Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұржан Ахатов: Жұмыссыздық деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне ықпал етті

Нұржан Ахатов: Жұмыссыздық деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне ықпал етті




Шежірелі Шиелі өлкесі – тарихқа бай, елі еңбеккеш, дамуға даңғыл жол сала білген мекен. Мұнда 40 жылдан бері өндірістің өрлеу үрдісі үздіксіз жалғасып келеді. Ел экономикасының еңсе тіктеуіне дем берген №6 кен басқармасы 40 жылдық белесінде келешегі келісті, өндірісі өрісті қанат жайған қуатты кен орнына айналды. 40 жылдың бедерінде жаңа көкжиекке көз салған басқарма даңқты датаны өз деңгейінде атап өтті.

Өткен жұма күні жер жүзіне атағы жайылған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының мерейлі датасы Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінен бастау алды. Оған Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Байқадамов, аудан әкімі Нұржан Ахатов, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының HR және цифрландыру жөніндегі бас директоры Әлібек Мансұрұлы қатысты. Алыс-жуықтан жиналған сала ардагерлерімен қатар кәсіпорын қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері де төрден табылды.

Күмбірлі күй, дүбірлі жырмен көптен күткен шара басталып кетті. Мерейлі кеш те алғаш боп сөз алған Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Байқадамов сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, кен басқармасына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ыстық ықыласын жеткізді. Одан кейін сөз алған аудан әкімі Нұржан Ахатов кен басқармасын 40 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

“Еліміздегі тау-кен өнеркәсібінің жетекші салаларының бірі – уран өндірісінің жолға қойылғанына биыл 72 жыл толды. Бүгінде уран өндірісі аймағымыздың, оның ішінде киелі Шиелі ауданы экономикасының негізгі тірегіне айналды. Жалпы Қазақстанда әлемдегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 проценті, яғни жылына 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі. 2018 жылдан бері еліміз уран өндіру мен сату бойынша әлемде бірінші орынға, ал уран қоры бойынша екінші орынға тұрақтады. Нәтижесінде, қазіргі таңда «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясында» жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының саны 20 мың адамға жетіп отыр. Бүгінде кәсіпорын ізденіс пен үздіксіз еңбектің нәтижесінде қуатты құрылыс базасын қалыптастырып, материалдық-техникалық базасын толықтай жаңартты. Мұнан бөлек, 500-ден астам азаматты тұрақты жұмыс орындарымен қамтып, жұмыссыздық деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне ықпал етті”, – деді аудан әкімі.

Тарихи деректерге тоқталсақ, сонау 1983 жылы Кеңес Одағы тұсында Шиелі кентінде Ленинабад тау-кен-химиялық комбинаты құрамына кіретін «РУ-6» деп аталатын уран өндіруші кәсіпорын құрылған болатын. Осы сәттен бастап, алғаш рет аудандағы «Қарамұрын» кен орнында уран өндірісі бастау алды. 1997 жылы мемлекет тарапынан қабылданған шешімдер нәтижесінде «Қазатомөнеркәсіп Ұлттық атом компаниясы» құрылып, «№6» кен басқармасы ұлттық атом компаниясының құрамына кірді. Міне, дәл осы кезеңнен бастап, кәсіпорынның жұмысы жүйеленіп, 2001 жылы «Оңтүстік Қарамұрын» кен орнында жаңа кен шығаратын орын іске қосылды және 2 жылдың ішінде өнеркәсіпте жұмыс істейтін жұмысшылардың саны еселеніп, 370 адамға дейін жетті. Кен басқармасы мұнымен тоқтап қалмай, заман талабына сай құрылымын толықтай өзгертіп, уранды өндіру және қайта өңдеуге бағытталған жаңа кен орындарын іске қосу арқылы «№6» Кен басқармасы аймақ экономикасына үлкен серпіліс алып келді. Сонымен қатар ең озық заманауи технологияларды қолдана отырып, уран өндірудің тиімділігін арттыру үшін жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу арқылы өндірістің өрісін кеңейтуге басымдық берді. 
Өткен тарихты бағамдамай, болашаққа қадам басу – қателік. Қай уақытта болмасын өткеннен сабақ алып, болашаққа болжам жасап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету үрдісі қалыптасқан. Дәстүрлі үрдісті бұзбаған облыстық мәслихаттың төрағасы Н.Байқадамов «6 Кен басқармасы» ЖШС бас директоры Дәуіржан Ысқақовты Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен марапаттап, ел алдында ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ шарада бірқатар кен басқармасы қызметкерлері облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Мұнымен қатар І дәрежелі «Қазақстан Республикасы атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті төсбелгісін кәсіпорында қажырлы қызмет еткен бірқатар азаматтар кеудесіне тақты.

Салтанатты кеш соңы ауданның орталық алаңында эстрада жұлдыздары Айгүл Иманбаева, Кеңес Әлімжан, Дінмұхамед пен Дана және «Идеал» триосының қатысуымен гала концертке ұласты. Ән-жырдан шашу-шашып, аудан тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
23 мамыр 2023 ж. 114 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930