Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұржан Ахатов: Ауданнан 6 мыңнан астам адам соғысқа аттанған

Нұржан Ахатов: Ауданнан 6 мыңнан астам адам соғысқа аттанған


Отанды қорғау қазақтың қанына ананың ақ сүтімен сіңді. Ал генетикалық жадына алты мың жыл бұрын арғымаққа қонған бағзы бабалардан дарыды. Қаншама зұлмат замандарды бастан кешкен қазақ елі бүгінде бейбіт күннің қадірін ұғынып үлгерді. Себебі ақтық демі қалғанша туған жерін қорғаған жауынгерлердің айбыны, тылдағы жұмысшылардың ерен еңбегі мәңгі өшпейді. Жылдағы дәстүр бойынша кеудесіне орден, медальдарын жарқырата тағып алған соғыс ардагерлері, сала мамандары мен аудан тұрғындары мәдениет үйіне жиналды.

Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шараның шымылдығы шағын қойылыммен басталды. Әрмен қарай Сакура Елемесованың орындауындағы патриоттық әнмен жалғасын тапты. Сахнаға Мемлекеттік ту әкелініп, Әнұран шырқалды. Содан соң кешегі жауынгерлер мен олардың ізін жалғастырған Отан қорғаушыларды аудан әкімі Нұржан Ахатов құттықтады.

«Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осыдан тура 78 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыс жеңіспен аяқталды. Әрине, бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Шартарапты шарпыған Ұлы Отан соғысы әрбір әулеттің, әрбір азаматымыздың жүрегіне қаралы ізін қалдырғаны белгілі. 1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысына «Отан үшін соғыссаң – күймейсің, арың үшін алыссаң – өлмейсің» деген халық даналығын үлгі еткен 1 млн 366 мың қазақстандық қатысты. Бұл соғысқа облыстан 70 мыңнан астам адам аттанды. Оның 35 мыңы майдан даласында қаза тапты. Ал ауданнан 6 мыңнан астам адам соғысқа аттанып, олардың 4407-сі майдан даласынан оралмай қалды. Қос мерекені қатар атап өту арқылы біз Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыздың ерлік жолын насихаттап, елдің тыныштығын, шекарамыздың бүтіндігін сақтауда әрбір азаматтың алар орны ерекше екендігін жас жеткіншектерге ұғындырмақ ниеттеміз. Сонда ғана жас буын ерліктің қандай қасіретпен, бейнетпен келгендігін жан дүниесімен сезінеді деп ойлаймын», – деді Нұржан Ахатов.

Салтанатты кеш аудан әкімінің құттықтау сөзінен соң марапаттау рәсіміне ұласып, бірқатар сала мамандарына облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттары табысталды. Тоқталар болсақ, «Тәжік-Ауған» шекарасындағы жауынгерлік іс қимылдарының ардагері Ержан Дәуренбеков «ҚР құқықтық тәртіп әскеріне 30 жыл» медалін кеудесіне тақса, Отан қорғау жолында қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналары мен жұбайлары да марапат төрінен көрінді. Сонымен қатар мереке қарсаңында «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің» инспекторларына жаңа, жол талғамайтын техника табысталды. 

Мұнан соң аудан өнерпаздары Сафуан Көрегенов, Айжан Тәженова, Гүлнара Санаубаева, Мұхит Әбенов, Гүлсім Тұрсынбектер патриоттық әндерді орындады. Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаева да әсем ән шырқап, жиылған жұрттың қошеметіне бөленді.
05 мамыр 2023 ж. 261 0