Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Кейде өмірден көргені мен түйгені мол адам туралы айтқанда, оның «тағдыры бір кітапқа татиды» деп баға беріп жатамыз. Шынында да солай. От пен оқтың арасынан аман шығып, елі үшін аянбай еңбек еткен Елеупан Жұмабаевтың да өмірі бір кітапқа жүк болады.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жеңіс туын желбіретуге үлес қосқан майдангер сұрапыл соғыста оқ пен оттың ортасында жүріп, жеңіс үшін жанын жалау, арын алау етті. Елеупан Жұмабаев 1916 жылдың 20 мамырында Жаңатұрмыс ауылдық округінде дүниеге келген. 1938 жылы тамызда әскерге шақырылады. Ал 1939 жылы алғаш рет қолына қару ұстап, қиян-кескі фин соғысына қатысады. 1938-1940 жылдар аралығында 1 танк бригадасында атқыш қызметін атқарып, елге аман-есен оралады. Сөйтіп аудан орталығындағы май өндіретін зауытқа жұмысқа орналасады. Осы жылы Рахия Тұрғанбайқызымен отау құрады.
Еш алаңсыз өмірдің тынышын 1941 жылы тұтанған соғыс өрті бұзды. Осы сәттен алаңсыз өмірден береке кетіп, ерлердің барлығы жаппай майданға шақырылады. Солармен бірге 1941 жылдың 1 қарашасында Елеупан Жұмабаев та майдан даласына аттанды. Ол №151 ерекше атқыштар бригадасында жауға қарсы шайқасқа шықты. Бригада 1942 жылы майданға кіріп, немістердің Демян штабын негізгі күштермен байланыстыратын «Рамушев дәлізін» жоюға қатысады. Осы жылдың қыркүйек айында Ловать өзені, Ильмен қаласы мен ескі Русса аралығында қорғаныс ұрыстарын жүргізеді.
Е.Жұмабаев жан алысып, жан беріскен шайқастардың бірінде мина жарықшағынан ауыр жарақат алады. Бұл 1942 жылдың 26 шілдесі еді. Майдангер Қазан қаласындағы госпитальда 9 ай бойы ем қабылдайды. Сөйтіп ІІ топ мүгедектігімен елге қайтады. Ауылға келген соң «Еңбекке жарамсызбын» деп қарап жатпады. Таңның атысы, күннің батысы уақытпен санаспай тылдағы еңбекке аралас­ты. Осылайша тылда аянбай еңбек етіп, елде жүріп ерлік көрсетті.
Қай заманда да соғыс, Отан қорғау — ер азаматтың ісі. Десе де Ұлы Отан соғысы кезінде әйелдер де ерлерден кем болмады. Елде жүріп бар ауыртпалықты көтерді. Соғыс даласына азық-түлік, киім, оқ-дәріні уақытылы жөнелтіп, мал-жаны мен бала-шағасына бас-көз болып отырды. Елеупанның жары Рахия Тұрғанбайқызы да қарап отырмады. Сұлутөбедегі тракторшылар дайындайтын курсты бітіріп, колхоздағы «Универсал» тракторлармен шаш етектен келетін шаруаны тынымсыз атқарды.
Жарасымды жұп 4 ұл мен 4 қызды дүниеге әкелді. Мәуелі бәйтеректей өсіп-өнген әулетке айналды. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөбере сүйді. Тіршілігінде елі, жері, отбасы, Отаны үшін талай тірлік тындырған майдангер 1994 жылы 22 қарашада дүниеден озды.
Біздің Тәуелсіз елде жарқын күн кешіп отырғанымыз, өмірін қиюға даяр болған осындай жандардың арқасы. Сол үшін оларға қандай сый-құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Отаны үшін кеудесін оққа тосқан майдангер Елеупан Жұмабаев майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Ұлы отан соғысы» орденімен марапатталған. Елім деген ерді ұлықтап, кейінгі ұрпақ жадынан өшірмеу үшін Байсын ауылындағы атауы жоқ көшеге Елеупан Жұмабаевтың есімі берілсе деген көптің тілегі бар.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
01 наурыз 2022 ж. 360 0