Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарманған қарап қалмайды

Қарманған қарап қалмайды





Жалпы адамзат баласы дүние есігін ашқаннан бас­тап, қажырлы еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда кәсіптің сан түрлі саласына көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан оны дамытуға қолдау көрсетілуде. осы орайда Шиелі ауданы ерекше кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерден кенде емес. Соның ішінде тәуекелге бел байлап, уақытты босқа өткізбеуге тырысқан жастардың легі жасаған еңбектің еш кетпейтінін түсінеді. Солардың бірі – жасы небәрі 23-тегі Азиз Әбек. Ол бүгінде бетон өнімдерін шығаратын цех ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер.

– Мен әрбір қолдан жасалатын дүниенің жайшылықта тумайтынын білемін. Оның өзіндік қиындығы бар екендігіне жастайымнан қанықпын. Өйткені, әкем мен ағама бала кезімнен көмектесетінмін. Бетонмен жұмыс істеу өте қиын. Ол асқан шыдамдылықты қажет етеді. Бүгінде цехта бетон өнімдерін, оның ішінде еурозавор, алуан түрлі мүсіндер т.б. тұрмысқа қажетті бұйымдар шығарамын, – дейді кәсіпкер.
А.Әлібекұлы 2017 жылы «Қызылорда» инвестициялық орталығы арқылы 2 млн теңге несие алған. Бүгінде жас кәсіпкердің аталған бетон цехында жұмыс қызу жүріп жатыр. Айтуынша, бетоннан жасалған сыртқы қабырғаларға Шиелі ауданынан бөлек көршілес жаңақорғандықтар көптеп тапсырыс береді екен.
– Мен ашып отырған бетон цехында 2 азаматты күнделікті жұмыспен қамтып, уақытылы ақшасын беріп отырмын. Құрылысқа қажет материалдар ауданнан табылмағандықтан, Жаңақорған ауданынан және Шымкент, Алматы, Ақтөбе сынды қалалардан алып келемін, – дейді жас шебер.
Жас кәсіпкер бұған дейін мүсіндер, брусчетка сияқты тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттарды жасап жүрген. Кейін еурозавормен толықтырып, ауқымды кәсіп түріне айналдырған. Қолынан шыққан дүниелері көпшіліктің көңілінен шығып, бүгінде тұрғындардың алғысын алып жүр. Ол әңгіме барысында болашақта жастарды осы іске баулығысы келетінін де жасырмады. Кейіпкеріміздің сауда саласына білек сыбана кірісіп, кәсібін дамытқысы келген ниетін көріп, қуанып қайттық.


Фариза
КЕНЖЕШОВА
13 тамыз 2019 ж. 1 226 0