Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қан майданда от кешкен

Қан майданда от кешкен




Шиелі ауданының Ортақшыл ауылында Кеңес одағының тұсында Таулы Қара­бақ қақтығысында ерлікпен қаза тапқан Талғат Жүнісбековті еске алуға арналған «Ұрпақтар ұмыт­пайтын Ұлы Жеңіс» атты шара өтті.

Оған Ортақшыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбіласан Жүсіп, №150 орта мектебінің директоры Нұрлан Батырбеков, Семей-ядролық полигонының ардагері Саламат Оспанов, Тәжік-Ауған соғысының ардагері Асанхан Молдахметов, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Тағзым алаңында Ұлы Отан Соғысында және Таулы Қарабақтағы қақтығыста ерлікпен қаза тапқан азаматтарға арнап гүл шоқтары қойылып, 1 минут үнсіздікпен еске алды. Содан соң соғыс майданында қаза тапқан боздақтарға арнап Құран бағышталды.

Ортақшыл ауылдық округінің әкімі Жақсылық Ноғайбаев сөз алып, Таулы Қарабақтағы қақтығысқа қатысқан ардагерлерге алғысын білдіріп:

«Адамзат аңсап күткен күн, жеңістің туын тіккен күн, 4 жылға созылған азаматтық күрестің айбынды күні – Ұлы Жеңіс күні құтты болсын. Иә, биыл  жеңісімізге 78 жыл толмақ. Сонда да болса біздің бостандығымыз бен бақытымыз үшін, ел үшін, жер үшін кеудесін оққа тосқан ардагерлеріміздің бұл жеңісі ұрпақ жадында мәңгі сақтала бермек. Осы ретте жыл сайын айтулы шаралар өз жалғасын табатын болады», – деді. 

Сондай-ақ, Таулы Қарабақ майданындағы ұрысқа қатысқан ардагер-лерді мерекелік медальдармен марапаттап, ауыл әкімінің алғыс хатын табыстап, дәстүрге сай сый-құрмет көрсетілді.

1988 жылы Таулы Қарабақ автономды аймағы Әзірбайжан КСР-нің құрамынан шығып, Армян КСР-ның құрамына кіру жөнінде өтініш жасады. Әуелден бөлінуге басты себеп – Әзірбайжанға бағынатын аймақта 75 проценттен астам армяндар тұратынында болды. Бұған тіл мен дін мәселесі тағы қосылды. Уақыт өте бұл мәселелер ушығып ұлтаралық араздыққа алып келді. Бұрыннан тамыр жайған Таулы Қарабақ мәселесін шеше алмаған Кеңес Одағы сол уақытта ыдырап, Таулы Қарабақ аймағындағы халықтың төрттен бір бөлігін құраған әзірбайжандар қудаланды. 30 жылға жуық екі ел арасындағы қарулы қақтығыста мыңдаған адам қаза тапты. 

«Осындай игі шараға мұрындық болған аудан әкіміне және Ортақшыл ауылдық округінің әкіміне ардагерлер атынан алғысымызды білдіреміз. Ұйымдастырылған іс-шаралардың жоғары деңгейде атап өтілгеніне дән ризамыз. Мемлекет тарапынан Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан ардагерлерге түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен бірге бұл шара жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырады», – дейді Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ұрыс қимылдарының ардагері Асылбек Ахметияұлы.

Жас өнерпаз Мұрат Төленбайұлы ардагерлерге арнап, жаңадан жарық көрген «Таулы Қарабақ» әнін жанды дауыста орындап, елдің алғысына бөленді. Сондай-ақ шара соңы өнерпаздардың ән мен биіне ұласты.
06 мамыр 2023 ж. 279 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930