қасиет мүлде ұмытылып кетті деуден аулақпыз. Иә, басына іс түссе, қиындыққа тастамайтын ағайын да бар. Өткен жылы Төңкеріс ауылында бір үйдің саутамдығы қалмай, өртке оранды. Ел бірігіп, ауызбірішілік танытты. Қыс ауасында шырылдаған ананың көз жасын ел сүртіп, жаңа баспананың кілтін табыстады. Жаңа баспананың іргетасын ауылдас ағайындар бірігіп, асарлатып бітірді. Қазақтың қанында бар бұл қасиетті келер ұрпаққа жеткізе білу ендігі жерде бізге аманат.
– Ауылдағы ағайындар асар айтса жүгіріп шығатынбыз. Ауылдық жерде тұрған соң бәрі таныс адамдар. Өзімізде бала күннен асарға барып өстік. Тоқырау кезеңінде асар арқылы қанша адам табысқа жетті. Ел болып еңбек етіп, бір-бірімізге қол ұшын создық. Егіс егіп, мал бағып, асарлатып күн кештік. Жоқшылықтың уақытында ауызбіршілік бар екен. Қазір асар деген сөзді көп адамдар біле бермейді. Өйткені асарға барып көрмеген. Асар десең, ақшасын айтатындар бар. Мәселе ақшада емес, ауызбіршілікте. Осыны ауылдағы жас балдарға айтып келемін. Бірақ мән бермейді, – дейді Қобыланды Тұрдыбайұлы.
Иә, бүгінгідей нарық заманында біреуге тегін көмектесу жайлы айтқан күлкілі шығар. Десек те «Көп түкірсе көл» деген тәмсілмен тәрбиеленген халық үшін асарлату жат қылық емес. Бүгінгі таңда дәстүрдің осы озық үлгісін жаңғырту қажет. Көрші-қолаңға немесе таныс-тамырға тегін көмек қолын созу ерсі емес. Асар адамдар арасындағы ауызбіршілік пен ұйымшылдықты берік етеді.
Асар – бірліктің бір көрінісі. Бабаларымыз «Бірлік болмай – тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлікті ел озады» деп ұрпағын ұлағаттыққа тәрбиелеп отырған. Ата-бабамыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ұлттық құндылықтарымызға жатады. Оны жаңғырту – сіз бен біздің азаматтық борышымыз. «Кең болған, кем болмайды» деген даналық сөзді есте ұстап, ағайынға қайырылып, қол ұшын созуды ұмытпайық, ағайын.

Д.Байтілес
22 қараша 2023 ж. 277 0