Қамқорлық қасиеті – ізгі істердің бастауы
Адамзат баласының қысқа ғұмырында көп алдында абыройға бөленуі жақсы амалдары арқылы айшықталады.Әрбір адам өз ғұмырында саналы қалпын игілікті істерге арнай білгенде ғана айналасындағы көпшіліктің ілтипатына бөленіп қана қоймай, Алла ұсынған ұлағатты жолдың да көш басынан табылары анық.
Сондай қасиеттерді өз бойларына сіңіре білген Бидайкөл ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Күзербай Іргебайұлы ағамыз бен Жұмакүл Құрмашайқызы апай десек болады. Бұл күндері зейнет жасындағы ағамыз бен апамыз Алланың берген бес ұлы мен екі қызын тәрбиелеп, 14 немере сүйіп, өсіп-өнген Іргебай ата әулетінің шаттыққа толы үлкен шаңырағы атануының өзі де, өнегелі өмір көшін түзеп келе жатқандығын аңғартады.
Сондай қасиеттерді өз бойларына сіңіре білген Бидайкөл ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Күзербай Іргебайұлы ағамыз бен Жұмакүл Құрмашайқызы апай десек болады. Бұл күндері зейнет жасындағы ағамыз бен апамыз Алланың берген бес ұлы мен екі қызын тәрбиелеп, 14 немере сүйіп, өсіп-өнген Іргебай ата әулетінің шаттыққа толы үлкен шаңырағы атануының өзі де, өнегелі өмір көшін түзеп келе жатқандығын аңғартады.
Күзербай ағамыз ержеткен шағынан механизатор мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы саласында жұмыс атқарып, ауыр техникаларды тізгіндеп, еселі еңбегімен үлгілі үдеден шыға білген азамат. Қазіргі таңда жұбайымен екеуі зейнет жасында болса да, ағайын арасындағы барыс-келіс бағытын биік ұстап, отбасына ғана емес, қоңсылас ағайынға да бауырмалдығымен танылып келе жатқандығы көпке аян.
«Жасым болса біразға келді, денсаулығым да мәз емес» демей, үнемі үлгілі ісімен көптің көңілінен табылуды мұрат тұтқан ағамыз Бидайкөл ауылында өзі тұратын Ә.Молдағұлова көшесінің басынан өз күшімен батыр Әлияның ескерткішін орнатуы және сол ескерткіш айналасына ағаш отырғызып жүргенінің өзі де еліне жанашыр ер екендігін көрсетеді. Бұл игілікті іске дейін де Күзербай ағамыз 22 бекеттің шлюзінен 11 шақырым аяқсу жүретін каналды қаздырып, су келмеген көшелерге аяқ суды келтіріп көпшіліктің алғысына бөленсе, «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген қағида аясында ауыл маңындағы жер көлемі 12 гектарды құрайтын қорымды ағайын мен балаларын ұйымдастырып, қоралауының өзі нағыз азаматтық деп білеміз.
Қашанда қарапайым қалыптан айнымаған ағамыз Бидайкөл ауылы қауымдастығының мүшесі бола жүріп, ел арасында ағайынға қажетті жұмыстардың барлығының басы-қасынан табыла білсе, ағамызға қолдау көрсетіп, отбасының берекесі мен бірлігін арттыруда Жұмакүл апайдың да ерен еңбегін айтпай кетуге болмайды.
«Адам бойындағы ынта мен жігер жақсы істерге қарай бейімделсе, сол адам өмірден өз қажетін табады» деп шығыстың бір ойшылы айтқандай, елге қажетті тірліктен кейін қалмаған ағамыз бен апамыз баяндалып отырған барша жұмыстардың жүзеге асырылуына күш салумен қатар, бірнеше жылдардан бері құс асыраумен әуестеніп келеді.
Өткен жылдың қараша айында ауылдың қамыс орып жүрген жігіттері аяғы мұзға қатып, қанаты жарақаттанған аққуды ойлана келіп, көптен бері құс өсірумен айналысып келе жатқан Күзербай ағамызға әкеліп береді. Ағамыз бен апамыз жаралы аққуды жалықпай 4 ай бағып, жарасын жазып, осы көктем айында «Иіркөл» кенішінің директоры Мұқанбетжан Бекмырзаұлының қолдауымен, «Иіркөл» кенішінің және Шиелі орман, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің мамандарымен бірлесіп кеніштің жанындағы көлге жіберді. Жарасы жазылған, қанаты қатайған аққу көл үстінде емін-еркін ұшып, көлге тағы да аққулар келіп, көл сәні мен жер сәнін келтіруде.
Аққудың бабын тауып, жарақатын жазып, ерінбей-жалықпай әу бастағы қалпына келтірудегі Күзербай ағамыз бен Жұмакүл апамыздың игілікті ісіне іштей алғысымыздың шексіз екендігін білдіре келіп, ізгі істердің бастау даңғылын биіктете беріңіздер демекпіз.
Көлдің сәні бола білген аққулар қатары көбейіп киелі мекен – Шиеліміздің әсемдігі мен сұлулығын арттыра берсін.
К.Мырзабаев,
«Иіркөл» кенішінің өндірістік қауіпсіздік
қызметінің басшысы
«Иіркөл» кенішінің өндірістік қауіпсіздік
қызметінің басшысы