Интернетті кім ашты?
Интернет қолданысқа енгенше адамзат байланыс құралдарының түрін ойлап тапты: телеграф (1836), алғашқы құрлықты байланыстырушы атлант сымы (кабель -1858), алғашқы телефон (1876). 1957 жылы Кеңес Одағы алғашқы жасанды жер серігін қолданысқа енгізген болатын. Бұл кезде АҚШ президенті Эйзенхауэр перспективті зерттеу жобаларының агенттігін (ARPA) ашу туралы бұйрық берді. Бұл агенттік бірнеше жыл бойы компьютерді тек соғыс кезінде байланыс орнатуға қолданып келді. Алғашқы зерттеулерді жүргізген доктор Ликлидер 1962 жылы компьютер технологиясын әскери мақсатта қолдану жобасының басшысы болды. Ол зерттеу жұмыстарына әскери салаға сәйкес емес фирмалар мен университеттерді жинақтады. Алғашқы компьютер арқылы сөйлесу мүмкіндігі 1969 жылы туды. Ол Лос-Анджелес Университеті, Стэнфорд зерттеу институты мен Санта Барбара Уииверситетінің арасында жүзеге асты. Лос-Анджелес Университетінің профессоры Клейнрок өз студенттерімен бірге Стэнфорд институтының компьютеріне еніп, бірнеше мәлімет жіберуге тырысады. Олар пернелер арқылы «login» сөзін тереді. Телефон арқылы, Стэнфордтағы әріптестеріне хабарлама жеткенін не жетпегенін тексеріп отырады. Оладың «L» және «О» әріптері діттеген жеріне сәтті жетеді. «G» әрпін теру кезінде байланыс жүйесі істен шығады. Есесіне, жаңа ашылудың даму кезеңі басталады. 1971 жылы АҚШ-та 23 қолданушысы бар жүйе іске қосылады. 1972 жылы агенттік халыққа таныстыралады. 1973 жылы жүйеге Лондон колледжі мен Норвегияның мемлекеттік қызметі қосылып, интернетті дамыту идеясы жетіле бастайды. Алғаш рет «E-mail» дүниеге келеді. 1977 жылы интернет қолданушылар саны 100-ге жетеді. 1984 жылы бұл көрсеткіш 10 есе артады. Осыдан жиырма жыл бұрын Интернет қолданушылар саны 19,5 миллионға жеткен. World-Wide Web (WWW) тіркесі қолданысқа 1991 жылы енді.
Massaget.kz