Оразбек Сәрсенбаев – 80
Биыл қазақ әдебиетінде көркем ойы мен көркем сөзіне олжа салған осынау тебінгілі, текті буынның көрнекті өкілдерінің бірі, Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тумасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбаевқа 80 жыл. Бар ғұмырын жазушылыққа арнаған белгілі қаламгердің осы уақытқа дейін жиырмадан астам кітабы жарық көріп, әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылған Оның әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия бағытындағы жарияланымдары оқырманға кеңінен таныс. Сондай-ақ, аудандық «Өскен өңір» газетінің шығармашылық ұжымында қызмет атқарып, түрлі әңгіме, эсселерін жарыққа шығарады. Одан бөлек, баспагер және аудармашы ретінде ислам әдебиетін қалың оқырман арасында насихаттау ісінде қажырлы еңбек еткен тұлға.
ҚАЛАМЫҢЫЗ ҚАРАШАНЫ ТЕРБЕТКЕН
Баспа ісін жанға жақын кәсіп қып,
Газет-журнал, том-том кітап басылды.
Жазушылық Құдай берген нәсіп деп,
Роман, аңыз, әңгімелер жазылды.
Әдебиетке салған ізің өшпесін,
Өткелдер де, шыңдар да көп сен жеткен.
Бұзып-жарып сөздің кие көмбесін
Қаламыңыз қарашаны тербеткен.
Хақ Құдайдың бұйырғандай бағы шын,
Бұл атырап қазынасы жыр-әннің.
Тудай ұстап түсірмеген намысын,
Оразбектей оғландары Тұранның.
Жау қиратып жатпаса да екпіні,
Азаматын арзандатпас еш халық.
Гүл көктемде туған сендей тектіні,
Туған жері жатыр бүгін еске алып.
Сүрлеуің де соқпағың да бір аңыз,
Салған жоқсың өкініштің өрнегін.
Өзің барда қуанатын мына қыс
Сыйлап қазір тұр-ау, сірә, елге мұң.
Жан едіңіз ұсақтықты тыйған мың,
Еш ойламай арсыздық пен айланы.
Қағидатын қазық қылып иманның,
Елге бердің өлшенбестей пайданы.
Гүлхан ЯХИЯЕВА.
Ойлы сөздің өкілі
Қаламынан заманының ауырлау боп желі есті,
Тауқыметті қилы кезең бейнеледі кеңесті.
«Ең қиыны өз дәуірін жазу» деген көкемнің,
Сұқбатында айтқан сөзі сақтаулы тұр әлі есте.
Туған жердің сүйіп әрбір түйіршіктей кесегін,
Романдағы кейіпкермен ғұмыр бірге кешетін.
Жазушыны дәл өзіңдей топырағына аунатқан,
Шиеліге құдіретті таңдай қағып өтемін.
Назды өлеңмен жастығында жыр бұлағын ағызып,
Мөлт етеді тұнығындай сезім сыры тамылжып.
«Стахановшы», «Лениншіл жас», «Ленин жолы»
газеті,
Жазушыға шабыт берген өлең жырды жазғызып.
«Шамшығары» тағдырлардың кермек дәмін дөп
басты,
«Шеңберіде» соқпақты жыл социализммен
топтасты.
Шыншыл, сыршыл жазушының романымен
ұштасып,
«Доланасы» фильм болып көрерменге жол
тартты.
Тәржімалап түрлі кітап асыл мұра қалдырған,
Қызың едім шығармаңмен жалынды отты
жандырған.
Көркем сөзбен кеудесіне таққан түрлі төсбелгі,
Сәрсенбаев Оразбектей жазушыны жыр қылған.
Жастанады кітабыңды жас жазушы тамсана,
Таңды таңға ұрады екен оқу үшін пәлсапа.
Ұтқыр оймен ұшқыр қиял астарласып әдемі,
Ой туады кітаптардан зерделеген сан сала.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Ескі бақтар дауысыңды сағынды
Жаны жайсаң жандар көп Сыр елінде,
Есімдері сақтаулы жүрегімде.
Тектіліктің не екенін ұғындырып,
Із қалдырған өшпейтін бұл өмірде.
Ұштастырып мақсаты мен арманын,
Жырларыңмен үзілгенді жалғадың.
Үлкенге де кішіге де қамқор боп,
Парасаттың аспанында самғадың.
Ауылым деп еске алғанда жадырап,
Бар тыңдаушың бір өзіңе табынад(ы).
Майда қоңыр, дауысыңды ырғақты,
Әлі күнге ескі бақтар сағынад(ы).
Осылай бір жанушы еді жанарың,
Бар гүлдерін тербегендей даланың.
Жазушы боп өтсең дағы өмірден,
Өлеңге де қамқорлықпен қарадың.
Бәрі, бәрі, бәрі де өтті сол бір шақ,
Деп тұрушы ек, сіздей болып сән құрсақ.
Өзіңіздей қалам тербеп тереңнен,
Жыр сүйетін жүректерде жаңғырсақ.
Деп жүруші ек биік болсақ өзіңдей,
Еңбек етіп күні-түні көз ілмей.
Халқың үшін терің төгіп маңдайдан,
Жүруші едің шаршағаның сезілмей.
Қайран күндер, өткен сол бір шақтар-ай,
Бара жатыр қарайламай, тоқтамай.
Жалын өмір аспанменен астасса,
Орынында қалмас деп ең шоқ қалай?
Үлгі етеді кейінгі ұрпақ жолыңды,
Көңілдерге сәуле құяр толымды.
Аға, сіздің жүріп өткен жолыңыз,
Аппақ арай, таң нұрына шомылды.
Дина ЖҮСІПОВА.
Тұлға
Заман көші уақытқа жұтылып,
Кімдер кетті, кімдер қалды құтылып.
Қоғам көшін адастырмай бастайтын,
Тұлғалар ғой сөзі менен ісі нық.
Туған жерім, айбар елім Шиелім,
Сыр ананың мекен еткен жиегін.
Қарт қаратау арқа тұста панам ғой,
Шежіресі тұнып тұрған жыр елім.
Ия, солай деп көптік етпес мақтансақ,
Із қалдырған, кейінгіге ой тастап.
Зар заман деп айтып жүрміз біз бүгін,
Өткен ғасыр отыз жетісін қан қасап.
Арыстардың орнын басып сол жылы,
Перзент келді Сыр бойына әйгілі.
Қарапайым отбасында ер жетіп,
Ұя басты Алатауға қар шыңлы.
Тар заманда сөз зергері атану,
Шығармасын одақ болып мақтану.
Әркімдерге қол жетпейтін биіктік,
Орны мығым, оған болмас шет қалу.
Мақтан тұтып Оразбектей ағаны,
Дүйім елі әр кез еске алады.
Сексен жасқа өзің жоқ боп келсең де,
Шығармалар мәңгі мұра қалады.
Жұлдызай НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ.