Даланың дарқан дарыны
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында әдебиетті дүр сілкінткен шығармашылық тұлғалар ретінде Мұхтар Мағауин, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақ, Жұмекен Нәжімеденовтердің есімдері айтылады. Олар қазақ әдебиетіне жаңа леп, өзгеше өзгеріс алып келген тұлғалар. Қаламгерлердің қатарында бірнеше романдар мен рисалалардың авторы, аудармашы, журналист Оразбек Сәрсенбаевтың да есімі ерекше айтылуы тиіс.
Қазақ көркем ойы мен көркем сөзіне олжа салған, текті буынның көрнекті өкілдерінің бірі – Оразбек Сәрсенбаев 1938 жылы 20 тамызда Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Ол әкесі Сәрсенбай мен анасы Бибіайшаның тұла бойы тұңғышы. Тақуа әкесінің шежірелі әңгімелеріне қанып өскен кішкентай Оразбек оқу-білімге қатты құмартады. Алайда, денсаулығы сыр беріп, онжылдық мектепті 2 жыл кейін бітіруге тура келеді. Аурушаңдығына қарамастан бала Оразбек өлең жазуға бейім болды. Оның алғашқы туындылары сол кездегі «Стахановшы», қазіргі «Өскен өңір» газетіне жарияланды. Кейіннен облыстық «Ленин жолы» (Сыр бойы), республикалық «Қазақстан пионері» (қазір «Ұлан»), «Лениншіл жас» (қазір «Жас алаш») газеттерінде өлеңдері мен әңгімелері жиі жарық көрген.
Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң Оразбек Сәрсенбайұлы белгілі себептермен шығармашылық ортадан алыстап, ауылға келеді. Еңбек жолын №47 М.В.Ломоносов атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып бастап, кейіннен «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында жауапты қызметтер атқарады. Оның еңбек жолы Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Өнер» баспасының директоры қызметтерінде жалғасты. 1996 жылдың басынан өмірінің соңына дейін «Қайнар» баспасының тізгінін ұстады.
Десе де, Оразбек Сәрсенбаевтың еңбегі мен шығармашылығы қоғам мен мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды. «Уәде» повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы, «Шамшырақ» романына халықаралық «Алаш» сыйлығы, «Шеңбер» романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. «Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері» атанды.
Оразбек Сәрсенбаев 20-ға жуық кітаптың авторы, Мұстафа Шоқайдың еңбегін елге насихаттаған алғашқы тұлғалардың бірі, рисала жанрын қайта жаңғыртушы. Қазақ әдебиетінің тарихында бұл жанрда алғаш қалам тербеген – Абай Құнанбаев. Оның философиялық жазбалар бізге «қара сөздер» ретінде белгілі. Ал, О.Сәрсенбаев ұмыт қалып бара жатқан осы жанрды қайта жаңғыртып, ұрпағына діни тәрбиелік мәні зор мол мұра қалдырды. Ол 2015 жылы 77 жасында өмірмен қош айтысты. Алайда, артында мәңгі өлмейтін, қаншама буынға азық болар көркем шығармалары қалды.
Өткен аптада жазушының 80 жылдығына орай өзінің кіндік қаны тамған жерінде еске алу кеші болып өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен «Шындық пен шеберлік. Кемел кемеңгерлік» атты жиында О.Сәрсенбаевтың достары, қаламдастары мен жақын бауырлары, кітапсүйер қауым жиналды. Еске алу кешін аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ашып, жазушының жүріп өткен жолы, шығармашылық жетістіктері жайлы баяндады.
Шара барысында О.Сәрсенбаевтың мерейтойына орай алдын ала ұйымдастырылған «Сұлу Сырдың бойындағы Иран бақ, атың қандай сүйкімді еді Шиелі» атты оқушылар арасындағы мүшәйра мен эссе сайысының және жас журналистер арасындағы шығармашылық байқаудың қатысушылары салтанатты түрде марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы бағалы бұйымдар мен ақшалай сыйлықтар және жазушының кітаптары табысталды.
Кештің келесі бөлімі жазушы жайлы толғаныстар, әдемі естеліктер мен әсерлі әңгімелерге жалғасты. Оразбек Сәрсенбаевтың бала кезден бергі досы, Шиелі ауданының құрметті азаматы Рахым Мауияұлы, рухани інілері, мәдениет қайраткері Ағайдар Ысымов, Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтай, бауыры, кәсіпкер Бақтияр Әбдіраманов, жазушының інісі, суретшілер одағының мүшесі Әбілқасым Сәрсенбай және қызы Гүлназ Оразбекқызы қаламгердің қилы тағдыры, достық, ағалық, әкелік тұлғасы, сертке адалдығы, қарапайымдылығы мен кеңпейілділігі жайлы естеліктерін айтты. Жиынды Қазақстан журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил жүргізіп отырды. Екі сағаттан аса тапжылмай отырып тамашалаған көрермендер кеш соңында ерекше әсермен тарқасты.
Гүлхан ЯХИЯ.