Бір ғасыр білім берген қос шаңырақ
«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», деп ақын Мағжан айтқандай білім ордаларының жай-күйі әркез маңызды. Бүгінде ауданда ғасыр жасап, сан мыңдаған шәкірттің қанатын қомдаған киелі шаңырақтар бар. Олар кенттегі №45 «Ақ Орда» мектеп гимназиясы мен №40 Алма Қыраубаева атындағы мектеп.
Иә, мектеп – іргелі білім ордасы, кешенді ғылым орталығы, заманының заңғар перзенттері қызмет еткен қасиетті қара шаңырақ. Білім мен ғылымның ғана емес, көрнекті мемлекет пен қоғам қайраткерлерін тәрбиелеп өсіретін шеберхана іспетті.
Иә, мектеп – іргелі білім ордасы, кешенді ғылым орталығы, заманының заңғар перзенттері қызмет еткен қасиетті қара шаңырақ. Білім мен ғылымның ғана емес, көрнекті мемлекет пен қоғам қайраткерлерін тәрбиелеп өсіретін шеберхана іспетті.
№45 «Ақ Орда» мектеп гимназиясы қойнауына талай тарихты бүгіп, осы жылдар ішінде қаншама шәкірттің жүрегіне нұр құйып, түлетіп ұшырды. Білім ордасынан Шиелі өңірінің даңқын шығарған 500-ден астам жарияланымның авторы, оның ішінде 40-тан астам монографиялар, оқулықтар мен кітаптардың авторы, философия ғылымының докторы, профессор Досмұхамед Кішібеков, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Оразбек Сәрсенбаев, отыздан астам ғылыми мақаланың авторы, математика ғылымдарының докторы, профессор, академик Асқар Жұмаділдаев шықты. Сондай-ақ соғыс және еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Ғафур Мұхамеджанов, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Сейілбек Шаухаманов, генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов, қарымды қаламгер Дәулетбек Байдрахманұлы, ауданның Құрметті азаматы, білім саласының ардагері Рахым Мауяев, ҚР Президенті телерадиокешенінің креативті директоры Нұрлан Қоянбаев, белгілі тележүргізуші Руслан Бөлебай секілді айтулы азаматтар білім алған. Бүгінде сол сара ізді жалғап, соңғы он жылдан бері Айнұр Архабаева осы ұжымды басқарып келеді.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» деген осы шығар. Бұл мектептен көктеген талай жас шыбықтың тамыры тереңдеп, алып еменге айналғанына аудан жұртшылығы куә. Талай ұрпақ білім алып, тәрбие көріп, болашаққа қадам басты. Берісі – қала, облыс, әрісі республиканың экономикасы мен мәдениетіне үлестерін қосуда, – дейді мектеп басшысы.
1922 жылы ең алғаш іргетасы қаланған «Сары шығанақ» бастауыш мектебі, бүгінгі таңда қазақтың көрнекті ғалымы, филология ғылымдарының докторы Алма Қыраубаеваның атымен аталады.
– «Толған ел тарихын таспен жазады» демекші, талайдың тағдыр жолын түзу таңдап, білім көкжиегін кеңейтуіне түрткі бола білген – №40 Алма Қыраубаева атындағы орта мектебі деп шүбәсіз айта аламын. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап аудандағы алар орны мен басар салмағы бар айтулы білім ордасына басшылық қызметте жұмыс істеп келемін. Тұтастай бір ғасырды артқа тастаған оқу ошағының толайым тірлігі мен ілкімді істері ауыз толтырып айтарлықтай. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қасиетті қара шаңырақта ұлт көсемі М.Шоқайұлы бастаған танымал саясаткерлер, театр тарландары, дарынды драматургтер, айтыскер ақын, ғылым докторлары, халық ағарту ісінің озық қызметкерлері сауатын ашқан. Сондықтан бізге артылар жүк те жеңіл емес, – дейді мектеп директоры Дәуренбек Насибеков.
№40 орта мектеп – әр тірлікте тандемде жұмыс істейтін, педагогтардың, оқушылар мен ата-аналардың дарынды арсеналы бар монолитті оқу орны екені сөзсіз. Әркез уақытпен санаспай жұмыс істейтін жандардың еселі еңбегі – соның айғағы болса керек-ті. Бұл ұйыған ұжым бірлігінің бекемдігі, шығармашылық қабілетінің қарқынын одан әрі айшықтай түседі.
Г.ДҮЙСЕБАЙ