Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » өр алтайдың мұзбалағы

өр алтайдың мұзбалағы

Биыл – «Алтайдың жыршысы» атанған қазақтың көрнекті жазушысы, қара сөздің хас шебері Оралхан Бөкейдің дүниеге келгеніне 75 жыл. Оралхан Бөкей – қасиетті Алтайда, әйгілі Шыңғыстай ауылында дүниеге келгенімен, Шығыс Қазақстанның ғана емес, күллі алаш жұртының мақтанышына айналған аңыз адам. Сондықтан, қаламгердің мерейтойына орай тұлғаның есімін ұлықтап, шығармаларын ел жадында жаңғыртуды жөн көрген кітапхана ұжымы өзінің кітапқа құштар оқырмандарына ұғындырары мол рухани демалыс сыйлағанды жөн санапты.Жасөспірімдердің оқу мәдениетін дамыту, бойына патриоттық сезімді ұялату, ұлттық идеологияны дамыту, оқушыларды қазақ жазушыларының шығармаларымен жете танысуға баулу, оқуды насихаттау мақсатында аудандық балалар кітапханасының оқу залында әдеби кеш өткізілді. «Ғибратты ғұмыр иесі» тақырыбын арқау еткен осынау жиын Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына арналды.
Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылық қызметі туралы баяндалып, жас оқырмандар тұлғаның шығармашылық қырымен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, Оралхан Бөкейге арналған белгілі ақындардың қаламынан туған арнау өлеңдер мен кеш кейіпкерінің прозасынан оқылған монолог жиынның маңызын арттыра түскендей. «Қар қызы» повесінен қойылған үзінді көрініс те үлкен әсермен қабылданды. Қар қызы мен Оралхан Бөкейді Н.Балтабай мен А.Самединовтың сомдауындағы бей­нелердің шебер берілуі жиылған жұртты тәнті етті. Кітапханашы Перуза Түлкібайдың ұйымдастыруындағы аз уақытты қамтыған кештің мазмұны бай болғандығын оқырман­дардың көңіл-күйлерінен аңғару қиынға соқпады. Іс-шараны қорытындылаған кітапхана меңгерушісі Ұлторы Ешмаханова барша оқырманға алғысын білдіріп, алдағы уақытта да игі жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.


Дина ӘБІЛАСАН.
24 қараша 2018 ж. 1 788 0