ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІП
Кәсіпкерлер саны көп. Десе де отбасылық кәсіпті игеріп кеткендер аз. Бүгінде "кәсіп аштым" деген сөзді жиі естиміз. Алайда "отбасылық кәсіпті дөңгелетіп келеміз" дегенді естімедік. Міне, Датқабековтер отбасы өзге жас отбасыларға үлгі боларлықтай. Бала күтіміне байланысты үйде отырған Айнұр бір іспен шұғылдану керегін отағасына айтады. Екеуі ақылдаса келе бір тоқтамға келеді. Сөйтіп істі бастап-ақ кетеді.
Кішігірім ауылда шаштараз жоқ. Қалаға барып келу көп уақыт алады. Мұның бәрі Айнұрға етене таныс. Осылайша "неге шаштараз ашпасқа" деген ой келеді. Жұмыс барысын бағамдау үшін алдымен үйде істеп көреді. Осылайша қыз-келіншектерді үйде қабылдап, шашын әрлеп тойға жібереді. Ісі ойдағыдай шыққан соң "Бастау" жобасына қатысып, бағын сынайды. Бір айлық курсты бітірген жас кәсіпкер облыстық комиссия алдында жобасын сәтті қорғайды. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 3 млн. теңге несиеге алады. Ол қаржыға Айнұр сұлулық салонын ашса, Амангелді автокөлік жөндейтін техникалық қызмет көрсету орталығына қажетті құрал-жабдық алды.
Отағасы Амангелді Датқабековтың айтуынша, Досан ауылында автокөлік жөндейтін орталық жоқ. "Мамандығым бойынша кәсіп ашуды көздедім. Осылайша отбасыммен ақылдасып, автокөлік жөндейтін орталық аштым", – дейді ол.
Жұмыстың сәтті іске асуына «Бастау» жобасы септігін тигізді.
– Жобаға отбасы атынан Айнұр қатысты. Ол 1 ай көлемінде кәсіпті жүргізудің алғышартымен танысып, біліктілігін жетілдірді. Бизнес-тренерімен бірге жоспарын әзірлеп, болашақ кәсібінің моделін қалыптастырды. Жалпы, бұл отбасылық кәсіп болып саналғандықтан олардың бизнес-жоспары өзгелердікіне қарағанда ерекше. Бір жоспарда екі идея бар, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Олжас Аяғанов.
Бүгінде жас кәсіпкерге қолдау көп. Бірі жеке кәсіп көзін таңдаса, енді бірі мемлекеттен қолдау тауып ісін дөнгелетуде. Бұл жұмыссыздар санын азайтпаса көбейтпейтіні мәлім.
– Қала аумағында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан әртүрлі қолдау жасалуда. Досан мен Абай ауылдарында техникалық жөндеу орталығы мен шаштараз бізде ғана бар. Сондықтан жұмысымыз сәтті жүруде. Келушілер саны күннен күнге артуда, – деді кәсіпкер Айнұр.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА