Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымын тарих бетінде қалдырған ұлағатты ұстаз

Тағылымын тарих бетінде қалдырған ұлағатты ұстаз

Биыл – Шиелінің тарихынан ойып орын алатын ерекше жыл. Оның ең негізгі себебі, ауданның құрылғанына 95 жыл толып отыр. Жүз жылға жуық тарихы бар ауданның аты бүгінде республикаға танымал. Оны танымал еткен ақ күріштің атасы атанған, даңғайыр диқан Ыбрай ақсақал бастаған Шиелінің бейнеткеш, еңбек сүйгіш халқы мен сол халықтың талантты, батыр ұл-қыздары еді.
Осы жылдың тағы бір ерекшелігі осы өңірде 1923 жылы туылған жерлестеріміздің жасы 100-ге жетуде. Жүз жас қай кездеде айтылатын жас. Қазақтың «екі тойың қабат болсын» дегені осындайдан шыққан болуы керек. Сол кісілердің барлығы да өмірдің небір қиындықтарын басынан өткеріп, көпшілігі өткен ғасырдың нәубаты атанған Ұлы Отан соғысына қатысып, елін, жерін қорғауда батырлықтың өлшеусіз үлгісін көрсетіп, от пен оқтың арасынан аман шығып, елге жеңістің туын желбіретіп келді. – Бір дән өндірсе жауға атылатын бір оқ болады деген мақсатпен жұмыс істеген, шаршағаннан, шалдыққаннан белі бүгілуге айналған елдің еңсесін тіктеп болашаққа үлкен үмітпен сенім сыйлағанда солар еді. Сол жерлестеріміздің бірі де бірегейі – ­Монтаев Әлиакбар Сағындықұлы болатын.
Әлиакбар аға 1923 жылдың 12-ші қыркүйегінде Шиелі ауданының «Жиен жауыс» деген жерінде дүниеге келеді. 1940 жылы Шиелі кентіндегі №45 Қазақ орта мектебін бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. 1942 жылы әскерге шақырылған Әлиакбар аға Сталинград майданындағы Жуковтың 77 гвардия дивизиясының №86 саперлік баталонына алынады. Келе сала қиян кескі соғыстың бел ортасына кірісіп кете барады. Жас кезімізде үлкендердің әсіресе соғысқа қатысқан ағалардың әңгімесін тыңдағанды жақсы көретін едік. Өйткені ол кезде бүгінгідей радио, теледидар жоқ, газеттердің өзіде санаулы үйлерге ғана келетін. Әсіресе соғыстан кейінгі туған біз секілді ұрпақ ағалардың әңгімелерін ұйып тыңдайтын едік. Бізге сол кісілердің барлығы да бүгінгі өлшеммен алғанда Бауыржандай батыр болып көрінетін. Шынына келгенде ел қорғағанның бәрі де батыр ғой. Бірде сол ағалардың төрт-бесеуі соғыстағы көрген қиындықтарын айтып отырды. Олар бәрімізде сол соғыстың бел ортасында жүріп, басынан аяғына дейін қатыстық, бірақ Әлиакбар соғыстың ең ауыр жерінде жүрді деуші еді, сонда бәрі «Әлиакбар Монтай батырдың немересі ғой» дейтін. Шамасы Әлиакбар ағаның батырдың ұрпағы екенін айтып, ол кісінің мәртебесін көтергісі келген болуы керек.
Әлиакбар аға Еуропа елдерінің үштен біріне жуығын жау қолынан азат етуге қатысқан. Ол кісінің қан майдандағы көзсіз ерліктерін паш ететін наградалары жеткілікті. Ол І және ІІ дәрежелі Ұлы отан соғысы орденімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен және 15-ке тарта медельдарымен марапатталған. Ағаның соғыс кезіндегі ерліктері бірнеше рет аудандық, облыстық газеттерде жарық көрді. Бірақ Әлиакбар ағаның бірде-бір рет соғыста ерлік жасадым дегенін естіген емеспіз. Ол кісі оны өзінің Отан алдындағы борышым деп есептегенінен болуы керек. Әлиакбар аға соғыстан елге оралысымен «Бидайкөл» ауылындағы №148 мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасып, бала кезінен арманы болатын ұстаздықпен айналысты. Өйткені сан ғасырдан бері тіршіліктің қамымен көшіп қонып жүрген қазақтың оқыған балалары да саусақпен санарлықтай еді. Ағаның ойы да арманы да ұстаз болып бала оқытып, сауатты ұрпақ өсіруге атсалысу еді. Қазақтың болашағы оқыған жастардың қолында болатынына имандай сенді. Бұл майдангердің қанына сіңген өмірлік ұстанымы еді. Сол ұстаным оның бойынан дүниеден өткенше кеткен жоқ. Сол ұстаным биік мақсаттарға жетеледі, арманына жеткізді, бақытты етті. Ұл-қызын жоғарғы білімді азамат етіп шығуына негіз болды. Әлиакбар аға 1954-1964 жылдары №149 «Қызылту» орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1964-1984 жылдары осы мектептің директоры қызметін атқарды. Бір мектепте 30 жыл басшылық жұмыста болу, ол өз жұмысын жанындай жақсы көріп, соған барынша берілген, оның қыры мен сырын жетік білгендердің ғана қолынан келетін іс. Әлиакбар ағада осы қасиеттердің барлығы болды.
Алиакбар Монтаев оқушыларға да мұғалімдерге де қатал болды. Бірақ қатігез болған емес. Оның қатал болатын себебі ол кісі жасынан жоқшылықты, ашаршылықты, бір үзім нан іздеп елден көшкендерді көзімен көрді. Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, өмірдің барлық тауқыметін тартты. Осының бәрі оны ерте есейтті. Бос белбеу ұрпақ елдің ертеңіне еге бола алмайтынын ол кісі білді, сондықтан қатал болғанды қалады.
Осындайда Әл-Фараби бабамыздың бір сөзі еріксіз ойға оралады. «Нағыз ұстаз айтқанын екі еткізбейтін, үстінен ешкім шағым жасауға батылы бармайтын, білімі телегей-теңіз, ақыл-ой парасаты мен ерік жігеріне де ешкім тең келе алмайтын адам. Осындай қасиеттері бар ұстаз ғана оқушысына үлгі-өнеге көрсете алады» деген екен. Әлиакбар аға Әл-Фараби бабасының осы талабының үдесінен шыға алды деп есептеймін.
Білім саласында 40 жылдай атқарған қажырлы жұмысы ағаны ауданға ғана емес облысқа, республикаға танымал етті. Соның айғағы ол кісіге 1972 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», 1984 жылы «СССР халық ағарту ісінің үздігі» деген атақтардың берілуі дәлел.
Бағбан өзінің еккен ағашының мол жеміс бергенін қалағаны секілді, ұстаз да өз шәкірттерінің терең білімді, өте тәртіпті, барынша инабатты-иманды болып тәрбиеленіп шыққанын қалайды. Бүгінде Әлиакбар ағаның шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде айтулы қызметтер атқарып, ауданның атын елімізге танытып жүр. Өзіне тартып ұстаздықты қалаған шәкірттерінің көбісі кезінде «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» медалымен марапатталып, ауданның мақтанышына айналған-ды.
Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қуандық Түменбаев осы мектептің түлегі, Әлиакбар ағаның шәкірті. Ағаның ұлы Сәрсенбек ­Монтаев техника ғылымдарының докторы, инженерлік академияның академигі. Елімізде жылда халық шаруашылығының әр саласы бойынша үздік жаңалықтарға берілетін «Алтын сапа» байқауына қатысып жүлде алып келді. Жақында ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ол кісінің лобараториясына барып жұмыстарымен танысып, риза болды. Әлиакбар аға 1985-1996 жылдар аралығында Ыбырай Жақаев ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Атағы бар ауылдың ардақтысы әрі үлкені болу да абыройлы міндет. Аға ол жұмысты көп жылғы ұрпақ тәрбиесіндегі жинаған бай тәжірибесімен ұштастыра отырып, ауылдың бірлігін сақтауға шебер пайдалана білді. Оның жұбайы Шонық екеуі алты ұлымен бір қызына өздерінің бойындағы барлық жақсы қасиеттерін сіңіре білді. Оған қарашаңырақтағы келіні Дана Нұрмышованың «Қазақ қоғамының отбасылық өмірі адамзат баласының тіршілік етуіндегі ең бір тағылымды асыл арна десем, қателеспеген болар ем. Әсіресе, қазақ қазақ болғалы әу бастан ата өсиетін өміріне өнегелі жол еткендігі шежірелі тарихымыздан мәлім десек, осындай қасиетті қағида менің ардақты атам арқылы біздің отбасымызға да берік орнығып, асыл атамның алғаулы да, әсерлі әрекеті бір мен үшін ғана емес отбасымыз үшін үлкен маңызға ие болғандығын ерекше сезіммен айта аламын» деуі дәлел болады.
Әлиакбар ағаның ғұмыр бойы ұрпақ тәрбиесіне арнаған өлшеусіз еңбегін елі де жоғары бағалады. 2018 жылдың 5 мамыр күні өзі 30 жыл басшылық жасаған №149 мектепке ол кісінің аты берілуі соның айғағы. Биыл Әлиакбар ағаның жасы 100-ге толып отыр. Ауданның құрылғанына 95 жыл толу мерекесімен тұстас келіп отырған ағаның туғанына бір ғасырлық мерекесі құтты болсын!

Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының Құрметті ­азаматы, «Құрмет» орденінің иегері
24 қазан 2023 ж. 272 0