Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақындығы бір бөлек, аудармашы Қалмақан

Ақындығы бір бөлек, аудармашы Қалмақан



Шиелінің 90 жылдық тарихында есімдері алтын әріппен жазылған тумысы бөлек тұлғалар, ұлтымыздың мақтан тұтар ұлылары мен ұлықтары жетерлік. Туған жердің әр тасын ән қылып, өлеңіне арқау еткен ақын да, жазушы мен жыраудан да кенде емеспіз. Ақын Қалмақан Әбдіқадыровтың «Сырдария» деп соққан ақын жүрегінен төгілген алғашқы өлеңі халқының әлі есінде...
Тумысынан тұлғасы бөлек, өлең жырға деген құштарлығы ерекше Қ.Әбдіқадыров киелі Шиелі топырағында 1903 жылдың 14 сәуірінде дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын «Еңбекші қазақ» газеті редакциясынан бастаған ақын тұңғыш өлеңін 1925 жылы осы газет бетіне жариялайды. Жүрек түбіндегі жырға деген іңкәрліктің оянуына да аталмыш газет редакциясы сеп болады. Жалынды жырларын жиып, тұңғыш өлеңдер жинағын «Жалшы» деген атаумен 1928 жылы басып шығарады.
Поэзия сырын «қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шығар сөз» деп түйген Абай хакім бір өлеңге шымырлық пен сұлулықты тамаша ұластыра білген. Сол ізді ақын Қалмақанның өлеңінен де аңғаруға болады. Қаламынан төгілген жырлардың жинағы 1930 жылдары «Екпін», «Шахтер» сынды атаулармен жарық көре бастайды. Осы бір жылдары өндірте жазған қара өлеңдері мен әңгімелері республикалық газет, журнал беттеріне жиі-жиі басылады. Сол мезеттегі ұжымдастыру дәуірін, ондағы еңбек адамдарының бейнесін бұлжытпай жырлаған Әбдіқадыровтың шығармашылығын жұрт іздеп оқитын болған-ды.
Сонымен қатар, 1935-1951 жылдар аралығында жазылған «Май», «Батыр», «Сәтбаев», «Еділ-Дон», «Келес қызы» поэмалары нақты өмір шындығынан алынып, ерлік пен өнегелі істерін бейнелеген нағыз туынды.  Ал, қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы жайындағы «Қажымұқан» повесі 1954,1956,1959 жылдары қайта басылса, 1970жылы орыс тілінде жарық көреді. Поэзия әлемінен бөлек, балалар әдебиетін дамытуға да айтарлықтай үлес қосқан Қ.Әбдіқадыров «Алатаудың бауыры», «Амантай», «Тапқыш», «Тәтті қауын» кітаптарын жазып шығады. Ел жадында сақталған «Ұлы Отан» соғысы жылдарында қан майданның ортасында жүріп жазған өлеңдері «Серт» атты жинаққа енеді.
Ақындығы бір бөлек Қалмақанның аумарма саласында да жемісті еңбектері жетерлік. Ол Шығыс әдебиетінің классиктері Әбу-л-Қасым Фирдоуси, Әлішер Науаи өлеңдерін, қырғыз А,Токомбаев, орыс жазушысы М.Кожевников шығармаларын тәржімалаған. Сондай-ақ, мәдениеті ерте дамыған араб елдерінің бүкіл әлем мойындаған мызғымас екі тұғыры болса, соның бірі – адамзат тірлігінің өмір деген тұңғиығына сүңгіп, соның ішкі құпиясын бүге-шігесіне дейін ақтарып, барша әлеми тірліктің айнасындай етіп, адамзат санасына селкеусіз сіңірген ұлы шығармасы “Мың бір түн”. Дәл осы «Мың бір түннің» 4 кітабын тікелей парсы тілінен тәржімалаған да біздің жерлесіміз Қ.Әбдіқадыров болатын. Оның аудармасы әлемдік әдебиеттің алтын қазынасына жататын ең үздік нұсқалардың бірі болып табылды.
Шиелі өлкесінде өсіп, әдебиет әлемінде өзіндік орнын таба білген жерлесіміз Қалмақан Әбдіқадыровтың биыл 115 жылдық мерейтойы.   Қаламынан құнды дүниелер туып, әлем әдебиетін тәржімалаған жазушы жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Бүгінде Шиелі ауданында қазақ орта мектебі Қалмақан Әбдіқадыровтың есімімен аталады.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
08 сәуір 2018 ж. 2 213 0