Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асарлату – қайырымды іс

Асарлату – қайырымды іс

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы жөнінде айтылған болатын. Еліміздегі игі дәстүрдің бірі – «Асар». Халқымыздың асар дәстүрі барлық өңірлерде қарқынды жүріп келеді. Тіпті, «Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу» болу қазақтың қанында бар қасиет. Бұл дәстүрдің ерекшелігі сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ынтымақ пен бірлігін жарастырды.
Ата-бабаларымыздан келе жатқан үзілмеген игі дәстүрдің бірі – «Асар» Бұл тұста Мемлекет басшысы «Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз» – деп атап өткен болатын.
Бұрындары бүтіндей бір ауылда бір үйдің қабырғасы қаланса сол ауылдың азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып үйдің соғылып бітуіне ат салысатын. Барлығымыз білетіндей көбінесе ауылдық жерлерде асардың мынадай түрлері жүзеге асады. Мәселен, жабағы қырқып, күзем қырқып, алқаптарда егін егіп оны жинау, шөп шабу сияқты жұмыстарда білек сыбана ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып күш жиыстырып бірігіп атқарған. Тіпті, тұрмысы төмен отбасы мен жалғыз басты қарттарға, ауылдас ағайынға қолдан келген көмектерін аямаған. Міне осыдан көршінің арасында берік татулық, үзілмейтін сыйластық орнайтыны хақ.
Естеріңізде болса, алдыңғы жылы Арыстағы Әскери бөлім қоймасының жарылуы салдарынан қалаға зақым келіп, арыстықтар зардап шекті. Айтып келмеген апаттың залалы қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Қай кезде де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбірліктен айнымаған жұрт сол жарылыстың тауқыметін көргендерге тірек бола білді. «Арыс, біз біргеміз!» деген ұранмен барша қазақстандық қолынан келген көмегін көрсетіп, жабырқаған жандарға демеу болды. Ел арасынан еріктілер шығып, күн-түн демей арыстықтардың жағдайына алаңдаулы күйде қол көмектерін беріп, бір-біріне мейірім-шапағатын, көмегін тигізді. Біздің бауырмал Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы жұртшылық Арыстағы ағайынды қырық күн қырғынға, мың күн сүргінге ұшыратпай, жұмыла жәрдемдесті. Ел халқы қилы да қиын сәтте біріге түсті. Әр облыс, аудандарда көмек қабылдау орталықтары ашылып, азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық тауарлар тиелген көмек керуендері жолға шықты. Жүректері елжіреген ел-жұрт, жас пен жасамыс, мысалы бизнесмендерден бастап, мемлекеттік қызметкерлер, тіпті, бір айлыққа қараған қарапайым тұрғындарға дейін қалтадағы барын беріп, қанатымен су септі. Еліміздегі ертелі-кеш еріктілер де жұмыс істеді. Жұртшылықтың керек-жарағын әкеліп беріп, азық-түлік тасып, ас-суын қамдап беріп сондағы ағайынның алғысын алды. Үлкендер жағы мұндағы мұнтаздай жатын бөлмелерге, зыр жүгіріп қызмет еткен ерікті жастарға алғыстарын жаудырды. Сонымен қатар, елімізде төтенше жағдай кезінде нағыз адамгершілікке толы істі Мақтааралдағы ағайындарға жасады. Мамыр айы мақтааралдықтар үшін қиын жағдаймен басталды. Көршілес Өзбекстан мемлекетінде болған жаңбыр мен дауылдан кейін «Сардоба» су қоймасы жарылып, соның салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекенді су басып қалды. «Апат айтып келмейді» десек те, тосыннан келген төтенше жағдайға мызғымас бірлікті ту еткен қазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, қажетті азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Мұндай игі іске Сыр жұртшылығы, оның ішінде шиеліліктер де үн қосты. Дер кезінде іс-әрекет жасап, бір кісідей жұмыла кірісу қауіпті еңсереді. Көктем келсе Сыр өңірінде ауық-ауық қар мен жаңбыр жауып, тұрғындарды әбіржітіп тұртыны жасырын емес. Сырдарияның «мінезі» таныс. Жыл сайын бір қорқытып қояды. Мұз еріп, дарияның суы арнасынан аспас үшін төтенше жағдай мамандары сақадай сай. Былтырғы Жаһанды жалмаған қауіпті вирус біздің өңірге де оңайға соққан жоқ. Ауданымыздың ерікті жастары жұмылып, тегін бет перде таратып халықты сабырға шақырды. Осылайша игі іс бүгінгі таңда да жалғасын тауып келеді

Шапағат Тілеубаев
15 маусым 2021 ж. 883 0