Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлік даңқы өшпейді

Ерлік даңқы өшпейді

Кейде өмірден көргені мен түйгені мол адам туралы айтқанда, оның «тағдыры бір кітапқа татиды» деп баға беріп жатамыз. Шынында да солай. От пен оқтың арасынан аман шығып, елі үшін аянбай еңбек еткен Қазыхан Айымқұловтың да өмірі бір кітапқа жүк болады.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жеңіс туын желбіретуге үлес қосқан майдангер сұрапыл соғыста оқ пен оттың ортасында жүріп, жеңіс үшін жанын жалау, арын алау етті. 1923 жылы Жуантөбе ауылы «Ақтоған» елде мекенінде дүние есігін ашқан Қазыхан Айымқұлов 20 жасқа толған шағында соғыс оты тұтанады. Жалындаған жас жігіт Отан қорғау үшін қан майданға аттанып кете барады. 433 атқыштар взводының командирі атанған ол 1943 жылдың 27 шілдесінде оң жақ қолынан ауыр жарақат алып, елге қайта оралады. Ұрыс даласында жүруге денсаулығы жарамаса да, еңбек майданына еш ойланбастан араласып кетеді. Ауылға оралған соң аудандық пионерлер үйінің директоры қызметіне орналасады. Әрбір іске деген жауапкершілік, темірдей тәртіпті ұстанған майдангердің жүйелі жұмысына ел сүйсінді. 1951 жылы аудандық ДОСААФ мекемесінің, 1954 жылы аудандық киноландыру жүйесінің басшысы, Телікөл қой совхозында ұзақ жылдар бойы ферма меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1956 жылы аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін де абыроймен атқарды. Қазекең қай салаға барса да тың өзгерістер мен жаңаша серпін алып келе білді. Онымен бірге қызметтес болған азаматтар мақтанышпен әлі күнге сөз етеді.
Майданның бел ортасында болып, ел басына күн туғанда етігімен су кешкен, жеңіс үшін кеудесін отқа төсеп, ерлігінің арқасында елге аман-есен оралып халыққа қызмет етті. 1989 жылға дейін ауданның әлеуетін арттыру үшін еңбек еткен Қазыхан Айымқұлов қос майданның батыры десек те жарасады. Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен Қазекең кеудесіне «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, ҚР Құрмет грамоталарын алды. Бұл ерлік пен еңбектің бағасы, маңдай тердің жемісі.
Соғыс ардагерлерінің қатары уақыт өткен сайын сиреп, азайып бара жатыр. Бір-екі жылда Жеңісті шинеліне орап алып келген олар жайлы тек естеліктер қана қалуы мүмкін. Сондықтан да сұм соғыстың қасіреті мен бабалар ерлігін жазу, кейінгі ұрпаққа дәріптеу бүгінгі күннің талабы. Тар жол, тайғақ кешуде елі үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан жауынгерлердің ерлігі ұмытылмайды. Соғыстың көзін көрген майдангерлеріміздің өз аузынан естіген естеліктері жадымызда тұрғанда санамызда ерліктің ерен үлгісі жаңғыра бермек.

Баян Нәлібаева, ­
Досбол датқа аулының әйелдер кеңесінің төрайымы
12 қыркүйек 2022 ж. 299 0