Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала бақытының ордасы

Бала бақытының ордасы


Адамзат баласының адам болып қалыптасу жолында, балалық шағында көргені мен көңілге түйгені, оның, яғни сол жан иесінің жарқын болашағына жол ашатыны белгілі. Өйткені, сәби шақтан сәл өскен балғынның алған тәлім-тәрбиесі оның келер өміріне әсер етіп қана қоймай, көргені мен көңіліне тоқығаны арқылы адам болып қалыптасуына да өнегелі бағыт болып табылады.
Дана халқымыздың «Тәрбие – тал бесіктен басталады» дегеніндей, балаға жастай берілген тәлім-тәрбие оның өмір кеңістігіндегі өз орнын адаспай табуына ықпал етеді.
Осындай ізгі істердің ұйытқысы болып, ілгерілеуіне үлгілі үлес қосып келе жатқан Бәйгеқұм ауылындағы «Әсем» бөбекжай-бақшасының қызметкерлері – ұлағатты істерімен балалардың шаттыққа толы риза көңілдеріне, ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп келе жатқан ұжым.
1989 жылдың 11 қарашасында ашылған бұл бөбекжай бақша отыз жыл белесінде Бәйгеқұм ауылында дүние есігін ашқан әрбір сәбидің балғын кезінен мектеп жасына дейінгі аралықтағы тәрбиесіне бейжай қарамаған. Тағылымды тәрбие аясында әрбір баланың дені сау, көңілі шат болып қалыптасуына әр жылдар аясындағы ұлағатты ұжым мүшелері ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.
2017-2018 жылдары аралығында күрделі жөндеуден өткен бөбекжай-бақшаның ішкі, сыртқы жағдайы өте жақсы, балаларға қажетті барлық жабдықтары бар. Оған қабылданған әрбір бала үшін сыртқы ойнау алаңы да заман талабына сай үлгіде жабдықталған.
Қазіргі таңда бөбекжай-бақшада 20 тәрбиеші, 19 кіші техникалық қызметкерлер балаларға таңертеңнен кеш қарайғанша тағылымды дүниелер үйретіп, нәтижелі жұмыс істейтініне ауыл халқы куә. Бөбекжай-бақшада тәрбиеленіп жатқан 100 бала «Балбөбек», «Нұршуақ», «Ботақан», «Күн нұры», «Балдырған», «Балдәурен» атты алты топқа жастарының реттілігіне қарай бөлінген.
Қай ұжымның болмасын ынтымақтаса тірлік атқарып, еңбек жолындағы асуларды бағындыруына, ұжым мүшелерінің бірлесе іс атқаруына білікті де білімді басшының қосар үлесі зор. Бұл орайда «Әсем» бөбекжай-бақшасы ұжымының меңгерушісі Сәлима ­Рахымшаева апайдың еңбегі ерекше екендігін мақтанышпен айта аламыз.
Сәлима апайдың ұжымды басқарудағы өзіндік өнегелі іс-әрекеті, тәжірибелі тағылымы, бала тәрбиесіне жасалған әрбір оң жұмысы мен ұжым мүшелерінің ұстазға тән ізгі қасиеттерімен, жұмысқа деген ынтасын арттыру бейнеті көзге көрінбейтін бала тәрбиесіне қажетті жұмыстардың нәтижелі болуына жол ашуда.
Жарқын өмірдің жасампаз істерін дамытуда С.Рахымшаева мен оның ұжымына «Бала бақытының ордасы» болып саналатын бөбекжай-бақша жұмысында абырой биігінен көрініңіздер деген тілек білдіреміз.

Нұргүл Келдібекқызы,
«Әсем» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі

05 желтоқсан 2019 ж. 620 0