ҚАЙ ЕЛДЕРДІҢ ӘСКЕРИ ШЫҒЫНЫ КӨП?
Фото: politikus.ru
Швецияда орналасқан зерттеу институтының мәліметінше, өткен жылы бүкіл әлем бойынша әскери шығындардың жалпы жиынтығы қырғи-қабақ соғыс кезінен бері ең жоғары дәрежеге жеткен. Бұл тізімде әскери салаға ең көп бюджет арнайтын мемлекеттердің алғашқы үштігін АҚШ, Қытай мен Сауд Арабиясы бастап тұр. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
Стокгольм Халықаралық Бейбітшілік зерттеу институты (SIPRI) жариялаған баяндамада өткен жылы ғаламдық әскери шығындар 2016 жылмен салыстырғанда 1.1 пайызға артып, 1.73 трлн $ құрағаны көрсетілген. Жылына 610 млрд $ көлемінде қаржы жұмсайтын АҚШ-тың әскери бюджеті бұл саладағы әлемдік шығынның 35 пайызына тең. Бұл тізімде екінші орынға жылдық 228 млрд $ бюджетпен Қытай тұрақтаса, үшінші кезекті бермей келген Ресейдің орнын Сауд Арабиясы басып отыр.
Ресейдің әскери шығындары 1998 жылдан бері алғаш рет 20 пайызға қысқарған. SIPRI бұл құбылысты мұнай бағасының төмендеуі сияқты факторлармен түсіндіреді. Әскери бюджеті көп он мемлекеттің қатарында жоғарыда аталған үштіктен басқа Үндістан (64 млрд $), Франция (57.8 млрд $), Ұлыбритания (47.2 млрд $), Жапония (45.4 млрд $), Германия (44.3 млрд $), Оңтүстік Корея (39.2 млрд $) бар.
Динара Тілеубек