Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СӘТТІ ИДЕЯ – ТАБЫСТЫ КӘСІП

СӘТТІ ИДЕЯ – ТАБЫСТЫ КӘСІП

Бүгінде ауданда өз кәсібін дөңгелетіп, оны табыс көзіне айналдырған, халыққа қызмет көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөленіп үлгерген жандар жетерлік. Солардың бірі – Гүлнара Асан. Сүйікті ісін тапқан кейіпкеріміз қазіргі уақытта «Мұстафа» сұлулық салонын ашып, қыз-келіншектер қауымының әдемілігі үшін қызмет етіп жүр. Оның бұл саламен айналысып жүргеніне 10 жыл уақыт болыпты.
– Негізгі мамандығым – педагог-психолог. Бірақ бұған дейін мамандығым бойынша жұмыс істемедім. Оқуымды тәмамдағаннан кейін, 2013 жылдан бастап сән салонында қызмет етіп келемін. Осы салаға деген қызығушылығым айналысып отырған кәсібімді бастауға себеп болды, – дейді ол.
Алғашында сұлулықтың қыр-сырын үйрену мақсатында Түркістан қаласында өткен 2 айлық курсқа қатысқан Гүлнара қызығушылығын әуелі аруларға әдемі шаш үлгісін жасаудан тапқанын айтады. Одан кейін бет әрлеу, кірпік жабыстыру істерін қатар алып жүруді қолға алған. Гүлнара Владимирқызы бұл салаға келерде айтарлықтай қиындықтың болмағанын да атап өтті.
– Адам өзіне ұнайтын істі серік етсе, алдына үлкен мақсаттар қойса, ешқандай кедергі де болмайды, – дейді әдемілікке жаны құмар жас кәсіпкер.
Қазіргі таңда «Мұстафа» салонының қызметіне жүгінетін қыз-келіншектер көп. Салон иесі бүгінде тұрақты түрде келіп тұратын тұтынушылардың дамол екенін айтады.
– Қазір біздің қызметті тұрақты тұтынатын жандар көп деп айта аламын. Себебі салон арулардың барлық қажеттілігін өтей алады. Шаш үлгісі, бет әрлеу, кірпік жабыстыру, тырнақ бояу сияқты сұраныстың барлық түріне қызмет көрсетіледі. Ұжымда 5 адам болып жұмыс істейміз. Барлығы өз істерінің майталмандары, – дейді ол.
Гүлнара Владимирқызы кәсібін бастарда ешқандай мемлекет тарапынан бөлінетін грант немесе бағдарламаның көмегін пайдаланбаған.Сыртқы көмексіз кәсібін алға қарай дамытуға серпін берген оның сұлулыққа деген әуестігі екен. Өзі бүгінде қызметтің барлық түрін меңгерген әмбебап маманға айналған. Сүйікті саласында қол жеткізген жетістіктері аз емес. Қызылорда қаласына марапаттар иеленуге де барып тұратынын айтады.
– Мен ең бастысы, бұл істің қолымнан келетініне сенімді болдым. Кәсіппен айналысуды бастап жатқан жас мамандарға да қолдан келсе, қорқынышты ысырып, алға қарай қадам жасай беру керек деген кеңес беремін. Болашақта салонды барлық жағдайы жасалған, қолжетімді бағадағы үлкен орынға айналдырып, кәсібімді кеңейтуді қалаймын. Ол үшін қазірден бастап аруларға сұлулық бағытында қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысамын, – дейді кәсіпкер.
Ал біз Шиелінің шырайлы аруларына өз қызметін ұсынып отырған жас кәсіпкердің ісіне табыс тілейміз.

Таслима ӘЛІШЕР,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің
4-курс студенті

16 ақпан 2023 ж. 314 0