Қаламгер Қалқаман Әбдіқадыровтың туғанына - 120 жыл
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халқымыздың руханиятын жаңа сапалы биікке көтеруге мол үлес қосып, артына елеулі қазына қалдырған қаламгер, жазушы, ақын, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың туғанына биыл 120 жыл толды.
Тумысынан тұлғасы бөлек, өлең жырға деген құштарлығы ерекше әдебиеттің асқары іспеттес тұлғаның өмірі де, өзі де дара, дана. Алғашқы еңбек жолын «Еңбекші қазақ» газеті редакциясынан бастаған ақын тұңғыш өлеңін 1925 жылы осы газет бетіне жариялайды. Жүрек түбіндегі жырға деген іңкәрліктің оянуына да аталмыш газет редакциясы сеп болады. Жалынды жырларын жиып, тұңғыш өлеңдер жинағын «Жалшы» деген атаумен 1928 жылы басып шығарады.
Сонымен қатар, 1935-1951 жылдар аралығында жазылған «Май», «Батыр», «Сәтбаев», «Еділ-Дон», «Келес қызы» поэмалары нақты өмір шындығынан алынып, ерлік пен өнегелі істерін бейнелеген нағыз туынды. Ал, қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы жайындағы «Қажымұқан» повесі 1954, 1956, 1959 жылдары қайта басылса, 1970 жылы орыс тілінде жарық көреді. Поэзия әлемінен бөлек, балалар әдебиетін дамытуға да айтарлықтай үлес қосқан Қ.Әбдіқадыров «Алатаудың бауыры», «Амантай», «Тапқыш», «Тәтті қауын» кітаптарын жазып шығады. Ел жадында сақталған Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданның ортасында жүріп жазған өлеңдері «Серт» атты жинаққа енеді.
Төрт томдық «Мың бір түнді» тікелей парсы тілінен тәржімалаған да біздің жерлесіміз Қ.Әбдіқадыров болатын. Оның аудармасы әлемдік әдебиеттің алтын қазынасына жататын ең үздік нұсқалардың бірі болып табылды.
Қаламынан құнды дүниелер туып, әлем әдебиетін тәржімалаған жазушы жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Бүгінде Қарғалы ауылдық округі, Бұланбайбауы ауылындағы орта мектеп Қалмақан Әбдіқадыровтың есімімен аталады. Жуырда осы аталған мектеп ұжымы ақынның мерейтойын аудандық деңгейде атап өтті. Оған аудандық білім бөлімінің әдіскері Ә.Тәжиева, оқушылар үйі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Жолтаев, №241 мектептің директоры Д.Ахбенбетов және ақынның көзін көрген қарияларымен туыстары қатысты.
Шара барысында жергілікті жерден шыққан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, ақын, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыров жайлы кейінгі ұрпаққа насихаттай отырып, оның өмір жолын, еңбегі мен шығармашылығын халыққа кеңінен таныстыру мақсатында «Сырдың сырбаз саңлағы» атты аудандық ғылыми-практикалық конференция мен жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды.
Жыр додасына ауданның онға жуық білім ордасынан ұстаздар қауымы қатысып, нәтижесінде бас жүлдені №241мектептің мұғалімі Б.Доситяров, І орынды №150 мектептің мұғалімі Ф.Алтынбекқызы, ІІ орынды №127 мектептің мұғалімі К.Абилкайрова мен №156 мектептің мұғалімі М.Ермекбаева ІІІ орынды №84 негізгі мектептің мұғалімі Г.Калтаева мен №157 мектептің мұғалімі П.Ержігітовалар иеленді. Ал ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан ұстаздарға алғыс хаттармен бағалы сыйлықтар табысталды.
Кеш соңында Р.Жолтаев «Қалмақан атамызға» арнаған арнау жырын домбырамен әнге қосса, мектеп оқушысы Г.Болатова өзі жазған өлеңін оқып, көрермендерді тәнті етті.