Еңбегіне қарай өнбегі
Әр адамның қабілет-қарымы әртүрлі болады. Соған сай өз мамандығын таңдап, сол бағытта жұмыс істейтіні белгілі. Бұрын шаштараз кәсібін ешкім табыс көзі ретінде қарастырмаса, бүгінгі таңда аталған кәсіп иелері орасан қаржыға кенелуде. Тіпті жеке бизнесін ашып, ісін өрге домалатып отыр. Өйткені, жыл өткен сайын сұлулық салонын жағалайтындардың қатары қалыңдап барады. Бүгінгі біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де ауданда өзінің жеке сұлулық салонын ашыпты. Ол Шиелі ауданы, Бестам ауылының тұрғыны, небәрі 23 жастағы жас кәсіпкер – Гүлзабида Балтабайқызы.
Кейіпкеріміздің жастайынан сән әлеміне көңілі ауыпты. Айтуынша, кішкентайынан жиын-тойларда өз анасын, әпке-сіңілілерін сәндеп, әдемілеп жүреді екен. Болашақта жеке сұлулық салонын ашамын деген ойы да болмаған. Айта кетейік, әдемілікке жаны құмар Гүлзабиданың негізгі мамандығы – бала тәрбиешісі. Бірақ кейіпкеріміз бітірген мамандығы бойынша мүлдем жұмыс істемегенін айтады.
– Мектеп жасында жүрген әрбір бала ата-анасының бақылауында болады. Мен де отбасымның қалауымен Қызылорда қаласында бала тәрбиешісі мамандығын оқып бітірдім. Қанша дегенмен әдемілікке біртабан жақын болғандықтан, сұлулық салонының жанынан өткенде қатты қызығатынмын. Бірде маған неге кәсіби білім алмасқа деген ой келді. Содан соң мақсатқа жету үшін тәуекелге бел байлап, уақытты босқа өткізбей, арнайы қосымша білім алдым. Осылайша бітірген мамандығымнан алыстап кеттім, – дейді Г.Балтабайқызы.
Ол алғашында Қызылорда, кейін Алматы қаласында бет әрлеуші, кірпік жалғаушы, шаш үлгісін жасау бойынша арнайы шеберлерден кәсіби білім алып, өз білімін жетілдірген.
– Шаш пен қасты қиып, қабақ, кірпік жалғап, тырнақ бояп, бетті әрлеу бір көрген адамға оңай болып көрінуі мүмкін. Дегенмен білек сыбана кіріскен әрбір істің өз қиыншылығы бар. Мен де тәжірибе жинақтау мақсатында 3 жыл көлемінде жұмыс істеп, өз кәсібімнің қыры мен сырына қанық болдым. Содан жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған бағдарлама негізінде керекті құжаттарын дайындап, Үкіметтен 505000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Қазіргі таңда 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Келушілер қызметімізге ризашылық білдірсе, біз жеткен жетістік те сол деп білемін, – дейді жас кәсіпкер.
Айта кету керек, ашылғанына небәрі үш ай болған сән салонының тұрақты тұтынушылары да қалыптасып үлгерген. Өйткені, ондағы қызметкерлер тұтынушы талғамынан шығуға бар күш-жігерін салады. Соған сай заманауи құрылғылары да тапсырыспен алыныпты. Кейіпкеріміз әңгіме барысында болашақта өзінен кейінгі жас буынды осы кәсіпке баулып, үйреткісі келетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар кәсібін одан әрі кеңейтуді де жоспарлап отыр. Демек еңбегіне қарай өнбегі. Өзі жас болса да, әр ісіне мұқият, ыждағаттылықпен қарап, келешегінен мол үміт күтетін жас кәсіпкердің ісіне біз де сәттілік тілейміз.
Фариза КЕНЖЕШОВА