Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҒАРЫШТЫҢ МҮМКІНДІГІНЕ МҮДДЕЛІМІЗ

ҒАРЫШТЫҢ МҮМКІНДІГІНЕ МҮДДЕЛІМІЗ

Алдағы уақытта аймақтағы түрлі мәселелер мен мін­дет­терді шешу кезінде ғарыштық зерттеу нәтижелері қол­данылады. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті, ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов бастаған сала мамандарымен кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осылай мәлімдеді.
Бұл жергілікті атқарушы органдардың салалық қажеттіліктерін қанағаттандырады. Мемлекеттік реттеу тиімділігін арттырып, өңірдің өркендеуін еселей түседі. Елбасы өз Жолдауында 2030 жылға қарай Қазақстанның әлемдік ғарыш қызметі нарығындағы мүмкіндігін кеңейтіп, басталған жобаларды қисынды аяқтауды тапсырған болатын. Бүгінде ғарыштық және навигациялық бақылау жүйелерінің белсенді түрде қолданысқа енгізіліп жатқаны – осының көрінісі. Әдетте отандық ғарыш­тық түсірілімдерді мемлекеттік ұйымдар, жеке кәсіпорындар мен тұлғалар қажетіне жаратады.
– «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұсынған жо­ғары дәлдікті спутниктік жүйенің мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға тиіспіз. Оның ішінде жер қойнауы мен жер пайдалануды, табиғи ресурстарды бақылау, картографияны жаңарту, ауыл шаруашылығы үшін ауадай қажет, – деді аймақ басшысы.
Мәжілісте жерді қашықтықтан зондтау және «Смарт сити» жобасының мүмкіндіктері туралы компания өкілдері егжей-тегжей айтып берді. Жерді қашықтықтан зондтау дерегі жер телімін өз бетінше иелену жағдайларын анықтауға, қатты тұрмыстық қалдықтар, көпжылдық көшеттер, су тасқыны, қар қорын бағалау мониторингтерін жасауға көмектеседі. Ал ашық қала жасауда «Смарт сити» жобасының маңызы ерекше. Ол тиімді мемлекеттік қызмет көрсетуге, экономиканың басым бағыт­тарын қолдауға, көлеңкелі экономиканы қыс­қартуға, салық базасының кеңеюіне ықпал етеді.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» компа­ниясының мүмкіндіктерін таразылаған Айдын Айымбетов облыс әкімдігімен бірлесе жұмыс жасауға әзір екенін жет­кізді. Осы орайда тиісті сала бас­шыларына ғарыштық технологияларды қолдану арқылы қызмет алу жөнінде іс-шара қабылдау және жүзеге асыру, қажет мамандарды арнайы курстардан өткізу жүктелді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
18 наурыз 2018 ж. 1 105 0