Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанашырлыққа жан риза

Жанашырлыққа жан риза



Қайырымдылық – адамзат бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Көмек қажет жанға сүйіспеншілігіңді бір ауыз сөзбен болмаса іспен көрсете білу адамгершілік қасиеттің анық көрінісі.
Демалыс күндердің бірінде Жөлек ауылына жолымыз түсті. Үй іргелей жүріп бара жатқанымызда арқа-жарқа болып, әзілдері жарасып, қызу әңгіме талқылап жатқан бір топ ауыл азаматтарының дауысы елең еткізді. Көз жүгіртіп қарасақ, үй тұрғызылып, соған асар болып жатыр екен. Аулада арбаға таңылған жүзі жылы азамат жұмысшыларға сүйсіне қарап отыр. Әдетте тағдыр тәлкегіне түскен азаматтар әдетте жаны жабырқаулы болатынын білеміз, бірақ біз көрген кісінің көзқарасы ерекше таңдандырды. Содан асар болып жатқан шаңыраққа сәлем беріп, үй егесі Мұхит Рашов ағамызды әңгімеге тарттық.
– 2001 жылдың тамыз айы болатын. Жаз бойғы бейнеттің қайтар шағы. Отбасымызбен егістікке жиі барып жүретінбіз. Жаздың шуақты күндерінің бірінде жол апатына ұшырап, I топ мүгедегі атандым. Сол уақыттан бері арбаға таңылдым. Биыл ауыл азаматтарының арқасында үй тұрғызып жатырмыз. Үйдің іргетасы қаланғанынан бастап, майда-шүйде жұмыстарына дейін ақшалай, материалдық көмек көрсетіп жатыр. Сіздер игілікті істің үстіне түстіңіздер. Жамағаттың жанашырлықтарына жаным риза, – деді Мұхит аға.
Бұдан бөлек жыл сайын бірге оқыған құрдастары ем алуға көмектеседі екен. Мектеп ұжымы да үйді өру, сылау сияқты жұмыстарға атсалысып тұратын көрінеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша аузын ашса жүрегі көрінетін өте мейірбан, әзілі де жарасып, ортасын көңілді етіп жүретін азамат. Бос уақытында балық аулағанды ұнатады.
Қара шаңырақтың түтінін түтетіп, жұбайы Ләйлә Бабировамен отасқанына 26 жыл болған екен. Бүгінде 3 қыз, 4 немере сүйіп отырған аяулы ата-әже. Жылуы жоқ үйден без демей ме? Бір-біріне қолдау көрсетіп, үйінің берекесін кіргізіп отырған шаңыраққа қарап көз сүйсінеді. Қимыл-қозғалысы қиын болғанымен, өмірге деген құштарлығының арқасында жол апатынан жарымжан күйге түстім деп қорықпай, бос уақытында Шиелі мен Жөлек ауылының арасында адам тасып, отбасын асырайды екен. Қазақ азаматына тән бойындағы батылдығы мен жауапкершілігі көрініп-ақ тұр. Қазақ жаны қашанда қайырымдылық жасауға құмар ғой. Кейіпкеріміз өзіне жасаған қамқорлықты ұмытпайтынын айтады. Солардың бірі жолдастарының ықпалымен кенттегі «Семізбай-U» мекемесінен қаржылай көмек алуы.
Осылайша өзгенің жүзіне қуаныш ұялату, жылы шырай таныту, көңіл-күйін көтеру, жоқ-жітігіне көмектесуді Жөлек жұртшылығы өздеріне парыз санаған. Бір жағынан мүмкіндігі шектеулі болғанымен көкірегі ояу, құлшынысы мен ұмытылысы күшті азамат таңқалдырса, екінші жағынан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырған ауылдың ауызбіршілігін көріп, қуанып қайттық.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
01 маусым 2019 ж. 1 173 0