Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі таланттарға кенде болған емес

Шиелі таланттарға кенде болған емес

Бүгінде есімдері тарихтың қойнауында қалған Қызылорда облысының 10 ғасыр адамының бірі атанған ақын Әбділда Тәжібаев, қазақтың Белинскийі атанған сыншы Мұхамеджан Қаратаев, Жазушылар Одағының ат арбасын айдап жүріп-ақ әлем әдебиетінің жауһарына айналған «Мың бір түнді» қазақшаға аударған Қалмақан Әбдіқадыров, қарымды қаламгер ­Мырзабек Дүйсенов ағаларымыз өздерінің есімдерін қазақ әдебиетінде қалдырған, мақтан тұтар тамаша жерлестеріміз. Сол кісілердің ізін ала өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әдебиетінің ортасына именбей кірген Оразбек Сәрсенбаев ағамыз еді.

Оразбек ағаның әкесі Сәрсенбай ақсақал өмір бойы диқаншылықпен айналысқан кісі. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары Шиелінің даңқын бүкіл қазақ еліне танытқан әрине оның бейнеткеш, еңбекқор халқы болса, одан кейінгі орында сол халықтың қолымен өсірген ақ күрішімен піскен кезде иісі жұпардай аңқып тұратын, жесең тәттілігі тіліңді ойып жіберетін баспалдысы мен сары торламасы еді. Сәрсенбай ақсақал өмір бойы кезінде Шиелінің мақтанышына айналған қауын еккен диқандардың көшбасшысы бола білді. Дүниеде диқан еңбегіндей жаңқиярлық, диқан ырысындай адал ырзық жоқ. Диқан бабымен қимылдап, дақылдың өсу дәуірін жан дүниесімен сезіп, біліп, күтіп, баптап отырады. Өсіп келе жатқан жас дақылдың тілін білу тек диқанның диқанына ғана бұйырған қасиет. Ыбырай Жақаев жөнінде әріптестерінің бірі «Мен ол кісінің күрішпен сөйлесіп тұрғанын байқадым» деген екен.Осы қасиет Сәрсенбай ақсақалдың бойында да бар-ды. Олай дейтінім бала кезімнен Сәрсенбай ақсақалдың егіншілігі туралы әкемнен, ауылдың үлкен кісілерінен талай естігенмін. Сәрсенбай ақсақал тек қауын өсірумен ғана айналысып қоймай, оның ұзақ мерзімге сақталатын жаңа сорттарын шығарып отырумен үнемі айналысып, қауынның бірнеше сорттарын шығарды. Бүгінде бір ғылыми институт бірнеше жыл айналысатын жұмысты Сәрсенбай ақсақалдың бір өзі атқара білді. Бұл ол кісінің керемет диқан екеніне дәлел бола алады. Қазақ «Тектілік те тегінен» деп жатады. Оразбек ағаның өмірлік ұстанымы, жазушылық стиліндегі асықпай анығын айтатыны, кейіпкерінің жан дүниесін аша отырып сол арқылы оқырманға ой салуы, сайып келгенде ыждағаттылығы әкесі Сәрсенбайдың диқангершілігіндегі тиянақтылығынан дарыған деп есептеймін.Оразбек ағаның әдебиеттегі биік беделі, әріптестерінің ол кісіні ерекше жақсы көруі де осы қасиеттерінен деп ойлаймын. Бала кезімнен Оразбек ағаны естіп өстім. Әке-шешесін де, бауырларын да жақсы білемін. Олар өнерге бір табан жақын жандар болып өсті. 

Қызметке араласа бастағаннан Оразбек аға жөнінде көбірек біліп, ұстанымына қанық бола бастадым. Бір қарағанда көп сөйлемейтін томаға тұйық болып көрінгенімен, ашылып сөйлескенде ол кісіден білімді, ол кісіден терең,ол кісіден сөзшең адам жоқ шығар деп ойлайсың. Оның оқығаны да, көңілге тоқығаны да, айтары да көп болатыны сондықтан.

2008 жылдың 12 ақпан күні облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед Шиелі ауданына Нұрлыбек Мәшбекұлын әкім етіп отырғызайын деп келді. Мен ол кісілерді әкімшіліктің алдынан күтіп алып, ішке кіріп әңгімелесіп тұрдық. Жоғарыда депутаттар күтіп отырған. Бірақ облыс әкімі жоғарыға шығуға асықпады. Сәлден соң әкімгершілікке Оразбек аға келді. Қыс мезгілі. Ағаның үстіндегі төгіле тігілген сары тоны өзіне ерекше өң беріп жарасып тұрды. Облыс әкімі Оразбек ағамен бар ықыласымен амандасып, жағдайын сұрап болған соң, «Ореке аға сіз биыл жетпіс жасқа келіп жатырсыз. Қазақ әдебиетіне жарты ғасырдай еңбегіңіз сіңді. Сіздің қаламгерлігіңізді мен жақсы білемін. Адамгершілік қасиеттеріңізді де құрметтеймін. Сізді іздеген себебім жетпіске келген тойыңызды атап өтіп берейін, егер рұқсат етсеңіз» деді. Оразбек аға сәл ойланып тұрды да «Мұхтар інім саған рақмет,мен өмірі туған күнімді атап өткен адам емеспін. Сондықтан да оның қажеті жоқ» деді. Облыс әкімі Оразбек ағадан бұндай жауапты күтпеген болуы керек тосылыңқырап барып «Ореке онда кітаптарыңызды шығарып берейін» деді. «Оны өзіңіз біліңіз» деді. «Ореке аға онда келістік, байланыста боламыз, Шиеліге келіп жатқан себебім ауданға әкім етіп отырғызуға Нұрлыбек Мәшбекұлын алып келдім» деді. Оразбек аға Нұрлыбек Мәшбекұлын жаңа жұмысымен құттықтай отырып, Шиелі деген жақсы аудан, бұл ауданды басқарған талай кісілер республикаға танымал болды. Алла саған солардың жолын берсін деп тілек айтты. Осы әңгімелердің басы-қасында болғаннан соң, осындайда адам болады екен-ау деп Оразбек ағаға таңқалдым. Бұл оның мақтангершілікке, беделге, байлыққа еш қызықпайтындығынан деп есептеймін.Бұндай қасиеті бар адам қазақта көп те емес-ау. Оразбек ағаның ұлылығы да осы қасиеттерінен шығар, сірә.

Әр кезде Оразбек ауылға келіпті деп естіп қалатынмын. Әдетте бір танымал кісі келсе ауданның шала бүлініп қалатын әдеті бар. Бірақ Орекеңнің бірде-бір рет мен келе жатырмын яки қайтып бара жатырмын дегенін естіген емеспін. Тек келерінде Жағыпар Зермұхамедов аға күтіп алып, сол кісі қайтарында шығарып салады екен.Қалған уақытта «Аққұмшықтағы» әкесінің үйінде жатып, шығармашылықпен айналысады. Оразбек ағаның кейіпкерлерінің барлығы дерлік қарапайым еңбек адамдарының болуы да сол шығарманың «Аққұмшықта» жазылғанынан шығар деп ойлаймын. Өз бақытын туған жердің төсінде кетпен шауып-ақ табуға болатынын Ыбырай ақсақал дәлелдесе, өз жаһұтын туған жерден іздеп табуға болатынын осы Оразбек аға дәлелдей білді. «Ауылым – алтын бесігім» деген осы шығар.
Бірде Алматыға Нәби досымның баласының үйлену тойына бардым.Тойға Оразбек аға да келді. Көптен бері көріспеген ағамен шүйіркелесіп қалдық.Елдің жағдайын сұрап жатыр. «Өткен жыл аудан үшін абыройлы болған екен, күзде өткен «Алтын күз» мерекесіне шақырып еді, сырқаттанып бара алмадым, Нұрлыбек ініме сәлем айт, сырттарыңнан жетістіктеріне қуанып жатырмын» деп, ауылға деген сағынышын білдірді. Келген соң аудан әкіміне Оразбек ағаның сәлемін жеткіздім. Нұрлыбек Мәшбекұлы хатшы қызға Алматыдағы Оразбек ағаны қостырды. Сәлден соң телефонның арғы жағынан Оразбек ағаның дауысы шықты. Амандасып, жағдай сұрасып болған соң, аудан әкімі «Сізді аудан халқы сағынып жүр, уақыт тауып жерлестеріңізбен бір жүздесіп қайтсаңызшы» деді. Оразбек ағаның жан дүниесіне аудан халқы сізді сағынып жүр деген сөз қатты әсер еткен болу керек, сәл тоқтаңқырап барып, «Жарайды баратын уақытты өзім айтайын» деді. Мен де аудан әкімінің сол сөзді ¬тауып айтқанына іштей риза болдым. Межелеген күні аудан жұртшылығы Оразбек ағамен кездесті, ол кісінің мәні терең, мағынасы мол, әсерлі әңгімесін тыңдап, бір сусындап қалды. Туған жерін ешкім де еш уақытта ұмытпайды. Оны жырақта жүрсе де есіне алып жүреді. Оразбек аға әлемдегі ең көрікті жердің бірі Алматыда тұрғанымен Шиеліні сағынумен, Шиелінің адамдарын жазумен өтті. Шиелі ол кісі үшін өмірбақи «Жиде гүлдеген» кездегідей даланың жұпар иісі аңқып тұратын секілді көрінеді де тұрады. Бұл ағаның Шиеліге деген сағынышынан туған сезімдер секілді. Өмір бойы әңгімесіне береке-бірлікті, ырзық-несібені, ар-ұжданды, обал-сауапты арқау еткен, қазақ жазушыларының арасында алғашқылардың бірі болып имандылықты насихаттауға бетбұрыс жасаған да осы Оразбек аға.

Жазушыларға берілетін мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек аға биыл 85 жасқа толып отыр. Ол бүгінде арамызда болмағанымен аудан жұртшылығының ол кісіге деген сағынышы әлі басыла қойған жоқ. Өйткені арамызда ол кісінің көзі тірі замандастары, іні-қарындастары, кітабын оқып жүрген оқырмандары Құдайға шүкір, жеткілікті. «Ақын-жазушысын ардақтаған ел – азбайды» деп жатады халқымыз. Алла жазса алдағы күзде, Шиелінің даласы Оразбек ағаның сары тонындай түске еніп жатқан кезде, аудан егін-тегінін жинап, «Алтын күз» мерекесімен қатар ағаның ¬мерейтойы да аталып өтіп жатса, өте жарасымды іс болар еді. Қалың көпшіліктің де Оразбек ағаның өскен жері «Аққұмшықтағы» салынып жатқан жаңа мектептің аты ағаның есімімен аталса деген тілегі бар.
23 мамыр 2023 ж. 110 0