Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік оқушылар Елорда төрінде

Үздік оқушылар Елорда төрінде

Болашақта тек білімді ел ғана бәсекеге төтеп беріп, өзін-өзі сақтап қалатыны сөзсіз. «Ел болашағы – білімді ұрпақта». Сондықтан білім беру саласында жасалып жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру білім беру мекемелеріне ортақ іс. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік саяси және жаңа технологиялық өзгерістер ұрпақ тәрбиелеу ісін жаңа сатыға көтеруді қажет етеді десек, аталған бағыттарды жүзеге асыру жолында кент орталығындағы «SAMGAU School» білім беру мекемесі білімді, дарынды, оқуда озат шәкірттерін үнемі колдап, жігерлендіріп отырады.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында аталған білім шаңырағында балаларға өткен оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларды Астана қаласына апарып, қаланың көрікті жерлерін аралату үшін саяхат ұйымдастыру уәде етілген болатын. Аталған жоспар мектеп оқушыларының күзгі демалыс күндеріне сәйкес келіп, білімділігімен үздік, дарынды деп танылған 13 оқушыға бас қаламыз Астанаға 3 күндік тегін саяхат ұйымдастырылды. Саяхат жұмыстары алдын-ала жоспарланып, балалар алғашқы кезеңін әсем қаланың ғана емес еліміздің басты символына айналған «Бәйтерек» монументін тамашалаудан бастады. «Бәйтерек» монументі еліміздегі ең биік ғимараттардың бірі де бірегейі болғандықтан, балалар монументтің биігіне шығып, тарихи жазбалармен танысып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Бұдан кейінгі саяхат сапары Азиядағы ең үлкен жаңа мешітте жалғасты. Алла үйінің құрылысы, дизайны, үлкендігі балалардың бірегей сәулет өнеріне деген қызығушылық­тарын арттыра түсті.
Сонымен қатар 2017 жылы әлемдік деңгейде өткен, ел назарын қазақ еліне аудартқан «ЭКСПО 2017» көрмесін тамашалаудың да сәті түсті. Оқушылар соңғы үлгідегі жаңа технологиялармен танысып, таным көкжиегін кеңейтті.
Қазақта «Өз тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деген сөз бар. Осы даналықты негізге ала отырып, саяхатты ұйымдастырушылар балаларды ҚР Ұлттық музейіне апарды. Музейде балалар қазақ халқының өткен тарихымен танысып, Қазақ хандығының құрылу жолы, Алаш зиялылары туралы және Тәуелсіз еліміздің өркенуі жолындағы келелі істермен танысты. Ұлттық музейден ерекше әсермен шыққан балалар «Mega Silkway», «Хан Шатыр» ойын-сауық орталықтарында болып, балалық бал дәуреннің шаттыққа толы сәттерін қызықты өткізді.
Саяхаттың екінші күні «Қазақстанның Швейцариясы» атанған, табиғаты таңғажайыпқа толы сұлу Көкше өңірінің Бурабайында жалғасты. Көрікті Көкшенің көз тартар сұлу табиғаты, мөлдір көлдері мен қарағайлы орманы, сұлулықпен қатар тарихи мазмұнға бай өлкесі балалардың зор таңданысын тудырды. Сұлу табиғаттың әсемдігіне көздері де, көңілдері де тойған балалар саяхаттың келесі күнінде қуыршақ театрына барып, балаларға арналған қойылымды тапжылмастан тамашалады. Қуыршақ театрындағы кейіпкерлерді балалар жол бойы ерекше ықыласпен айтып отыр­ды.
Балаларға арналған саяхат жұмыстары аясында «QAZBILIM GROUP» компаниясының басқарма төрағасы, ақын, мотиватор, Phd химик, білім саласында даралығымен танылған Аятжан Ахметжанұлымен шиелілік үздік шәкірттер арасында кездесу өтті. Сыр елінен келген жас ұландарға Аятжан мырза ұстаздық тілегін арнады. Білімге құштар оқушыларды және ұстаздарды алғыс хатпен марапаттап, естелік ретінде балалар мен ұстаздарға сыйға кітаптар тарту етті. Осылайша, білімімен, талабымен топ жарған оқушылардың Елордадағы үш күндік саяхаты аяқталды. Алдағы уақыттарда да «SAMGAU School» білім беру мекемесі әр оқу жылда үздік шыққан оқушыларға қызыққа толы саяхат ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.
Үздік балаларға арналған ғажайыпқа толы саяхатты ұйымдастырып, демеушілік көрсеткен, «SAMGAU School» білім беру мекемесінің негізін қалаушысы, құрылтайшысы Мөлдір Мейрамханқызына үздік оқушылар мен ата-аналар да дән риза.

«Өскен өңір» ақпарат
20 қараша 2023 ж. 171 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031