Заңғарлық жолында
Танымал кісілер туралы естелік жазудың қиындығы сол – ол ертеңгілер есіне түсіретін, ойына алатын, ақиқат аясында шынайы сомдалған шындық сөз айту. Киелі Шиелі топырағында дүниеге келіп, қазақ халқының көрнекті жазушысы дәрежесіне дейін жеткен «Жаңатұрмыс» ауылының тумасы Оразбек Сәрсенбай ағамыз жайлы жазу – кез-келгеннің несібесі емес. Қою қара мұрты өзіне ғана жарасқан, өте биязы, байсалды, интелегенті мол, елу жасқа толып, ел ағасы атанған шағында алғаш рет көруім жазушы ағаны. Бұл 1989 жылдың 19-шы қараша күні болатын. Баспасөзге жанымыз құмар болғандықтан, бұған дейін ол кісінің шығармашылығынан хабарым бар еді. «Өскен өңір» газеті бетінен, жастар жапырыла оқитын «Жас Алаштан» қызықты әңгімелері мен туған жер, Шиелі туралы өлеңдері оқырмандарын елең еткізетін. Ағайдың шығармаларынан ауылды, гүлдеген жиде, шеңгел, жыңғылды, күнге піскен ауыл адамдарын, бізге таныс күрішшілер мен қауыншыларды, Жұмабайдай батыр тұлғаны оқитынбыз. Елде еңбек етіп жүрген еңбекшілермен жүздескендей болатынбыз.
Аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін он жылдай абыройлы атқарып келе жатқан Жағыпар Зермұхамедов ағаймен арада ағалы-інілі сыйластығымыз бар-тұғын. Мені Жақаң аудандық пионерлер үйінің директорлығынан аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне ұсыныс жасаған ұстазымның бірі болатын. Жазушы ағамызбен кездесетін жылы мен аудандық паспорт столының бастығы едім. Ж.Зермұхамедовтың хатшы қызы «бастық сізді жолығып кетсін» деп жатыр – деді, телефон арқылы. Барсам методикалық кабинеттің алды ығы-жығы адам. Мектеп директорлары, мұғалімдер, «Өскен өңірдің» бас редакторы Зәкім Жайлыбаев, оның орынбасары Жолдас Сырғабаев және журналист Сәфи Құрманаев ағаларымыз да осында екен. Әскери формада жалғыз өзім. Жапырлап ішке ендік. Сөйтсек, бұл белгілі жазушы, «Жазушы» баспасының бас редакторы, Алматыдан келген Оразбек Сәрсенбаевпен кездесу кеші екен. Марқұм, жаны жәннатта болғыр Жақаңа рақмет! Осыған қатыссын, жазушыны көрсін, білсін, танысын деген. Енді осы кездесу естелікке айналып, қағаз бетіне түсуде. Ж.Зермұхамедов өзінен бойы бір бас аласа, бидай өңді, әдемі келген сыпайы кісіні «Мынау менің досым, інім, жерлестеріңіз, танымал жазушы Оразбек Сәрсенбаев бүгін бізде қонақта» деп таныстырды. Қалың шашын сол жағына қиялай жатқыза қайырған Оразбек ағамыз сәл жымиып, орнынан көтерілді. Қол шапалақтауды шәкірттеріне үйретуден жалықпаған ұстаздар ду шапалаққа басты. Жазушы ештеңеге қараған жоқ. Бірден бастады.
– Ия, біз де ел ағасы болып қалдық. Мен мына «Жаңатұрмыста» туғанмын. Отбастарыңыз аман ба? Бүгінде елге сәлем бере келгенмін. Жақаң осы шараны ойластыра қойыпты. Әке-шешеміз әзір бақуат. Әкем Сәрсенбай Байкенжеұлы колхозшы-бақташы болған. Сәрсенбайдың «сары күләбісі» деген қауын сортымен аты шыққан. Тәтті қауынды жеп көргенде шығарсыздар?
– Анам Төлепбайқызы Бибіайша сол кісінің көмекшісі болыпты деп, жұртты бір күлдіріп, өзіне қаратып алды. Одан соң «Жансейіт» бөлімшесіндегі 3 кластық мектептің есігін ашқанын, «Ақтоған» жеті жылдық мектебін бітіріп, аудан орталығындағы №45 қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырып, 1957 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдағанын сөзге тиек етті. Онан соң Шиелідегі М.В.Ломоносов атындағы №47 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, мұғалім болғанына тоқталды. Одан әрі 1966 жылы Алматыға, жастар газеті «Лениншіл жасқа» қызметке шақырылғанын, бұдан кейін «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарғанын, бүгінде «Жазушы» баспасының бас редакторы екендігін айтып шықты. Ал, шығармашылық өмірбаяны мектеп қабырғасында, университетте оқып жүрген шәкірттік жылдарда басталғандығын айта келіп, бірнеше сұрақтарға жауап берді. 1987 жылы «Уәде» атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығын алғанын мақтаныш сезімімен жеткізді. «Мектептердегі жас таланттарды анықтау, оларға қамқорлық жасау – мына сіздерден бастау алады» – деді, Оразбек Сәрсенбаев, мектеп директорлары мен мұғалімдерге сілтеме жасап. Сол кезде-ақ, Оразбек ағамыз өзінің жан-жақты терең білімділігін, ой-өрісінің кең шеңберін, айтуға шебер, сөзге шешендігін аңғартқан еді. Шығып сөйлеген аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Зәкім Жайлыбаев «Біз Оразбек Сәрсенбаевпен мақтануымыз керек. Қазір Орекең қазақтың сөз зергеріне айналды. Оның творчествосы туралы Әбіш Кекілбаев, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Герольд Бельгер, Мұхтар Мағауин, Әнес Сараев т.б. сияқты белгілі жазушылар жақсы пікірлер жазып, жоғары баға беруде. Бұл біздің де, Шиелінің де мерейі – деді, О.Сәрсенбаевқа құрметін көрсетіп. Мұнан соң мектеп директорлары атынан №50 Абай атындағы орта мектептің директоры, «КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің озаты», «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Асанбек Бәкіров, оқырмандар атынан, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері», ардагер ұстаз Досмахан Сұлтановтар жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың шығармашылығына тәнтілік ойларын жеткізіп, «Жаңатұрмыстың» дарынды ұлына ризашылықтарын білдірді. Досмахан көкеміз ақ батасын бере кетті. Жазушы ағамыз кездесу үстінде де, одан шыққан соң да өзін бірқалыпты ұстады. Жазушы көп сөйлемейді, көп жазадының сыңайын танытты. Жарасымды, мәнді өткен кездесуден соң аңқылдаған, жарқылдаған Жағыпар ағаның отбасынан дәм таттық. Оразбек ағамыз дастарқан басында да қарапайымдылығымен, ұстамдылығымен, биіктігімен, ретті қалжыңдарымен, әдемі күлкісімен, жайдары бейнесімен есімде қалған еді. Сол жерде үйімдегі кітапхана сөресінде тұрған жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың «Замандас» деген кітабын алдырып, ағаның қолтаңбасын сұрадым. Күлімдей келіп, «Өркен інім, өнерің өрге өрмелей берсін!» Автор О.Сәрсенбаев 19/ХІ-89 деп қол қойып берді. Сол үшін де бұл күн, бұл кездесу маған сондай ыстық, сондай жақын, сондай қымбат болып, жадымда қалған болатын. Бәрі-бәрі кешегідей көз алдымда көлбең қағады. Онан кейін де суреткер жазушы «Өнер» баспасының директоры, 1996 жылдан өмірінің соңына дейін «Қайнар» баспасының бас директоры қызметтерін абыройлы атқарады. Қызметті жазушылықпен қатар ала жүріп, 20-дан астам кітап жазған. Оның әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия саласындағы жарияланымдары оқырманға кеңінен таныс. Қаламы қарымды, суреткерлігімен ерекшеленген жазушы О.Сәрсенбаев негізінен бүгінгі заман тақырыбына ден қояды. Сонысымен халықты баурап алады. Оның «Шамшырақ» романына халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының берілуі, «Шеңбер» романы үшін «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын алуы, омырауына ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет», «Парасат» ордендерін тағуы, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері» атануы, оның әңгімесі негізінде «Долана» көркем фильмінің түсірілуі – заңғарлықтың, биік шыңнан көрінудің белгісі.
Сонымен қатар, О.Сәрсенбаев баспагер және аудармашы ретінде ислам әдебиетін қалың оқырмандар арасында тарату ісінде елеулі еңбек еткен жазушы. Ол «Құран кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Шайтаннан сақталу жолдары», «Мұсылмандық әдеп сабағы», т.б. ондаған кітаптарды қазақшаға аудару ісіне де тікелей араласады. Заңғар жазушы О.Сәрсенбаевтың жеке шығармалары орыс, украин, якут, эстон, марий, тува, қытай, венгер, ағылшын, корей, татар, өзбек, қырғыз т.б. тілдерге аударылған. Оның жазған қызықты әңгімелері мен повестері жер шарын, әлем халықтарын аралап кеткелі қашан. Оразбек ағаның соңғы жазған кітаптарының бірі – «Азаттық құрбандары» тарихтан тағылым, ұрпаққа ұлағат іспетті, еліміздің егемендігі, тәуелсіздігі үшін өз бастарын құрбандыққа шалған Тұрғанбай датқа, Құтпан ата, Иманжүсіптер жайлы тарихи толғақты туындысы да оқырмандары іздеп жүріп оқитын төре кітапқа айналды. Ел жұртының ыстық ықыласына бөленген жерлесіміз, жазушы О.Сәрсенбайға 2008 жылы Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл да жазушының таптырмас, айтуға лайық шеберлігі деп білеміз. Танымал жазушы Оразбек ағамыздың дүниеден озғанына да үш жылдың жүзі болыпты. Ол 2015 жылы Алматы қаласында дүниеден озды. Артында шығармашылық мол мұра қалдырған, жерін, елін, Шиелісін сүйіп өткен, сөйтіп:
Жер бетінде бір мекен бар киелі,
Деп айтады ән менен жыр, күй елі.
Сұлу Сырдың бойындағы Иран бақ,
Атың қандай сүйкімді еді Шиелі! – деп жырлаған, жұдырықтай жүрегіне адамға тән бар жақсы қасиеттерді сыйғызып, өзінің адами сезімін, махаббатын халқына, еліне, туған жеріне арнаған қайран ағаны қалай еске алмасқа?!
Жаңағы «Шиелі» деген өлеңін:
Күн төбеден нұрын шашып сүйеді,
Жер төмендеп қос емшегін иеді.
Сен туған жер қасиетті Шиелі,
Мен туған жер қасиетті Шиелі – дейді, ағынан жарылып. Былай деп Оразбектей жаны ақын боп жаратылып, дүниеден қазақтың көрнекті, заңғар жазушысы болып өткен ағамыз ғана айта алған. Осы естелігім арқылы мен мыңдаған оқырмандардың бірі ретінде жазушыға деген құрметімді жеткізгім келеді. Жазушы О.Сәрсенбаев туралы айтылар сөз әлі алда.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы».