Ғұмыры ғасыр, еңбегі асыл
«Қан мен тер» трилогиясын сан мәрте өңдеп, оқып, маңдай тер, көз майын тауысқан қазақ руханиятының қайталанбас тұлғасы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жаста. Ғасырға жуық ғұмырында отты дүниелерді дүниеге әкелген ағамыз «Қазақстанның Еңбек Ері» атануының өзі үлкен оқиға.
Шығармалары әлемнің 35 тіліне аударылған әлем әдебиетінің алыбы өмір бойы өз жазғандарына сын көзімен қарап, қайта-қайта өңдеп жетілдіруден тынбайтын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қаламгерлік ерекшелігі жөнінде белгілі қаламгер Ақселеу Сейдімбек былай деген екен: «...Әбдіжәмілдің өмір бойы жазғаны біртұтас, бір ғана эпопея десе лайық. Ол эпопеяны «XX ғасыр және қазақ әлемі» деп атауға да болар еді. Ғасыр басындағы сергелдең («Қан мен тер»), ғасыр ортасындағы сұрапыл («Курляндия»), ғасыр соңындағы сүргін («Соңғы парыз») біртұтас сабақтастығымен көркем полотно құрайды». Анық сөз, әділ баға осы болса керек.
Тұтас бір ғасырда қазақ көркем сөзін өрге сүйреуден танбай, сол жолда талай-талай биік жетістіктерге жеткен Әбдіжәміл Нұрпейісов – бүгінгі әдебиетіміздің көшбасшысы. Оның қаламынан туған құнды шығармалар мәңгілікті бетке алған қазақ руханиятының көгінде жұлдыз болып жана берері хақ. Аралдан шығып алты Алашқа абыз атанған арда қаламгерге лайықты құрметтің көрсетілуі Сыр жұртшылығы үшін үлкен мақтаныш.
«Өскен өңір» ақпарат